Бруцеллез – қауіпті зооноздық ауру: алдын алу мен бақылау
Бруцеллез – жануарлар мен адамға ортақ, созылмалы түрде өтетін жұқпалы ауру. Бұл ауру көбіне ауыл шаруашылығы жануарларында кездеседі және адамдарға да жұғу қаупі жоғары. Бруцеллез көбінесе буаз малдардың іш тастауы, шуының түспей қалуы, орхит, әлсіз немесе тіршілікке қабілетсіз төлдің тууы және бедеулік белгілерімен байқалады.
Ал адамдар бруцеллезді көбінесе ауру малды күтіп-баптау кезінде, малды сою немесе ұшасын өңдеу барысында жұқтырады. Инфекция зақымдалған тері арқылы, сондай-ақ ауыз, мұрын және көздің шырышты қабықтары мен ағзаға енеді. Адамдарда бұл ауру буындардың зақымдануына әкеліп, еңбекке қабілеттілікті төмендетіп, ауыр жағдайларда мүгедектікке немесе өлімге соқтыруы мүмкін.
Бруцеллездің алдын алу шаралары Аурудың алдын алу үшін келесі сақтық шараларын ұстану қажет:
• тек қайнатылған немесе пастерленген сүтті пайдалану, қайнатылмаған сүттен дайындалған өнімдерді тұтынбау;
• малды күтіп-баптау кезінде, әсіресе денеде жара немесе тілінген жер болса, жеке қорғаныс шараларын сақтау;
• малдың денсаулық жағдайын тұрақты бақылап, ветеринариялық мамандардың кеңесіне жүгіну. Бруцеллез ауруын жануарларда тек қан сынамасын серологиялық зерттеу арқылы анықтауға болады.
Саламатты пункттерде және эпизоотологиялық бірліктерде қосымша зертханалық зерттеулер «Ветеринариялық (ветеринариялықсанитариялық) қағидаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы №7- 1/587 бұйрығына сәйкес бекітілген бруцеллезге қарсы ветеринариялықпрофилактикалық іс-шаралар жоспары негізінде жүргізіледі.
Малдарды тексеру тәртібі 12 айдан асқан барлық ірі қара мал жылына екі рет – көктем және күз мезгілдерінде тексеріледі. Сонымен қатар аналық мал төлдегеннен кейін 14–21 күн өткен соң тексеріледі. Ал союға жіберілетін 24 айдан асқан тұқымдық бұқалар бруцеллезге союдан 15–20 күн бұрын тексерілуі тиіс.
Ұсақ мал (қой мен ешкі) да жылына екі рет – көктем және күз мезгілдерінде зерттеледі. Аналық мал төлдегеннен кейін 1–2 ай аралығында тексеруден өтеді.
Жүргізілген диагностикалық зерттеулер
Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық диагностикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 2024 жылы 761500 ірі қара малдан қан алынып, оның 88-і бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен. Ал 2025 жылы 708536 ірі қара тексеріліп, 83-нен ауру анықталып, өткен жылмен салыстырғанда 5-ке азайған.
Ұсақ мал бойынша 2024 жылы 5159584 тексеріліп, 264-нен ауру анықталса, 2025 жылы 4890482 мал зерттеліп, 220-сы оң нәтиже көрсетті. Осылайша ауру көрсеткіші 44-ке төмендеген.
Оң нәтиже анықталған жағдайда
Диагностикалық зерттеулердің оң нәтижелері анықталған жағдайда мемлекеттік ветеринариялықсанитариялық инспектор:
• 3 жұмыс күні ішінде мал иесін зерттеу нәтижелерімен таныстырады;
• сараптама актісі негізінде ауру малды басқа малдан оқшаулау туралы нұсқама береді;
• жануарларға санитариялық тазалау және санитариялық сою жүргізу жөнінде түсіндіреді;
• 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей ауру жануарларды ет комбинаты немесе сою пункттеріне санитариялық союға жіберуді қамтамасыз етеді. Оқшауланған ауру жануарларға жергілікті ветеринариялық дәрігер ыстық немесе суық таңбалау әдісімен жақ немесе сауыр тұсына «Б» әрпін басу арқылы белгі қояды.
Санитариялық сою және өтемақы төлеу Бруцеллез – залалсыздандыру арқылы жойылатын аурулар қатарына жатады. Сондықтан бруцеллезге оң нәтиже берген ірі қара, шошқа, түйе және жылқы санитариялық союға жіберіледі. Егер ұша мен ағзаларында патологиялық өзгерістер анықталмаса, ет 12 сағат ұсталғаннан кейін шектеусіз сатылымға шығарылады. Ал патологиялық өзгерістер анықталған жағдайда шұжық немесе консерві өнімдерін өндіруге жіберіледі.
Бруцеллезге оң нәтиже берген қой мен ешкінің еті де белгіленген қағидаларға сәйкес термиялық өңдеуден өтетін өнімдер – пісірілген шұжық немесе консерві өндірісіне қайта өңделеді. Ауру жануарларды санитариялық сою мемлекеттік ветеринариялықсанитариялық инспектордың міндетті қатысуымен жүргізіледі және шикізатты өңдеуге тапсыру туралы арнайы акт толтырылады. Сойылған мал үшін өтемақы төленеді:
• өңдеу кәсіпорны ұшаның семіздігіне қарай нарықтық орташа айлық құнының 70 пайызына дейін төлейді;
• қалған 30 пайызы жергілікті бюджет есебінен арнайы комиссия бекіткен тірі мал бағасына сәйкес мал иесінің шотына аударылады. Бруцеллездің алдын алу – мал иелері мен ветеринариялық қызметтің бірлескен жұмысына байланысты. Сондықт ан ма лды уақытылы тексеруден өткізу, ветеринариялық талаптарды сақтау және қауіпсіздік шараларын орындау – аурудың таралуына жол бермеудің негізгі кепілі.
Құралай ҮЙСІНБАЕВА
облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы Эпизоотияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы.