Аймақ

Ақынның сөзі - елдің сөзі

Түтіні түзу шыққан алақандай ауылын ғұмыр бойы жырға қосып өткен аяулы ақын Серік Томановтың 70 жылдығына арналған мәдени-көпшілік шаралар легі туған топырағы Таласта бастау алды.

«Біздің ауыл – біздің ауыл аңқылдаған,

Адамдары ақ көңіл жарқылдаған.

Қонақ келсе қуанып қалатұғын,

Сары алтындай сақтаған салтын далам».

Сәду Шәкіров ауылында ұйымдастырылған «Құс қанат менің ғұмырым» атты шығармашылық кешке ақжал ақынның көзін көрген үзеңгілес до стары, иық тіре сіп қызмет атқарған замандастары, ізінен ерген шәкірттері және қалың оқырманы қатысты. Әдеби сазды кеш «Талас» халық театры ұсынған қарымды қаламгердің балалық шағынан сыр шертетін сахналық көрініспен басталды. Қойылымда бала Серіктен дана Серікке дейін қиян-кескі өмір жолы сабақталды. Тағдыршешті таңдауларынан туған өлең жолдары өрілді. «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» демекші, еске алу кешіне қатысқан Талас ауданы әкімі Нұрбол Жүнісбеков алдымен сөз алып, ақынның бай шығармашылық мұрасына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ аудан басшысы ақынның аяулы жары Бибігүл Кәрімқызына құрмет көрсетіп, иығына зерлі орамал жапты.

Сонымен қатар Нұрбол Әбдімажитұлы кеш барысында аудандық «Серік оқулары» байқау жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады. Айта кетейік, ақын шығармаларын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында онлайн форматта алғаш рет ұйымдастырылған тәрбиелік тағылымы мол конкурсқа ә дегеннен 37 үміткер қатысқан. Кештің көркін қыздырған – Ғани Мәтебаев, Мәдина Сағымбекова, Әділет Әбдікәрімов, Маралбек Бабақұлов, Анар Айдарәлиева сынды өңірдің жезтаңдай әншілері де ақынның ауылына арнайы атбасын бұрып, жалпақ жұртқа өнер көрсетті.

Серік ақынның сөзіне жазылған «Аққулар», «Бір арман», «Сатушы қыз» сынды әндер орындалды. «Сандуғаш үнді, сарғалдақ өңді сары бала, Көріп ем күндіз, мені де мінгіз арбаңа. Құлаққа жақын, жүрекке алыс жолдарды, Жақындататын әңгіме тектес ән ғана», – деп, Серік ақын арнау арнаған сазгер Сәрсенбек Бәкір де еске алу кешінің басынан табылды. Бірі – білсе, бірі – білмес, «Аузынан айдың түскен қыз», «Соғады сен деп жүрегім», «Сезімді қайтем тулаған», «Айдында жүзген аққуым менің», «Әкені аңсау» атты ел ауызында кеңінен танылған әндер Серік ақын мен Сәрсенбек сазгердің қияларманының үндестігінен дүниеге келген.

Белгілі бір ортада Серік Томанов пен Сәрсенбек Бәкірдің ортақ ізденісін, көзкөргендер вальс королі Шәмші Қалдаяқов пен халық ақыны Мұхтар Шахановтың шығармашылық байланысына теліп жатады. Сонымен қатар еске алу кешіне арнайы қатысқан жазушы, ардагер журналист Көсемәлі Сәттібаев,

«Aulieata-medіa» серіктестігінің Бас директоры, белгілі медиа-менеджер Данияр Асқарұлы және оның орынбасары, Серік Томановтың төл шәкірті, ақын Азамат Есалы, сондай-ақ белгілі журналист Ерман Әбдиев сөз алып, қарымды қаламгердің таңдаулы шығармаларына талдау жасады.

 Сондай-ақ прокуратура саласының ардагері Әбиірбек Қонысбай, ақынның үзеңгілес досы, әрі сыныптасы Рысбек Бақышбекұлы да ақжарма тілегін жеткізіп, ақынның отбасына ауыл азаматтары атынан қомақты қаржылай сыйақы табыстады. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген осы болса керек. Серік ақынмен тайқұлындай тебісіп өскен сыныптастары да сахна төріне шығып, сыршыл ақынның ең алғашқы жазбаларының қалай дүниеге келгенін айтып, балалық шаққа саяхат жасады. Ақынның емес, бүтін бір ауылдың тойына ұласқан салтанатты кеш соңында қаламгердің отбасы мүшелері, жақын-жұрат туыстары сөз алып, үлкен істің басы-қасынан табылған барша қалың оқырманға ізгі лебізін жеткізді.

Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген мәдени-көпшілік іс-шара соңында келушілерге ақ дастарқан жайылып, ауызашар берілді. Қаламгердің рухына Құран бағышталды.

 

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ