Әлеумет

Базарға барудың қажеті жоқ

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру – халық қамы. Өйткені, қисынсыз қымбатшылық кей жағдайда қоғамды дүрліктіруі мүмкін екенін болжау қиын емес. Осы себепті құзырлы мекемелер бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында кешенді әрі жедел шаралар қабылдап келеді. Ал өзі ештеңе өсірмейтін қала тұрғындары үшін сауда орындарының сөресіндегі азық-түліктің қолжетімді болғаны дұрыс. Бұл ретте азаматтардың қалтасын қақпай, тұрмысын тіктеуде «Әлеуметтік дүкендердің» тигізер септігі мол. Мұнда барша жұрт күн сайын бірінші кезекте тұтынатын тауарлар нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағада сатылады.

Өткен аптада облыс орталығындағы Мыңбұлақ шағын ауданында «Әлеуметтік дүкен» ашылды. Естеріңізде болса, жыл басында көне шаһардың іргесіндегі Құмшағал елді мекенінде дәл осындай сауда павильоны іске қосылған болатын. Жалпы, қазіргі таңда қала аумағында басаяғы 12 әлеуметтік дүкен бар. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы өкілдерінің сөзінше, алдағы уақытта Шалғай Қарасу алқабында да дүкен ашу жоспарлануда.

Айта кетейік, нақ осы сауда павильондарында картоп өнімінің килограмы 130 теңгеден сатылса, ал оның нарықтағы орташа бағасы шамамен 260 теңгені құрайды. Сондай-ақ мұнда қант бағасы – 365 теңге болса, нарықта бұл өнім 410 теңгеден сатылады. Бұдан бө  к әлеуметтік дүкендерде өзге де әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары нарықтық бағадан төмендетілген бағамен ұсынылады. Мәселен, нан – 90 теңге, ал сүт өнімдері (сүт, айран, сары май, сүзбе) нарықтағы бағадан 10 пайыз төмен сатылып жатыр. Бастысы, бұл дүкенге келушілердің қарасы көп.

 

Есен ӨТЕУЛІ