«Made in KZ» көбейген сайын отандық бизнес дамиды
Облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев өңірде орналасқан бірқатар кәсіпорындарды аралап, аймақ кәсіпкерлерімен және жетекші кәсіпорындардың басшыларымен кездесті. Оның аймаққа жасаған іссапарының басты мақсаты – бизнесті жедел дамыту жолдарын талқылау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және өңірде кәсіпкерлікті қолдаудың заманауи құралдарын енгізу.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев алдымен Мемлекеттік кірістер басқармасы облыстық филиалының қызметкерлерімен кездесті. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те қатысты. Ол өз кезегінде аймақ басшысына өңірдегі ірі инвестициялық жобаларға Fufeng зауытында жүгеріні терең өңдеуге, Fujian металлургиялық өндірісіне және «ЕвроХим» минерал-тыңайтқыш кешеніне назар аударғаны үшін алғыс айтып, ауқымды бастамаларды да, шағын және орта бизнесті де жүйелі қолдаудың маңыздылығын айтты және жобаларды іске асыруды жеделдету, «бір терезе» қағидатын енгізу және бюрократиялық кедергілерді жою, сондай-ақ жедел экономикалық әсер ету, қаржылық қолдауды кеңейту және жұмыс орындарын құру үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды дамыту қажеттігін жеткізді. Ал облыс әкімі бүгінде облыста ауқымды инвестициялық бастамаларды іске асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын тілге тиек етті.
Аймақ басшысы өз сөзінде үш жыл ішінде өңірге шамамен 1,8 триллион теңге инвестиция тартылғанын, ал 2026- 2029 жылдары 20 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 5,6 триллион теңгеге 116 жоба жоспарланғанын, бұл ретте шағын және орта бизнесті қолдау басымдық болып қалатынын айтты. Іссапар аясында Қанат Шарлапаев «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистерінің көрмесін тамашалады. Қатысушылар бірегей өндірістік бастамаларды көрсетті. Дәлірек айтсақ, киізден жасалған бұйымдар, бесікке арналған ортопедиялық матрастар, саңырауқұлақ өсіру, көмір өндіру, шөп шайлары және сүт өнімдері. Қайрат Шарлапаев өңірлік кәсіпкерлікті қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Қанат Шарлапаев кәсіпкерлермен болған кездесуінде отандық бизнесті қолдаудың тиімділігін бағалау үшін талдауды күшейтуге және өңірлік KPI енгізуге бағытталған ҰКП-ның жаңа бес жылдық стратегиясын ұсынды. Ол «Даму» қорының 85 пайызға дейінгі кепілдіктерімен жылдық 13,2 пайызбен 200 миллион теңгеге дейін жеңілдікті қаржыландыруды қамтамасыз ететін «Іскер аймақ» бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту және жаңғырту үшін ішкі инвесторлар пулын қалыптастыруды қоса алғанда, орта және ірі бизнестің инвестициялық жобаларын сүйемелдеу құралдары талқыланды. Сондай-ақ жүйелік проблемаларға жедел ден қою, салық саясатын және кәсіпкерлер үшін цифрлық шешімдерді енгізу, заңнаманың жаңа нормаларының қолданылуын бақылау мәселесі көтерілді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы – Жамбыл облысындағы бизнестің негізгі одақтасы. Палата штаты – 29 адам. Директоры – Еркін Атымтай.
Фарида Жүнісова төрағалық ететін палатаның Өңірлік кеңесі әртүрлі салалар мен аудандардан келген 16 кәсіпкерді біріктіреді, ал жеті салалық кеңес ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптен бастап құрылыс, көлік, білім беру, медицина, сауда және туризмге дейін барлығын қамтиды. Палата бизнес пен билік арасындағы көпір ретінде жұмыс істейді. Шешім қабылдауға, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге және шағын және орта бизнестің өсуіне жағдай жасауға көмектеседі.
Сапар аясында Ұлттық палата Төралқасының Төрағасы Қанат Шарлапаев өзінің инновациялық тәсілімен, ауқымымен және инвестициялық әлеуетімен таңғалдыратын Жамбыл облысының жетекші кәсіпорындарына барды. Соның қатарында «RANO KOMFORT SERVICE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Серіктестік 2020 жылы Таразда құрылған тұрмыстық химия, косметика және автохимия өндірісі болып табылады. Компания жоғары сапаны қолжетімді бағамен үйлестіре отырып, неміс технологиялары бойынша 100-ден астам өнім шығарады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 300 тоннаға жетеді, ал 67 дүкен желісі бүкіл ел бойынша өнімді қолжетімді етеді.
«RANO KOMFORT SERVICE» – бұл әр бөлшектегі инновация. Жеке зертхана, заманауи формулалар, сауда орталықтарымен, аквапарктермен, мектептермен, қонақ үйлермен және сұлулық салондарымен тұрақты ынтымақтастық. Компания 1 миллионнан астам тұрақты клиенттердің сеніміне ие бола отырып, мемлекеттік сатып алулар мен ұлттық конкурстарға белсенді қатысады. Компания әйелдер мен аналар үшін жұмыс орындарын ашып, жастарды оқытады, жергілікті өндірісті қолдайды және жасыл бастамаларды жүзеге асырады. Болашақ жоспарда өнімді басқа елдерге экспорттау және вендингті масштабтау бар. Бұл өнімді одан да көп адамға қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Палата төрағасы «ӘулиеАта Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды. Кәсіпорын ірі өндіріс көлемін, қайта өңдеудің инновациялық технологияларын, экологиялық тазалықты және ауыл шаруашылығын қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына белсенді интеграцияны біріктіреді.
Бүгінгі таңда фабрика 247 адамға жұмыс орындарын ұсынады және өңірде көшбасшылық позицияны иелене отырып, Қазақстан мен ЕАЭО елдерінің нарығына өнім жеткізеді. Бұдан бөлек, облыстағы Палата төрағасы медициналық бұйымдар – экспресс-тесттер, кардио және онкомаркерлер, ISO 13485 сертификатталған хирургиялық тігіс материалдарын шығаратын «Амир и Д» компаниясының, «KATN Technology» клиенттердің талаптарына сәйкес арнайы өңделген шыңдалған әйнек жасайды және «KazGeoEnergy» ішкі және өңірлік экспорттың перспективалары бар жоғары сапалы бірінші сұрыпты әк өндірісінің толық циклын қамтамасыз ететін зауыттардың жұмысымен де танысты.
Қанат Шарлапаев іссапарының қорытындысында Жамбыл облысының жоғары инвестициялық және өндірістік әлеуеті жоғары екенін, оны жүйелі және стратегиялық тұрғыдан пайдалану қажеттігін айтты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ