Әдебиет

Қаламгердің шығармасы өз дауысымен жазылады

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана бастамасымен өңір руханиятына серпін берген тағылымды жоба жүзеге асырылуда. Бұл – уақыттың өтінде жоғалмайтын, керісінше жыл өткен сайын құны арта түсетін асыл қазынаны бүгіннен бастап жүйелеудің жарқын үлгісі. Кітапхана ұжымы жергілікті қаламгерлердің шығармаларын өз дауыстарымен жазып алып, «Алтын қор» аудио мұрасын қалыптастыруды қолға алды. Қазіргі таңда кітапхана тек кітап сақтайтын орын ғана емес, заманауи технологияларды тиімді пайдалана отырып, рухани байлықты жаңа форматта ұсынатын мәдени-танымдық орталық. Әсіресе, көзі көрмейтін және әлсіз көретін оқырмандар үшін мұндай бастаманың маңызы ерекше. Автордың өз дауысымен оқылған шығарма тыңдарман жүрегіне өзгеше әсер береді. Жазушының тынысы, дауыс ырғағы, сезімге толы үні туындының мазмұнын тереңдетіп, шынайылығын айшықтай түседі. Бұл мәтінді оқу ғана емес, автормен сырласу, қаламгер әлеміне жақындай түсу.

Жобаның мақсаты – өңір әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық болмысын, рухани үнін түпнұсқа қалпында сақтап, келешекке жеткізу. Бүгінгі игі іс – ертеңгі тарихтың алтын парағы. Аудио қорға алғашқылардың бірі болып белгілі жазушы Елен Әлімжан үлес қосты. Ол 18 жасында жазған «Ән сыры» атты алғашқы әңгімесін өз дауысымен оқып, кітапхана қорына табыстады. Қаламгердің жүрек лүпілінен туған шығарма бүгінде автор үнімен қатталып, тыңдарманға жаңа әсер сыйлайды. Сонымен қатар жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы «Дәл осылай», «Тектілік» сынды туындыларын табиғи дауысымен оқып, аудио қорды мазмұнды еңбектермен толықтырды. Өңір әдебиетінің көрнекті өкілі, сатиралық жинақтардың авторы Бақытжан Советұлы да «Қарға қуу», «Бизнесмен», «Үш тілділік» атты шығармаларын түпнұсқа күйінде ұсынып, рухани бастамаға қолдау білдірді.

Сатира арқылы қоғам шындығын бейнелеген туындылар енді автордың үнімен бірге уақыт қойнауына жол тартпақ. Жобаға белгілі айтыскер ақын, журналист Есет Досалы да белсене қатысып, «Көктөбем», «Сабырға келу », «Қара шаңырақ», «Қар жауып тұр ма?» және өзге де шығармаларын аудио қорға ұсынды. Ақынның өз дауысымен жазылған жырлары енді келешек ұрпаққа саф қалпында жетіп, ұлттық поэзияның үнін жаңғырта бермек.

Игі іске ақпарат кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы бар, қаламы қуатты журналист Оралхан Дәуіт те үн қосты. Оның өмірдің өзегінен өрілген «Бөтен қошқар» және юмор мен астарлы ойға құрылған «Битбай қу», қоғам шындығын шынайы бедерлеген «Шаштараз» және басқа да туындылары автордың табиғи үнімен жазылып, «Алтын қордың» мазмұнын байыта түсті. Енді олар да уақытпен көмескіленбей, керісінше жыл өткен сайын қадірі арта түсетін рухани қазынаға айналары даусыз. Сондай-ақ Марат Құлибаев пен Қамар Қарас аева да жобаға қатысып, аудио қорды толықтыруға атсалысты.

Алдағы уақытта «Алтын қор» мұрасына Шырын Мамасерікова, Пернебай Дүйсенбин, Қайырбек Ас анов, Айша Көпжасарова, Баймаханбет Ахмет, Ғайни Әлімбекқызы, Үміт Битенова, Жұлдыз Бейсек, Нұржан Қадірәлі және өзге де қаламгерлердің аудио жазбаларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл жоба тек әдеби бастама емес, рухани жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Автор үнімен сақталған әрбір шығарма уақыт куәсі, шынайылықтың мөрі. Бүгін жазылған әрбір аудио жазба – ертеңгі күннің баға жетпес мұрасы.

Руханиятқа жанашыр осындай игі істер жалғасын тауып, ұлттық әдебиетіміздің үні уақытпен бірге жаңғыра береді деген сенімдеміз.

 

Толқын КҮЗЕНОВА

облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары