Спорт және туризм

Таразда жаңа Конституцияны қолдауға арналған ерекше матч өтті

Тараз қаласының орталық стадионында 15 наурызда өтетін референдум қарсаңында ерекше мерекелік шара ұйымдастырылды. Өңірлік «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының қолдауымен өткен бұл басқосуға шамамен 8 мыңнан астам көрермен жиналды.

Кештің басты оқиғасы – жаңа Конституцияны қолдауға арналған ерекше форматтағы футбол матчы болды. Ала доп додасына Олимпиада чемпионы Елдос Сметов, медиа кеңістікте танымал тұлғалар Арман Жаналиев, Темірлан Блушинов қатысып, жанкүйерлерге әсерлі ойын сыйлады. Сонымен қатар Тараз қаласының бірқатар танымал азаматтары да алаңға шығып, мерекелік атмосфераны қыздыра түсті.

Матчтың үзілісінде стадион сахнасы концерт алаңына айналды. Көрермендерге танымал әншілер Альтаир & Абби Женис пен Рик өздерінің хит әндерін орындап, жиналған көпшіліктің зор қошеметіне бөленді. Музыка мен спорттың үйлесімі кештің көркін қыздырып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Іс-шара барысында өңірлік коалиция мүшесі Уалихан Болатбек сөз сөйлеп, жаңа Ата Заң жобасының маңызы мен қоғам дамуына қосатын үлесіне тоқталды. Оның айтуынша, Конституция – ел болашағын айқындайтын негізгі құжат, сондықтан оған енгізілетін әрбір өзгеріс халықтың мүддесін қорғауға бағытталуы тиіс.

Сондай-ақ жиында жас айтыскер ақын Жанерке Қамбар да сөз алып, жаңа Конституцияның жастар үшін маңызына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бұл құжат – келешек ұрпақтың өмір сүру сапасын анықтайтын маңызды негіз.

Спорт, өнер және азаматтық белсенділік тоғысқан бұл кездесу Тараз тұрғындары үшін нағыз мерекеге айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы шаралар қоғамды біріктіріп қана қоймай, маңызды саяси оқиғалар қарсаңында халықтың ақпараттануын арттыруға да ықпал етеді.

15 наурызда өтетін референдум – ел болашағына қатысты маңызды шешімдердің бірі болмақ. Ал Тараздағы бұл мерекелік кездесу тұрғындарды белсенділікке шақырған жарқын әрі мазмұнды басқосу ретінде есте қалды.

Есен ӨТЕУЛІ