Қоғам

12 наурыздан бастап айыппұл «автопилотқа» көшеді

12 наурыздан бастап Қазақстанда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген жаңа өзгерістер күшіне енеді. Енді айыппұл тек жол ережесін бұзған жүргізушілерге ғана емес, кез келген әкімшілік құқықбұзушылық үшін автоматты түрде салынуы мүмкін.

Бұған дейін цифрлық тіркеу жүйелері негізінен жылдамдықты асырған немесе бағдаршамның қызыл түсіне өткен көлік жүргізушілерін анықтауға бағытталған еді. Енді бақылау аясы кеңейеді. Цифрлық жүйе құқықбұзушылықты анықтаса, хаттама толтырмай-ақ, бірден айыппұл рәсімделеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 31-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, цифрлық жүйелер арқылы анықталған құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттама толтыру талап етілмейді.

Деректер әкімшілік өндірістің бірыңғай реестрімен интеграцияланған жүйелер арқылы өңделеді. Яғни, құқықбұзушылық фактісі камера немесе басқа да цифрлық құрылғы арқылы тіркеліп, адамның жеке басы мемлекеттік деректер базасы арқылы нақтыланса, айыппұл автоматты түрде жазылады. Көлік құралдарына қатысты тәртіп бұзушылықтарда бұрынғыдай жауапкершілік көлік иесіне жүктеледі.

«Ақылды камералар» әр қадамыңызды қалт жібермейді

Жаңа жүйе аясында, әсіресе «ақылды камералар» орнатылған аймақтарда, мынадай құқықбұзушылықтар автоматты түрде тіркелуі ықтимал:

• Көшеге қоқыс немесе темекі тұқылын тастау (2026 жылы – 43 250 теңге);

• Темекіні тыйым салынған жерде шегу;

• Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту;

• Заңсыз сауда жасау;

• Алкоголь өнімдерін рұқсат етілмеген уақытта сату. Бұл өзгерістер қала көшелеріндегі «ақылды бақылау» жүйелерінің мүмкіндігін кеңейтеді. Соның ішінде Сергек тәрізді кешендердің функционалы арта түспек.

Бұған дейін бейнежазбалар көбіне дәлел ретінде пайдаланылса, енді ұсақ құқықбұзушылықтардың өзі автоматты түрде айыппұлға негіз бола алады.

Бақылау күшейе ме, әлде тәртіп орнай ма?

Сарапшылардың айтуынша, енгізілген өзгерістер жаңа құқықбұзушылық түрлерін қоспайды. Заң бұрыннан бар нормаларды сақтайды. Өзгеріс – тек анықтау және әкімшілендіру тәсілінде. Яғни бұрын инспектор көз жұмып өте шығуы мүмкін ұсақ тәртіп бұзушылықтарды енді цифрлық жүйе «көрмей» қалмайды. Бұл бір жағынан – қоғамдық тәртіпті күшейтуге мүмкіндік.

Екінші жағынан – азаматтардың жеке өмірі мен деректер қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарды да туындатуы мүмкін. Қоғам енді «камера көрмейді» деген түсініктен арылуы тиіс. Себебі цифрлық бақылау кеңістігі жылдан-жылға ұлғайып келеді.

Заң қатайған жоқ – бақылау күшейді. Енді ұсақ тәртіп бұзушылықтың өзі назардан тыс қалмайды. Бұл өзгерістер қоғамдық мәдениетті арттыруға ықпал етуі мүмкін. Бірақ кез келген автоматтандыру әділдік, ашықтық және дербес деректердің қорғалуы қағидаттарымен қатар жүруі тиіс. Цифрлық дәуірде жауапкершілік те цифрлық сипатқа көшіп барады.

Ендігі мәселе – қоғам жаңа тәртіпке қаншалықты дайын?

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ