Әлеумет

Желтоқсаншылар елге алғысын білдірді

Тараз қаласындағы «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігі аймақтың ардақты ақсақалдары мен зиялы қауым, өзге ұлт өкілдерінің басын қосып, дөңгөлек үстел өткізді. Жиынды аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Талғат Кеншінбеков ашып жүргізіп отырды.

Жиында сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев алғыс айту күнінің мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Алғыс деген – қазақ халқы үшін ерекше қастерлі. «Қарғыс алма, алғыс ал» деп жатамыз. Сондықтан, бұл мерекенің мәні бөлек. «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің бастамасы құптарлық. Жұрттың бір-біріне жақсы сөз арнап, құрмет көрсетуі жақсы үрдіс. Сондықтан, бұл мерекенің мәні бөлек, – деді ол.

Сонымен қатар, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт өз ойларын ортаға салып, ізгілікке толы күннің маңыздылығына назар аударды. Жиын барысында дүнген, өзбек, орыс, татар ұлтының өкілдері де сөз сөйлеп, кезінде ата-бабаларына көрсеткен жомарттығы мен адалдығы үшін қазақ халқына өз алғыстарын білдірді. Белгілі әнші-композитор, Мәдениет саласының үздігі Әуезхан Салабеков бірнеше әндерін көпшілік назарына ұсынды. Тағылым мол, патриоттық әндер көпшіліктің көңілінен шықты.

Жиынды Талғат Кеншінбеков қорытындылап, барша қонақтарға өзінің шынайы рақметі мен алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

журналист