Аналар мен аруларға арналды
Жер бетін жандандырып жеткен көктемдегі сұлулық пен нәзіктікті айшықтайтын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мен №69 орта мектеппен бірлесіп «Аяулы ана, ардақты әже, ару қыз» атауымен кеш ұйымдастырды. Білім ордасының кең залында өткен мерекелік кешке келушілердің назарына Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы облысымыздың қаламгер аруларының жинақтарынан кітап көрмесін ұсынды. Меймандарды Қордай ауданының «Күн шуақ» ұлт аспаптар оркестрі күмбірлеген күймен қарсы алды.
Көктемнің шуақты да шұғылалы мерекесіне жиналғандарға №69 орта мектептің 7-сынып оқушыларынан құралған «Дала үні» хоры аналарға арналған әндерін шырқап, бүлдіршіндері мәнерлеп өлең оқып, 4-8 сынып оқушылары ана туралы монологпен тебірентті. Ал облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұжымы «Ана қадірі» атты көріністі сахналап, терең ойға жетеледі. Төле би атындағы №8 гимназияның театр үйірмесі «Рахмет саған, мама!» тақырыбымен көлеңкелі көрініс көрсетті. Қордай ауданынан келген «Жұлдыздар Әлемі» мен «Өнер бұлағы» топтары көз қуантар билерімен көпшілікті тамсантты. №69 орта мектептің музыка пәні мұғалімі Бақытгүл Қалыбаева «Анамның ақ жаулығы» әнін орындап, шәкірттері бимен көркемдеп, мерекеге қатысқан қыз-келіншектерге мектеп ұжымы орамал жауып, гүл шоқтарын сыйлап, құрмет көрсетті. Мерекелік кеш өткен №69 мектептің директоры Әсел Алтыбаеваның айтуынша, мұнда балалар тек білім, тәрбие алып қана қоймай, бойында бар таланаттарын ашуға ықпал ететін түрлі үйірмелер де жұмыс істейді.
Мерекелік басқосуға облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева, Тараз қалалық білім бөлімінің әдіскері Толқын Аяпбергенова қатысып, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Қамар ҚАРАСАЕВА