Дара жолдағы аяулы жандар
«Әйел жүрген жер береке әрі мереке» демекші бизнесте де әйелдердің алар орны ерекше. Нәзікжандылардың басқан жері құлпырып шыға келеді емес пе. Экономикамызға қомақты үлес қосып жүрген әйел кәсіпкерлер біздің өңірде де аз емес. Достық үйінде Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының 30 жылдығына арналған «Дара жолдағы аяулы жандар» атты облыстық әйелдер форумы өтті.
Жиын барысында аға буынының Іскер әйелдер қауымдастығын дамытуға қосқан үлесі атап өтілді. Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығын құру туралы бейнебаян көрсетілді. Форумға облыстық іскер әйелдер жастар қанатының басшысы, «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрайымы Айнұр Келімбетова модераторлық етті. Іскер әйелдер қауымдастығының қалыптасуы мен дамуы жайлы облыстық ардагерлер кеңесінің «Аналар алқасы» төрайымы, іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Хадиша Оспанова сөйледі.
«Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығының аудандық филиалдарын құру» тақырыбы бойынша әр ауданнан келген іскер әйелдер атқарған шаруаларын айтып берді. Спикерлер жалпы экономикаға қарағанда сауда секторында жоғары білімі бар әйелдердің үлесі әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.
Форумда әлеуметтік кәсіпкерлік және қайырымдылық тақырыбына жеке сессия арналды. Іс-шара соңында Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған «Жаңғыру жолы-Startup» әйелдер стартаптары байқауының жеңімпаздары марапатталды. 2026 жылдың 16-18 ақпанда Алматыда өткен «Kazakh Fasion Industry Forum» республикалық форумына Жамбыл облысының Іскер әйелдер қауымдастығы киім және аксессуарлар дизайнерлері командасы қатысқан болатын. Олар да өз кезегінде сыйсияпаттар алды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА