Спорт және туризм

Скандинавия жүрісі – салауатты өмірдің өзегі

Дөңгеленген дүниеде адам денсаулығына орасан пайдалы спорттың сан түрі бар. Солардың бірі – скандинавия жүрісі. Бұл дегеніміз арнайы таяқтарды пайдаланып, дененің 90 пайызына жүктеме түсіретін, барлық жастағы жандарға пайдасы бар белсенді қозғалыс.

Оң аяқ пен сол қолды, сол аяқ пен оң қолды алмастыра қозғалту арқылы жүрек-қан тамырларын қатайтып, буын ауруларының алдын алады. Әрі кәдуілгі жаяу жүруге қарағанда 40-50 пайыз көп қуат жұмсап, омыртқаға түсетін күшті төмендетеді. Бұл спорт жүрекқан тамырлары жүйесін, буындарды, арқаны нығайтқысы келетін барлық адамдарға, оның ішінде қарттарға арналған деуге болады. Зейнетақысын дәріханадан дәрі алуға жаратқаннан гөрі немерелеріне жұмсауды жөн көріп, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген аға буын өкілдері арамызда жетерлік. Олар таң алакеуімнен таяқтарын ұстап скандинавия жүрісімен шұғылданады.

Шу ауданының тұрғыны, жасы 75- тен асқан Ерболат Досымбаевты аймақ жұртшылығы жақсы таниды. Спортты әрдайым серік ететін қария 7 жылдан бері скандинавия жүру әдісімен айналысып келеді. Қазіргі таңда қарияның жетекшілігімен 40- қа жуық Төле би ауылының тұрғыны таңғы таза ауамен тыныстап, таяқтарын ұстап, 2 сағатқа жуық скандинавия жүрісімен серуендейді. Әрі өтті ағызуға жәрдем беретін жаттығу мен мидың тамырларына әсер ететін әдістерді жасайды.

Тағы бір қарт Субахан Байгисиевтің де таңғы жүрісіне 5-6 жылдың жүзі болған. Зейнетке шыққаннан кейін осы топқа қосылған қария қан қысымы реттеліп, буын аурулары қайтқанын айтып отыр. Ол кісі көшбасшылары Ерболат ақсақалдың жалынды сөздерінен жігер алатынын жеткізді. Оның ішінде топ жетекшісі «таңғы жүріске уақытыңды қимасаң, зейнетақыңды дәріханаға жұмсауға қамдан» деген сөзі көпшілікке ой салған сыңайлы. Сөз соңында С.Байгисиев «Шу өзеніне бастайтын аллеяны жарықпен қамдап қойса жақсы болар еді» деген тілегін айтты. Скандинавиялық жүріс соңында спортшылар таяқтарын баяғының қарттарындай белдеріне ұстап, артқа қарай жүретінін көрдік.

Бұл белгілі медицина ғылымдарының докторы Владимир Бехтеревтің мидың тамырларына қан жүгірту арқылы алжудың алдын алатын әдісі екен. Сосын таяғына сүйеніп, 90 градусқа еңкейіп тұру өт жұмысын жақсартуға таптырмас тәсіл екенін түсіндік. Таңғы серуенмен шұғылданып жүрген кісілерден бөлек үйлері саябақтан алыс зейнеткерлер де денсаулықтарына күтім жасайтынын естідік. Олар да 10 мың қадам жаяу жүріп, тәнге ширақтық беретін жаттығу жасайды.

Қорыта айтқанда, қозғалыс – өмір қуаты. Сондықтан оқырмандарды саябақтың сафауасын жұтып, скандинавиялық жүріспен шұғылдануға шақырамыз.

 

Байжан ЕМБЕРДІ

журналист.

Шу ауданы