Әлеумет

Жүрген жерің жұмақтың төрі болсын!

Еске алу

Ардақты да абыройлы азамат, бауыр-туыстарының жанашыры, ұл-қызының асқар тау әкесі Жолшыбеков Марат Пірәліұлының бұл дүниеден өткеніне қырық күннен асты. «Жазымыштан, озымыш жоқ» деген. Алланың ісіне амал бар ма?! 16 қаңтарда асыл азаматымыздан кенеттен көз жазып қалдық. Марат Пірәліұлы 1962 жылы 8 наурызда Жамбыл ауданы, Аманкелді ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келді. Отбасындағы 3 қыз, 5 ұлдың бесіншісі еді, жарықтық! Бала кезінен еңбекқор болып өскен ол ата-анасына, бауырларына мейірімін төгіп, қамқорлығын жасап, жанашырлық танытып жүретін, асқар тау панамыз еді.

Жел тұрса қорған, жаңбыр жауса шатыр, күн түссе көлеңкеміз бола білді. Оның жүрегіндегі мейірімділігі ерекше еді. Ол жоғары оқу орнын аяқтаған соң, ұзақ жыл Жамбыл гидро-құрылыс комбинатында еңбек етіп, еліміз тәуелсіздігін алған жылдары кәсіпкерлікке біржола бет бұрды. Осылайша ауыл ағайындарының жанашыры болды. Жоғын түгендеп, қайырымдылығын аянбай, жетім-жесірлерге көмегін беріп, елдің алғысына бөленді. Әрине, кәсіппен айналысу оңай шаруа емес. Онда істің көзін таба білген азаматтар ғана жеңіске жететіні анық. Ал Марат Пірәліұлы бұл мақсатта өз білімін аянбай, ізденісімен табандылық танытып, бастаған ісінің биігіне жете білді. Жұртшылықпен тіл табысты, істің тетігін тапты, еңбегімен еленді. Көзі тірісінде әр мұсылманға тиесілі бес парызын толықтай орындап, мешіттер мен тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларына көрсеткен қайырымдылығы шексіз болған.

Жан-жағына шуағын төгіп жүріп, өзі де құрметке бөленді. Мұндайда қазақ «Атымтай жомарт» деп бағалайды емес пе?! Марат сол атымтайлығымен елдің құрметіне бөленіп, қайырымды істерімен, өз бастамаларындағы жаңалықтарымен жетістіктерге жетті. Әлі де атқарар істері, арман-мақсаты көп еді. Марат Пірәліұлы асыл жары Гүлнар екеуі екі ұл, бір қыз сүйіп, кіндігінен тараған ұрпағына өнегелі тәрбие беріп, олардың да жоғары білім алып, ел азаматы болып өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қоса білді. Ұл-қызынан жеті немере сүйді.

Бүгінде жары Гүлнар отбасының ұйытқысы болып, немерелерінің қызығын қызықтап, ағайын-туған, бауырларына барынша құрметін көрсетіп отыр. Ал жары, ұл-қызы, немерелері асыл бауырымыз Марат Пірәліұлына деген сағынышын, асыл бейнесін жадыларында ұзақ сақтап, ол жайында жақсы естеліктерін жүректеріне жұмақ етпек. Жүрген жерің жұмақтың төрі болсын!

Еске алушылар: бауырлары, жұбайы, ұл-қыздары.