Қазақтың Қыз Жібегі - адалдық пен сұлулықтың символы
Халықаралық қыз-келіншектер мерекесі «Анаға тағзым» орталығында ерекше кешпен аталып өтті. Қазақ қызының болмыс-бітімін танытқан «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырдың желісімен түсірілген кинода басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешованың 75 жасына арналған танымдық музыкалық әдеби кеш мерекенің мәнін тереңдете түсті. Мерейтойға орай «Қыз Жібек» арқылы жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақ әдебиеті мен музыка өнерін ұштастыру мақсатында өткен кеште махаббат, адалдық, ерлік ұғымдары дәріптелді.
Салтанатты кешке құрметті мейман ретінде келген Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, Меруерт Өтекешованың курстасы, Асқар Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театрының актері Асқарбек Сейілхан студенттік кездегі қызықты естеліктерімен бөлісті. – Біздің студенттік кезімізде Қыз Жібек фильмі түсірілгенін, онда басты рөлді сомдаған Меруерт екенін естідік, бірақ әлі кино халыққа көрсетіле қоймаған.
Қыз Жібекті сомдаған Меруерт бізбен бірге оқитынын алдынала естіп, қуандық, көруге асықтық. Алғашқыда бейнебір қуыршақ көргендей болдық, оның сұлулығы, жанарындағы жалыны бәрімізді баурады. Жасыратын несі бар, Меруерт орыс тілді еді. Біз оның қазақшасын қызықтасақ, ол біздің тілімізді бұрмалаған орашолақ орысшамызды қызық көретін. Ұстазымыз Хадиша Бөкеева бізге Меруерт бар ортада орысша сөйлеуге тиым салды. «Меруертпен тек қазақша сөйлесіңдер» деп талап қойып, бір ауыз орысша айтып қалғанға айыппұл салып, Ана тілімізді ардақтауға сол кезде-ақ тәрбиелеген еді, – деп Асқарбек Сейілхан қызықты сәттерін еске алды. Ал №3 мектеп – лицей директорының ғылыми – әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Мира Оспанова айтулы туындының әр деталіне үңілдіріп, кейіпкерлердің әрбір әрекетіндегі тәрбиелік мәнді тарқата айтты.
Лиро-эпостық жырдың тарихи мағынасын сөз еткен Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы «Дәстүр және Өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамар «Қыз Жібек» көп кісі ойлағандай махаббатты ғана жырлайтын туынды емес, халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптейтін құнды мұра екеніне тоқталды. – Қазақтың ең көркем жырларының бірі – «Қыз Жібек» екені анық. Бірақ біз оны тек махаббат дастаны деп қабылдасақ, онда ол шын астарын ұқпағанымыздың көрінісі. Бұл туынды – ұлттың тарихи жадысын, эстетикалық талғамын, салтдәстүрін, тіпті еркіндік туралы ұғымын бойына сыйдырған үлкен шығарма. Қазіргі біз білетін «Қыз Жібек» фильмінің негізі әлдеқайда ертерек қаланған. Негізгі сценарийін 1944 жылы Ғабит Мүсірепов жазған. Ол 1934 жылы сахналанған осы эпос пьесасының да авторы болатын. Демек, бұл кино – кездейсоқ туған дүние емес, ондаған жыл бойы пісіп-жетілген ұлттық жоба.
1965–1966 жылдары фильмді түсіру ісі нақты қолға алынды. Алғашында режиссер болып қырғыз кинорежиссері Мелис Убукеев тағайындалған. Сценарийін Исаий Досжанов жазып, кейіпкерлердің либреттосын жасап, актерлерді бекітіп, түсірілім орындарын белгілеп, костюмдер мен декорацияларды әзірлеген. Алайда бір түнде фильмді түсіру Сұлтан Қожықовқа тапсырылады. Бұл фильмнің Шәкен Аймановтың киностудиясына берілуіне тікелей Дінмұхамед Қонаевтың ықпалы болғаны да айтылады. Фильмдегі Сырлыбай бейнесі де терең астарға ие. Жыр кейіпкерінің тарихи прототипі – Сырлыбай Қожасұлы. Ол 1731 жылы Ресей елшісі Мәмбет Тевкелев миссиясына алғашқылардың бірі болып қарулы қарсылық көрсеткен батыр. Демек, фильм астарында ұлттық еркіндік идеясы да бар. «Қыз Жібек» – кеңестік кезеңде махаббат дастаны болып көрінгенімен, шын мәнінде ұлттық кодты сақтап қалған туынды. Ол – өткеннің эстетикасын ғана емес, тарихи жарасын, рухани беріктігін, қыз тәрбиесі арқылы ұлт болашағын аман сақтауды меңзеген шығарма. Бастапқыда кино ұжымы екі сериялы, тіпті бес серияға татитын материал түсірген екен. Бірақ «Москино» тарапынан қысқартылып, бір серияға сыйдырылды. Екі рет цензурадан өтпей қалғаны да белгілі.
Осындай күрделі кезеңде сол кездегі Мәдениет министрі Ілияс Омаров фильмді қорғап шыққан. Бұл – бір ғана киноны емес, ұлттық мұраны қорғау еді. Сол тұста құрамында Бауыржан Момышұлы да болған ірі идеологиялық топ фильмді «махаббат дастаны» деген иллюзиямен кеңестік билікке өткізе білді деген пікір бар. Шын мәнінде, бұл туынды махаббаттан гөрі қазақтың тарихын, этнографиясын, рухын сипаттайтын көркем дүние болды. Фильмдегі әр деталь – мыңдаған код. Қара жамылу, шаңырақты ортаға түсіру, көш керуені – бәрі де символ. Ен даладан көшкен керуен – қазақ тарихының өзі. Керуенге қосылатын түйе мен жылқыларды ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырып, қамтамасыз етуді сұрауы – қазақ билігі тарапынан жасалған қолдау ғана емес, жобаның ауқымын көрсететін жайт.
Декорация үшін пайдаланылған киіз үйлер, әшекей бұйымдар мен сауытсаймандар барынша реалистік образда жасалды. Көркемдік шешіміне жауапты болған Гүлфайрус Ысмайылова тарихи нақтылыққа айрықша мән берді. Бұл – Алаш идеясын көкірегінде сақтаған зиялылардың мәдениет майданындағы үнсіз ерлігі еді. Музыкалық әлемі де бөлек әңгіме. Фильм музыкасын жазған Нұрғиса Тілендиев көне аспаптарды қайта тірілтті. Жетіген, шаңқобыз, дауылпаз, шертер, сыбызғы сынды аспаптардың үні экран арқылы халқымен қайта қауышты. «Гәкку» әні мен «Аққу» күйі – фильмнің жан дүниесі. Жібек рөліне 400-ге жуық қыз қатысқан. Бұл образға айрықша мән берілгенінің дәлелі. Таңдау Меруерт Өтекешоваға түсті. Өйткені Жібек – жай ғана кейіпкер емес. Ол – қазақ қызының, қазақ ұлтының айнасы. Оның еркіндігі – қазақ қызының еркіндігінің символы. Жібекке арналған он көйлектің аса бағалы маталармен тігіліп, дизайнына дейін ерекше мән берілуі – ұлттық тарих пен салтқа деген ұқыптылық.
Қазақ қоғамының қызға деген құрметі. Бүгінде психолог-коучтар «анаға, әйелге, қызға жасалған құрмет ер адамның дәулетін арттырады» деп айтып жүр. Ал қазақ оны ертеде-ақ біліп, сәнін келтіріп жасаған. XVII ғасырда туған «Қыз Жібек» дастанында Жібектің кебісінің өкшесінің өзі Бұхардың гауһар тасымен көмкерілгені соның айғағы емес пе?, – деді Назым Қожамар. Кешті қорытындылаған «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали бүгінгі бойжеткендерге Қыз Жібектің сертке беріктігін, ел намысын қорғаудағы қайсарлығын, әдепті әрекеттерімен әке абыройын асқақтатып, халқының арын ардақтаған істерін үлгі етті. Мерекелік жиынға атсалысқандар мен «Анаға тағзым» орталығының жұмыстарында белсенділік танытқандар марапатталды.
Қамар ҚАРАСАЕВА