Әлеумет

Уаһһабизм. Ол туралы не білеміз?

Баспаларда жарияланып, бүгінде талқыланып жатқан жаңа Ата заңымыздың жобасында дін мәселесіне де мән берілген. Жаңа Конституциямыздың 1-бабында мемлекетіміз өзін зайырлы деп жариялайды. Бұл норма кездейсоқ таңдалған формула емес. Қазақстан – көп конфессиялы және көп этносты ел. Мұнда Ислам, Православие христиандығы, Католицизм, Протестанттық бағыттар, Иудаизм және басқа да діни қауымдастықтар бейбіт қатар өмір сүріп келеді. Егер мемлекет бір конфессияны ресми немесе басым деп таныса, қоғамдық тепе-теңдікке нұқсан келуі мүмкін еді. Сондықтан зайырлылық – тұрақтылықтың құқықтық кепілі. Зайырлылықтың тағы бір басты артықшылығы – құқықтық теңдік. Азаматтың мәртебесін оның діни көзқарасы анықтамайды. Бұл қағида әсіресе жаһандану кезеңінде маңызды.

Ақпарат ағымы күшейген, идеологиялық ықпал артқан заманда мемлекет сенім еркіндігін сақтай отырып, радикализм мен экстремизмнің алдын алуға міндетті. Мұнда зайырлылық баланстың құралына айналады: бір жағынан – ар-ождан еркіндігі, екінші жағынан – қоғамдық қауіпсіздік. Кейде зайырлылықты дінсіздікпен шатастырып, оны рухани құндылықтарға қарсы құбылыс ретінде көрсетуге ұмтылатын көзқарастар байқалады. Ол – білместік, тіпті сауатсыздық. Зайырлылық – руханияттан бас тарту емес, оны саясаттан қорғау. Заң үстемдігі мен сенім еркіндігі қатар өмір сүрген жерде ғана қоғам тұрақты, ал азамат өз таңдауында еркін бола алады. Халық бірлігі, этносаралық және конфессияаралық келісім – мемлекеттіліктің іргетасы деп белгіленген. Сонымен бірге Ата заңда, дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып бекітіледі.

Шынын айту керек, біздің елімізде негізінен Ислам діні халық арасында кең тараған. Ол белгілі де, өйткені біздің қазақ ұлтының салтдәстүрінде Ислам діні ерекше орын алады. Соған қарамай соңғы кезеңде Ислам дінінде де бірнеше деструктивті ағымдар пайда болып, көпшілікті әжептеуір толғандыруда. Олардың арасында ерекше көзге түсетіндері салафиттер-вахабистер топтары. Бүгінгі әңгімеміз Ислам дінін «паналап» деструктивті ағым – исламдық дұрыс жолдан тайып жүрген дін иелері, халқымыздың арасында қорқыныш ұялатып жүрген «Уаһһабизм» туралы болмақ. Бұлар қайдан шықты және қандай ерекшеліктері бар? – деген сұрақтар төңірегінде сөз өрбітейік.

Бұл діни ағымның тамыры тереңде жатқанын және оның бастауы сахабалар заманынан бастау алатынын дінтанушылар жақсы біледі. Бұл діни ағымның тарихына көз жүгіртсек, былай болып келеді. Тәмим тайпасынан шыққан Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб 1115/1703 жылы Рияд қаласына жақын орналасқан Уяйна атты елді мекенде дүниеге келген. Оның ата-бабасы ханбали мәзһабын ұстанған. Әкесі, атасы мен бауыры қазылық қызметті атқарған. Ол алғашқы сауатын Уяйна қазысы болған өз әкесінен ашады. Ілім іздеу барысында Ибн Таймияның пәтуаларымен танысып, дінге қатысты пікірлерін басшылыққа алып, жаңғыртуға көшеді.

Біраз уақыт Шам қаласындағы ханбали ғалымдарынан дәріс алады. Шамнан Нәждке оралған соң ауыл тұрғындарына арнап діни кітапша жазуға кіріседі. (Mevlana Muhammed Fadlurresul. Tashih’ul-mesail. Vesikalarla Vehhabiliğin iç yüzü. түрікшеге аударған А.Фарук Меян. – İstanbul: Berekat баспасы, 1976. 348-бет.) 1740 жылы әкесі қайтыс болған соң туған жері Уяйнаға оралып, сонда насихат жұмыстарын жүргізеді. Сол жердің әміршісі Осман ибн Хамд ибн Муаммармен достасып, өз пікірін қабылдауға шақырды. «Егер менің пікірімді қабыл етсең, Алла сені Нәжд даласының әміршісі етеді» деп үгіттейді. Осман ибн Хамд оның насихатын қабылдап, айналасындағы жандарға ықпал етіп, өз қатарына тарта білді. Тіпті бұл сенімді маңайындағыларға күштеп қабылдатты. Олардың бұл әрекеттерінен қорыққан тұрғындар Нәждтің беделді руы Халид ұлдарының көсемі Сулейман ибн Урайға шағымданады. Ол Уяйнаның әміршісіне Мұхаммедті ол жерден қууын немесе өлтіруін талап етеді. Мұхаммед ол жерден Риядқа жақын маңдағы Дария кентіне көшеді.

Дария кентінің әміршісі Мұхаммед ибн Суғудпен тіл табысады. Тіпті өз сенімін қабылдатып, қолдауына ие болады. Осылайша, 1744 жылы уаһһабилік немесе сәләфилік ағымның іргесі қаланады (Қазақстандағы діндер. – Алматы, 2008. 78-бет.). Нәжд өлкесі халқының табиғаты жаугершілікке жақын еді. Олар Исламнан алдын Йемен, Иран, Ирак, Үндістан және Шам әміршілерінің қол астында түрлі сенімдер аясында өмір сүрген болатын. Сол себепті Ислам тарихындағы төрт жалған пайғамбар да осы өлкеден шыққан. Өр рухты бәдәуилер Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың насихаттаған «таухид дінін» жаю жолында мұсылмандарға қарсы жиһад басталады.

Бұл пікірге қарсы шыққандар өлтіріліп, мал-мүлкі олжа ретінде бестен бірі үкімет қазынасына алынып, қалғаны жауынгерлер арасында үлестіріледі. (Ethem Ruhi Fığlalı. ж.к.е., 98-бет;) Сол заманның ғұламаларынан йемендік Әмир әс-Санғани әуелде оның пікірлерін қолдағанымен жазықсыз мұсылмандардың қанын төгіп, мал-мүлкін талан-тараж еткенін көріп, оған қарсы шығады. Ибн Тәймия мен Ибн Қайюмның ұстанымдарын қате түсінген деп, оны жазғырады. Тіпті осыған қатысты һижри 1170 жылы (1856-1857- ге сәйкеседі) оның әрекетін терістеп өлең де жазады. (İslam Ansiklopedisi. – İstanbul: Türkiye Diyanet vakfı баспасы, 2005. 30-том. 492-бет) Уаһһабилер 1773 жылы Рияд қаласын басып алып, жақын аймақтарға ықпал етуге ұмтылды. Нәжд өлкесіндегі көптеген тайпаларды біртіндеп бағындырып, Хижаз аймағына қол салады. Хижаздың да бірқатар тайпалары осы сенімді қабылдап, аз уақыт ішінде біршама аймаққа үстемдік етеді. (Қазақстандағы діндер. – Алматы, 2008. 79-бет.). 1766 жылы Мұхаммед ибн Суғуд қайтыс болған соң орнына ұлы Абдулазиз ибн Суғуд билікке келіп, әке жолын жалғастырады. Ал 1792 жылы Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб көз жұмады. Ол өлген соң ұлы Абдуллаһ ибн Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб уаһһабилік әрекеттің діни көсемі болады. Әкесі секілді бидғатшылармен белсене күреседі.

Бұл жолда шииттерге қарсы кітап та жазады. (İslam Ansiklopedisi. – İstanbul: Türkiye Diyanet vakfı баспасы, 2005. 30-том. 493-бет.) Хижаз аймағы сол дәуірде Осман империясының бір провинциясы болатын. Осман империясы уаһһабилік бүлік басталған тұста Ресей және Иранмен соғысып, қала берсе ішкі жанжалдар мен таластар нәтижесінде қол астындағы елдерге қарауға мұршасы келмей нәтижесінде уаһһабилер аз уақыт ішінде Нәжд өлкесіне толықтай үстемдік етті.

Уақыт өте келе уаһһабилер өз үстемдігін Басра шығанағына дейін ұлғайтады. Нәжәфта уаһһабилер мен шииттер арасында жанжал шығып, арты қантөгіске ұласып, бірнеше уаһһаби мертігеді. Осы мәселені сылтау етіп, Абдулазиз ибн Суғуд 1802 жылы 10-шы мұхаррам (780 жылы 10-шы қазан күні Кербалада Хз. Хусейнді халифа Язидтің әскерлері шәһид еткен. Содан бері шииттер 10-шы қазан күні Кербалада Хз. Хусейннің кесенесіне жиналып, діни рәсім өткізеді. Осы күні өздерін шынжырмен сабау әдеттері бар. Сол күні Кербалада Хазіреті Хусейннің кесенесіне жиналған мыңдаған шиттерді қырғынға ұшыратты. Мұнымен шектелмей Хазіреті Хусейннің кесенесін талқандайды. (Ethem Ruhi Fığlalı. ж.к.е., 99-бет; Қазақстандағы діндер. – Алматы, 2008. 79-бет.) Осы оқиғадан кейін шииттер мен уаһһабилер арасында дұшпандық өрті тұтанды. Кектенген шиттердің бірі һижри 1217 жылы, милади 1803 жылы Дария мешітінде Абудулазиз ибн Суғудты пышақтап өлтіреді. (Mevlana Muhammed Fadlurresul. Tashih’ulmesail. Vesikalarla Vehhabiliğin iç yüzü. түрікшеге аударған А.Фарук Меян. – İstanbul: Berekat баспасы, 1976. 364-бет.). Суғуд ибн Абдулазиз 1803 жылы ораза мен құрбан айт арасында Таиф қаласына жорық жасап, қантөгіспен қаланы алады. Таиф қаласын алған соң, сол маңайдағы зираттарды жермен жексен етеді. Таиф қаласы алынған соң Меккеге бағыт алады.

Алайда қажылық уақытына тура келгендіктен қалаға кірмей кері қайтады. Мекке тұрғындары Таифтегі қанды қырғынды естіп білгендіктен олармен соғыспастан бейбіт бітімге келуді қалайды. 1804 жылы (һижри 1218 ж.) Мекке тұрғындары елші жіберіп, қантөгіссіз беріледі. Уаһһабилер осы жылдың мухаррам айында қалаға кіріп, тұрғындарға өз сенімдерін насихаттап, қабылдауға мәжбүрлейді. Қарсы келгендер қысымға ұшырап, өлтіріледі. Көптеген ғалымдар мен ауқатты мұсылмандар да оның қаһарына ілігеді. Уаһһабилер Мекке қаласын алған соң артынша Мәдина қаласына шабуыл жасап, қаланы басып алып, талан-тараж етеді. Уаһһабилердің қауіпті бола бастағанын аңғарған Осман империясының патшасы ІІ. Махмуд (1808-1839 ж.) бұл бүлікті бастыруды Мысыр әкімі Мехмед Али патшаға (генерал) жүктейді. Патша баласы Тосунды алып, қалың қолмен 1812-1813 жылы Мәдина, Мекке және Таифты уаһһабилерден азат етеді. Уаһһабилік немесе сәләфилік Уаһһабилік ағым ислам әлемінде түрлі ағымдардың шығуына түрткі болды. ХХ ғасырдың басында уаһһабилік ағымды үлгі тұтқан діни реформалық әрекеттер де жасалды. Суданда «Маһдия», Ливанда «Мадрасат Санусия», Мысырда Мұхаммед Абдуһтың ағымы, Жамаләддин әлАуғанидің медресесі және Үндістанда бірнеше ағымдар пайда болды. Бұл ағымдардың барлығы да ислам әлемі он төрт ғасыр бойы мойындап келе жатқан төрт мәзһабты мойындамай, мұсылмандар арасына іріткі салуда. Олар алғашқы үш ғасырдағы мұсылмандар мен қазіргі заманғы мұсылмандардың арасы тым алшақтап кеткен деп, алдыңғы үш буын мұсылмандарға ұқсауды насихаттауда (Уаһһабизм – адасқан ағым | Қазақстандағы Ислам. Kazislam. kz порталы). Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб біреудің артынан еру немесе ағым құру – дін ішінен дін жасау деп есептегенімен халықты өзінің идеяларымен діни пәтуаларын қабылдауға үндеді. Өзін қолдамағандарды, айтқандарын қабыл етпегендерді кәпір, мүшрик деп санады. Осылайша, бидғатпен күресемін деп, өз сөзіне өзі қайшы әрекет етті. Яғни біреудің артынан жүру, бір жол құру дін ішінен дін жасаумен тең деп айтқанымен, өзіне қосылмағандарды адасқан санап, жаңа бір жол немесе ағымның негізін қалады. Бір күні бауыры Шейх Сулейман ибн Абдулуаһһаб оның осы әрекетінің дұрыс емес екенін әшкерелеу үшін былай деп сұрақ қояды: «Исламның шарты қанша?». Ол: «Бесеу», – деп жауап береді. Сулейман: «Сен бұларға алтыншысын қостың. Өзіңе бағынуды діннің шарты деп санайсың. Исламның шарты мұсылмандарды кәпір деп айыптау емес», – дейді. (Ethem Ruhi Fığlalı. ж.к.е., 106-бет.) Олар тек өздерінің пікірлерін ақиқат санап, өзгелердің ұстанымдарын теріске шығарды. Бұл жайында танымал ғалым Мұхаммед Әбу Заһра былай дейді: «Уаһһаби ғалымдары өздерінің пікірлерін қате деп санамайды. Ал өзгелердің пікірлерін айтуға болмайтындай қате деп ойлайды әрі терістейді».

Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың сенімі мен көзқарасын жазған еңбектерінен байқауға болады. Ол бірнеше кітап жазған. Солардың ішінен ең танымалы «Китабут-таухид» (Таухид кітабы), «Кәшфуш-шубуһат» (Күмәнді нәрселерден арылту) және «Китабул-усулис-сәләсә» (Үш негіз кітабы). Міне осы еңбектерінде таухид, ширк, бидғат мәселелеріне кеңінен тоқталады. Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб «Кәшфуш-шубуһат» атты кітабында: «Таухид (иман) жүрекпен сеніп, тілімен айтып, амал ету. Егер осылардың бірі бұзылса, адам мұсылман болмайды. Ал егер таухидті танып, онымен амал етпесе, ол перғауын, ібіліс және сол екеуі сияқтылар тәрізді қасарысқан кәпір болады – деп амал иманның бір бөлігі, амал етпеген мұсылман болмайды деп кесіп айтады. (Мухаммед ибн Абдулуаһһаб. Кәшфуш-шубуһат. – Бәйрут: Дар ибн Хазм. Лубнан. 2001. 158-бет.) Оның ұстанымы бойынша, иман – жүрекпен сену, тілмен айту, амал ету. Егер де осы үшеуінің бірі кем болса, ондай жан мұсылман емес, кәпір болады.

Демек амал иманның бір бөлшегі деп қабыл етілсе, қандай да бір парыз амалды тәрк еткен адам – кәпір, діннен шығады деген үкім шығады. Ал амал иманның ажырамас бөлшегі деп үкім айтқан имам Мәлик, Шафиғи, Ханбал сынды ғалымдар өз кезегінде амал етпеген жандарға кәпір демей, «пасық», «күнәһар мұсылман» деп үкім берген. Уаһһабилер өздерін ханбали мәзһабын ұстанамыз дегенімен, толықтай Ахмад ибн Ханбалдың ақидасымен (сенім) жүрмейді. Мысырлық ғалым Мухаммед Әбу Заһра «Мәзһабтар тарихы» (Тарихул мәзаһиб) атты еңбегінде Ахмад ибн Ханбалдың иман жайындағы көзқарасын былай деп келтіреді: «Иман – жүрекпен сену, сенімін тілімен айту және амал етуден тұрады. Егер адам жүрегімен сеніп, тілімен сенгенін айтса, Аллаға серік қоспаса, Құран мен сүннетте бұйрылған әмірлерді терістемесе, бірақ жалқаулықпен амал етпесе діннен шықпайды. Алла қаласа ол пендесін жазалайды, қаласа кешіреді». (Muhammed Ebu Zehra. Mezhepler tarihi. – İstanbul, Şura yayınevi. 500-бет.) Имам Әбу Ханифа, Мәлик, Шафиғи, Ханбалидің пікірі бойынша, иман етіп, сенімін тілімен айтқан адам – мұсылман.

Егер адам иман негіздеріне жүрегімен сеніп, сенімін тілімен айтып, амал етпесе, ондай кісі кәпір болмайды, діннен шықпайды. Ондай мұсылман – пасық, күнәһар. Амал жасамағаны үшін Алланың құзырында өзі жауап береді. Осы мәселеге қатысты Ислам ғұламалары төмендегідей хадистерді дәлел ретінде ұстанады: «Әнастан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаят бойынша: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде кім шын жүрегімен «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтса және жүрегінде шаң тозаңындай жақсылық (иманы) бар болса, ол тозақтан құтылушы…» (Бухари, Иман; Муслим, Иман; Тирмизи, Жәһәннам). «Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Алла жәһәннамды харам еткен» (Муслим, Иман). Хадисте айтылғандай, кәлимаға тіл келтірген адам түбінде жәннатқа барады.

Жасамаған амалы үшін Алла алдында жауап береді және тозақта күнәсін өтеген соң жұмаққа кіреді. Құранда кәпір адам тозақта мәңгі қалады деп анық айтылған. Ал Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб болса, өз пікірін қолдамаған әрбір мұсылманды кәпір деп, тозақта мәңгі қалушы имансыздармен, яғни кәпірлермен тең санауда. Осы пікірімен көпшілік мұсылмандарға қарсы келеді. Салафизм діни ағым ретінде ХІІІ-ХІV ғасырлардың тоғысында пайда болды. Оның негізін қалаушы – Хараннан (қазіргі Түркия жерінен) шыққан оқымысты ибн Таймия және оның жолын қуушылар, соның ішінде ибн Каийюм әл-Жуази. Бұл идеологияның басты ұстанымы – дінді қандай да болмасын, жаңалықтардан аулақ ұстау. Өзінің ең бастауынан былайғы жерде бұл наным дәстүрлі, бұлжымайтын Исламға, Мұхаммед пайғамбар уағыздаған Исламға қарсы болып келді. ХVІІІ ғасырда салафизм идеологиясын Араб түбегінен шыққан Мұхаммад ибн Абдул Ваххаб жалғастырып әкетті. Ол қарулы топтың басшысы болды, билікке ұмтылып, осы билікті Ислам әлемінің қуатты саяси тірегі – Осман империясына қарсы сепаратизмнің құралы ретінде пайдаланды. ХХ ғасырдың басында оның жолын қуушылар қазіргі Сауд Арабиясы корольдігін (САК) құру үшін салафизм доктринасын ұстанды.

Басқаша айтқанда, бұл мемлекет құрушы идеология болып саналады. Ибн Таймияның салафизм идеясы мен Мұхаммад ибн Абдул Ваххабтың идеологиясы нақпа-нақ ұқсас бағытты ұстанатынын және де САК мемлекетінің саяси доктринасы болып табылатынын тарих айғақтап келеді. Ал енді қазіргі жағдайды сараптай келгенде, біз бүгінгі салафит, мейлі ол араб, қазақ, орыс, ағылшын болса да, діни нанымы ибн Таймия мен Абдул Ваххабтың ілімі екенін байқаймыз. Басқаша айтқанда, олар бір-біріне ұқсас діни ақпаратқа, сондай идеологиялық тұғырнамаға, теологиялық нұсқауға, доктринаға ден қояды. Салафиттердің де, ваххабиттердің де барлығы діни білімдерді солардың кітаптарынан алады. Демек, салафит пен ваххабит дегендер туыстар іспетті. Халықаралық сараптама қауымдастығының пайымдауынша, салафиттермен бірге Сирия мен Иракта соғысып жүрген біздің қазақстандық жанкештілердің идеологиялық, діни және теологиялық негіздері бірдей. Салафизм-ваххабизм обыр ісігі сияқты жайылуда. Сөйтіп, бүгінгі таңда бүкіл әлемде әрекет ететін қуатты күшке айналады.

Дін – рухани жан дүниеңді көркейту, іштей рухани түлеу, өз кемшілігіңмен, өз айыбыңмен, жағымсыз қасиеттеріңмен күресу. Ал деструктивті ағымдар сырттай діни сипатта көрінгенімен, шын мәнінде олардың мақсаты – халықтың бірлігін бұзу, дәстүрлі рухани құндылықтарды жою және өз идеологиясын күштеп таңу. Уахабшылардың лидері Мұхаммед Абдул Уаххабтың «Шарх Китабут-Таухид» атты кітабында экстремистік әрекеттерге, «кәпірлерге жиһадқа» үндейтін идеялар жеткілікті. Мәселен аталмыш кітапта: «Мұсылман адам міндетті түрде кәпірлерді (өзге діннің адамдары) жек көруі тиіс. Тіпті, олар мұсылмандарға сүйіспеншілік сезімдерін көрсетіп, достық құшақтарын жайса да, олар мұсылманның басты жауы екенін білу керек..» немесе, «Олар (кәпірлер) тек жамандық пен зиян ғана алып келеді. Сондықтан да, сен кәпірлерді олардың нәсіліне қарамай шын жүрекпен жек көруің керек...» деп келтірілген. (Ислам өркениет, №23, 11-20 тамыз, 2009 ж. 10-бет.). Ал, осындай аса қауіпті уаххабизмді қолдап-қорғап, елімізде оның тамыр жаюына басты ықпал етіп жүрген, өкінішке орай, біраз танымыл қазақ азаматтары бар. Уаххабизмге енген жандар, әдетте, сақалын өсіріп, мұртын тақырлап алады. Оны қазір көбіміз мешіттерден аңғара аламыз. Деструктивті діни ағымдардың ең басты нысанасының бірі – отбасы. Себебі отбасы – қоғамның ең кішкентай, бірақ ең маңызды ұясы.

Отбасында қалыптасқан құндылықтар, әдет-ғұрыптар мен өзара сыйластық – біртұтас мемлекеттің тұрақтылығының кепілі. Алайда деструктивті ағымдар осы бірлікті бұзу үшін алдымен отбасының ішіне іріткі салады. Олар дәстүрлі салт-дәстүрді жоққа шығарып, ата-ана мен бала арасындағы сыйластықты әлсіретеді. Мысалы, «Ата-анаң намаз оқымаса кәпір», «Намаз оқымайтын ата-ананың асын ішуге болмайды» деген түсінікке шақыру, ата-ананың насихатын «дінге қайшы» деп қабылдату немесе туысқандық байланысты «маңызсыз» деп түсіндіру – олардың жиі қолданатын әдістері.

Нәтижесінде, ата-анаға қарсы шыққан жастар, бауырмалдық қасиетін жоғалтқан ұрпақ пайда болады. Деструктивті діни ағымдардың отбасындағы тағы бір зияны бір-біріне деген сенімді жоғалтады. Бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын шайқалмайтын іргетас. Сенімділік отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауымен оны ешқашан жолда тастамайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде, тыныштық, қауіпсіздік бар. Сенімнің арқасында отбасы мүшелері өз ойы мен сезімін ашық білдіре алады. Сонымен қатар сенім эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі. Қоғам үшін де мұндай ағымдардың зияны орасан. Біртұтас ұлтты алауыздыққа бөлетін, «өзіміз» және «өзгелер» деп жікке бөлетін түсінік сенімсіздік тудырады. Бұл – әлеуметтік тұрақтылыққа және мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей қатер. Тіпті мұндай идеологияның соңында діни экстремизм мен терроризм сияқты аса қауіпті құбылыстар тұруы мүмкін. Діни экстремизм – діни қағидаларды бұрмалау арқылы қоғамдағы тұрақтылықты бұзуға және радикалды көзқарастарды насихаттауға бағытталған іс-әрекет. Деструктивті ағымдар мемлекеттің заңдары мен ережелерін мойындамай, өздерінің тар шеңберлі ережелерін алға тартады, бұл құқықтық тәртіпке де нұқсан келтіреді.

Дәстүрлі дін мен деструктивті ағымның айырмашылығы – мақсатында. Дәстүрлі дін адамдарды ізгілікке, сабырлылыққа, бір-біріне көмектесуге және бейбіт өмір сүруге шақырады. Ал деструктивті ағымдар керісінше, адамдардың бойында күдік, дұшпандық сезімін оятады және қоғамнан оқшаулануына ықпал етеді. Қорытындылай келе, деструктивті діни ағымдар – отбасы мен қоғамның ең басты жауы. Олардың мақсаты – бірлікті бұзу, ал бірлігі жоқ елдің болашағы да бұлыңғыр. Сондықтан әр азамат бұл қауіпке бейжай қарамауы керек. Бірлігімізді, тұрақтылығымызды және рухани құндылықтарымызды сақтау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. «Ата дініміз, немесе дәстүрлі дініміз» дей отырып ата дәстүрімізден ежелден қалыптасқан жөн-жоралғылардан ауытқып, басқа бір алмағайып, белгісіз, жұмбақ, бұлыңғыр дінге жөнсіз еніп кетуден сақ болайық.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

облыстық әкелер кеңесінің мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы