Жаңалықтар

Ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Тараз қаласындағы Анаға тағзым орталығы мерекелік көңіл-күйге бөленді. Көктемнің шуақты мерекесіне орай өңірдің түрлі саласында аянбай еңбек етіп жүрген нәзікжандыларға құрмет көрсетіліп, арнайы қабылдау ұйымдастырылды. Ізгі іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, қоғам өмірінде белсенділік танытып жүрген әйелдерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

Кездесу барысында өңір басшысы әйел затының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. – Әйел – отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Қай саланы алсақ та, сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз айқын көрінеді. Бүгінде нәзікжандылар білім, мәдениет, кәсіпкерлік, медицина, мемлекеттік қызмет сияқты түрлі бағытта табысты еңбек етіп, қоғам дамуына өз үлестерін қосып келеді, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар жиын барысында өңір басшысы ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқандарға да тоқталып, алдағы уақытта өтетін жалпыхалықтық бастамалардың маңызына тоқталды. Мұндай маңызды кезеңдерде қоғамның белсенді мүшелері ретінде әйелдердің азаматтық ұстанымы мен қоғамдық белсенділігі айрықша рөл атқаратынын алға тартты.

Іс-шара барысында қоғам өміріне белсене араласып жүрген бірқатар белсенді азаматшалар да сөз алып, мерекелік басқосуды ұйымдастырып отырған ер азаматтарға алғыс білдірді. Олар әйелдер еңбегінің бағаланып, құрметке ие болуы үлкен қолдау екенін атап өтті. Жиын соңында асыл аналар мен қызкеліншектерге гүл шоқтары табысталып, мерекелік естелік суретке түсті.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ