Мэлс Өзбеков ән арнаған Мамай ауылы
Мэлс Өзбеков ән арнаған Мамай ауылы Ауыл – халқымыздың рухани тірегі, қазақтың ұлттық болмысының қайнар көзі. «Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, әрбір жанның ұлтжанды азамат болып қалыптасуына аядай ғана ауылдың ықпалы зор. Өйткені, ауыл – еңбек пен ынтымақтың, тәрбие мен тағылымның ордасы. Мұнда ата-бабамыздың сан ғасырлы салт-дәстүрі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Қуанарлығы, бұл күнде өңір-өңірлердегі ауыл-аймақ заман талабына сай жаңарып, ел дамуына өз үлесін қосып отыр. Тіпті шалғайдағы елді мекендерде түрлі әлеуметтік жобалар сәтті жүзеге асып, мектеп пен мәдениет ошақтары бой көтеріп, кәсіпкерлік кең өріс алып келеді. Бұл – қарапайым ауыл адамдарының ауызбіршілігінің жемісі.
Мұнда ата-бабамыздың сан ғасырлы салт-дәстүрі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Қуанарлығы, бұл күнде өңір-өңірлердегі ауыл-аймақ заман талабына сай жаңарып, ел дамуына өз үлесін қосып отыр. Тіпті шалғайдағы елді мекендерде түрлі әлеуметтік жобалар сәтті жүзеге асып, мектеп пен мәдениет ошақтары бой көтеріп, кәсіпкерлік кең өріс алып келеді. Бұл – қарапайым ауыл адамдарының ауызбіршілігінің жемісі.
Мамай-Қайыңды ауылы – тарихы терең, болашағы жарқын мекен. Аса ірі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімін иеленген ауданның аумағында орналасқан аталған ауыл бүгінгі күні жаңғыру кезеңін бастан өткеріп отыр. Ұлы Жібек жолының бойында қоныстанған осынау елді мекеннің өткені – еңбек пен төзімнің, ал бүгіні – ізденіс пен үміттің айнасы. Аудандағы әлеуеті зор ауылдың бірі – Мамай-Қайыңдының тұрғындары мал шаруашылығымен айналысып, туған жерінің өркендеуіне үлес қосуда. Ауыл жастары білім, спорт, өнер саласында жетістікке жетіп, өскен өлкесінің атын шығарып жүр. Жергілікті халық ұйымшыл, ел ішіндегі бірлік пен татулық – ауыл дамуының берік тірегі. Қай істің болсын басында жүрген ел ағалары мен азаматтары, еңбек адамдары мақтауға тұрарлық. Бастысы, осы жетістіктердің бәрі байырғы ата-бабаларының тірлігінен тамырланған. Ал олар кімдер еді, тарихқа сәл шегініс жасайық.
Жалпы, Мамай-Қайыңды ауылының тарихы 1928-1929 жылдардан бастау алады. Алғашында ата-атаға бөлініп, өз алдына отау тігіп отырған ауыл тұрғындары сол кезеңдегі Кеңес Одағының саясатына сәйкес, 1929 жылы бірігіп артель құрады. Ал 1933 жылы артель колхозға айналып, ауыл «Мамай-Қайыңды» атауымен ресми тіркеледі. Бұл атау сол кезеңдегі саяси жағдайға байланысты қалыптасқанымен, ауыл халқы бұл елді мекенді ежелден «Мамай» деп атап кеткен.
Дүние дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы осынау ауылды да айналып өтпеген. Сұрапыл соғыс жылдары осы елді мекеннен 52 еразамат майданға аттанса, өкінішке қарай олардың 22-сі елге оралмады. Ол тұста ауылдың бүкіл ауыртпалығы әйелдер мен балаларға түскені айтпаса да түсінікті. Бұл кезең ауыл тарихындағы ең ауыр әрі ең тағылымды жылдар ретінде есте қалады. Ал соғыстан кейін ауыл шаруашылығы біртіндеп қалпына келтіріліп, 1950 жылы «Аманкелді» колхозы құрылады. 1962 жылдан бастап ауыл «Мақпал» мал бордақылау совхозының бөлімшесіне айналады. Атап өту керек, 1965–1972 жылдар аралығы Мамай ауылының ең бір өрлеу кезеңі болған. Бұл жылдары мал және егін шаруашылығы жүйелі жолға қойылып, жастар бригадалары құрылады. Сондай-ақ мұнда мәдениет пен спорт қарқынды дамиды. Алайда, өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында совхоз таратылып, ауыл жаңа экономикалық сынақтарға тап болады. 1996 жылдан кейін әркім өз күнін өзі көруге мәжбүр болды.
Жалпы, қандай қиын кезең болса да, әр елде сол қиындықты лайқыты еңсеретін азаматтар табылады. Мамай ауылында «сен тұр, мен атайын» дейтін рухы мықты жігіттер баршылық. Шын мәнінде, мұнда негізінен Қарақойлы Сиқым руынан тараған Наурызбай баба ұрпақтары қоныстанған. Осы алақандай ғана 40 түтіні бар ауылдан елге танымал, еңбегімен еленген біршама азаматтар, генерал, сала басшылары, шежірешілер, журналистер шыққан. Бұл – ауылдың ең үлкен рухани капиталы.
Шүкір, соңғы екі онжылдықта Мамай ауылында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық мәселелер шешімін тауып үлгерді. Мә»селен, 2002 жылы округ орталығы Қайыңды ауылында ауылдан шыққан кәсіпкер Әбиiрбек Әбілдаев «Тоқтыбай ата» мешiтiн салдырса, 2011 жылы Нұрғиса Сүлейменов және Зәкен Қожамбердіқызының бастамасымен «Наурызбай баба» мешіті бой көтерді. Ал 2017–2018 жылдары ауылға табиғи газ тартылып, тұрғындардың тұрмыс-тіргшілігі айтарлықтай жақсарды. Сонымен қатар 2018 жылдың желтоқсан айында жобалық сметалық құны 57 миллион теңгені құраған жаңа медициналық пункт пайдалануға беріледі. Бұған дейін ауыл үшін су мәселесі ең өзекті проблемалардың бірі болып келген еді. Бұл мәселе былтырғы жылы шешімін тапты. Осылайша, ауыл тұрғындары көптен күткен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қол жеткізеді. Жоба құны – жарты миллиард теңгеге жуық. Мамайлықтардың қуанышын аудан әкімі Ернар Есіркепов бөлісті.
Әрине, қаншама жылдан бері қордаланып келген барлық мәселені бір сәтте шешіп тастау мүмкін емес. Дәл сол секілді бұл күнде Мамай-Қайыңды ауылында да шешімін күткен проблемалар бар. Айталық, ауылға кіреберіс арканы жарықтандыру, ішкі көшелерді асфальттау, жастарға арналған спорт нысандары мен ойын алаңдарын салу, мәдениет үйінің жоқтығы, жайылым мен су арналарының мәселесі – күн тәртібіндегі басты түйткілдер. Тағы бір өзекті мәселе – ауылдың ресми атауы. Құжаттарда әлі күнге дейін «Мамай-Қайыңды» деп жазылғанымен, ауыл тұрғындары тарихи әділдікті қалпына келтіріп, ономастикалық комиссия арқылы елді мекеннің атауын «Мамай» деп бекітуді ұсынып отыр. Айтпақшы, екі жыл бұрын мұнда «Ауыл» қоры құрылған. Ендігі кезекте Әз-Наурыз мерекесін бүкіл ауыл болып тойлау, оны дәстүрге айналдыру, сыртта жүрген ауыл азаматтарын тарта отырып, демеушілік мәдениетін қалыптастыру жоспарлануда.

Біреу білер, біреу білмес. Құланның қоңыр мінезін бойына дарытқан шын талант иесі Мэлс Өзбеков дәл осы ауылға арнап ән шығарған. Тіршілігінде елеусіз күн кешіп, елеулі ән қалдырған композитор 1972–1973 жылдары сол кездегі Луговой ауданына қарасты Мамай-Қайыңды ауылына қонаққа келеді. Бұл сапардың бастауында Мамай ауылының тумасы, совхозда жауапты қызмет атқарған парторг Жарылқап Құлметов тұрған. Қос азамат әскерде бірге болғандықтан, сыйластық достыққа ұласқан екен. Әуенін әлдилеп, сезімін серік етіп өткен сазгерге ауылдың қонақжайлығы ерекше әсер етеді. Осындай жаймашуақ күндердің бірінде Мэлс Өзбеков ауылға арнап ән жазуды ұйғарады. Сол сәтте туған әуен кейін «Мамайым» деп аталады. Ал ән ұмытылып кетпес үшін ауылдағы өнерлі әнші, музыкалық білімі бар Нағима Әбілдаева шақырып, нотасын қағазға түсіреді. Кей тұстарда әуеннің ырғағы мен екпіні өзара талқыланып, нақтыланады.
Бір ғажабы, әннің сөзі де сол кеште жазылып, туындының авторлары ретінде Мэлс Өзбеков, Жарылқап Құлметов және Нағима Әбілдаева көрсетіледі. Бұл ән ресми музыкалық жинақтарға енбесе де, жылдар бойы Мамай ауылының бейресми гимні ретінде айтылып келеді. Бүгінде «Мамайым» әні жаңа тыныс алып, заманауи өңдеумен қайта жаңғырып отыр. Бұл туындыны ауылымыздан шыққан, аймаққа белгілі өнерпаз Әбілдаев нақышына келітіре орындап, халыққа қайта ұсынып жүр. Жалпы, «Мамайым» – бір әннің ғана емес, бір ауылдың рухани айнасына айналған шығарма.
Есен ӨТЕУЛІ