Денсаулық

Әрбір бесінші бала алыстан көрмейді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы облыстық офтальмологиялық орталыққа баспасөз турын ұйымдастырды. Деректерге сүйенсек, қазір балалар арасында көз аурулары, әсіресе миопия, яғни алыстан көрмеушілік саны артып отыр. Еліміздегі әрбір бесінші бала алыстан көрмейді екен, бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп отыр дейді мамандар. Бұрын көз ауруларына қарттар шалдығатын болса, қазір балалар мен жасөспірімдерде де көптеп кездеседі. Жарық дүниені көру үшін көзді сақтау маңызды.

Өткен жылдан бастап облыстық офтальмологиялық орталықтың қызметіне витреоретиналдық хирургия енгізілді, бұл – көздің ең терең құрылымдарына жасалатын аса күрделі операциялар. Бұрын өңір пациенттері үшін қолжетімсіз болған бұл қызмет енді облыс аумағынан шықпай-ақ көру қабілетін сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Орталықта Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен торлы қабықшаның лазерлік коагуляциясы, катаракта мен глаукоманы хирургиялық жолмен емдеу қарастырылған. Торлы қабықшаның сылынуы, қант диабетінің салдарынан көздің шыны тәрізді денесіне қан құйылулар, жарақаттан болған көзбұршағының торлы қабықшаға люксациясы, көздің барлық қабықшаларының қабынуы, макулярлық жыртылу диагнозы бар пациенттер үшін жаңа мүмкіндік ашылды. 2025 жылдың наурыз айынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 100- ден астам витреоретиналдық операция сәтті жасалғанын да айта кету керек.

Орталықтағы барлық қызметтермен, құрал-жабдықтармен таныстырған Жансая Әділханқызының айтуынша, қазір бұл орталық офтальмологиялық қызметтердің толық спектрін ұсынуда. Атап айтқанда, заманауи жабдықтармен дәл диагностика, жетекші мамандардың консультациялары, дәрі-дәрмекпен және физиотерапиялық ем, лазерлік операциялар, микрохирургиялық және витреоретиналдық араласулар, көз ауруларын хирургиялық емдеу, көзілдірік пен байланыс линзаларын іріктеу қызметтері көрсетіледі. Орталық МӘМС және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында, сондай-ақ ақылы негізде де қызмет көрсетеді.

Орталық қызметінің талдауы оң динамиканы көрсетіп отыр. Ол операциялар саны жыл сайын артуымен, операциядан кейінгі асқынулар деңгейі төрт есеге төмендеуімен, хирургиялық белсенділіктің 100 пайызға жетуімен байқалады. Мұны медициналық көмектің жоғары сапасы мен халық сенімінің айқын көрсеткішіне балады мамандар. Қабылдау бөлімі арқылы жыл сайын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 1500-ден астам пациент ауруханаға жатқызылады. Травматологиялық пунктте 15 мыңнан астам пациент қабылданады. Консультативтік-диагностикалық бөлімде 16 мыңнан астам адам тексеруден өтеді.

Күндізгі стационарда 2000-нан астам операция жасалады. Тәулік бойғы стационарда жыл сайын 1500-ден астам хирургиялық араласу орындалады. Ақылы бөлімде 5000-нан астам операция жүргізіледі. Орталықтың ерекше мақтанышы – шұғыл қызмет. Ол бүкіл облысты қамтып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тәулік бойы, аптасына 7 күн, 24 сағат жұмыс істейді. Травматологиялық пункт барлық көз жарақаттары мен жедел қабыну ауруларын қабылдайды, ал кезекші дәрігерлер күннің кез келген уақытында көмек көрсетуге дайын.

Орталықта ең күрделі жағдайларда көру қабілетін сақтап қалуға бағытталған шұғыл операциялар жасалады. Бүгінде мұнда 150-ден астам маман еңбек етеді. Офтальмологтар, хирургтер, мейіргерлер және техникалық қызметкерлер қатарында елімізде және шетелде тағылымдамадан өткен, заманауи әдістерді меңгерген жоғары және бірінші санатты дәрігерлер бар. Орталықты «Құрмет» орденінің иегері, көптеген медальдар мен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағының иегері, бас директор Қайрат Әбдікұлов басқарады. Оның көшбасшылығы мен стратегиялық көзқарасы орталықтың қарқынды дамуына және озық технологияларды енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Ал, бас дәрігері – Еуропалық катаракталық және рефракциялық хирургтер қоғамының мүшесі, Жамбыл облысының штаттан тыс бас офтальмологы, жоғары санатты офтальмохирург Бақыт Досжанова.

Операциялық бөлімдерде Centurion және Constellation заманауи жүйелері орнатылған. Олар әлемнің жетекші клиникалары деңгейінде микрохирургиялық операциялар жасауға мүмкіндік береді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА