Қазір қарызы жоқ адам бар ма?
«Заманына қарай адамы» демекші, жер жүзінде қарыз емес адам жоқ шығар, сірә.
Ипотекалық, тұтынушылық, несиелік, қолдан алған қарыз сынды түрлері жетіп артылады. Қарыз адамның күйі құрысын. Банктерден алған несиелерімізбен қатар туыстан, достан, көршіден, әріптестен алған қарыздар жетіп артылады. Біреу кәсіп ашамын деп ұрынды. Екінші адам көлік аламын деп, үшіншісі тағы бір мұқтаждықпен қарыз алды. Ешкім жетіскеннен қарыз алмайды. Жасыратыны жоқ, кейде адам басына іс түсіп, өзгенің есігін қағып, қарыз алуға мәжбүр болады. Одан бөлек жағдайы жақсы бола тұра өзгеден тиын-тебен дәмететіндер де бар. Алған қарызын мұқтаждығын өтеуге емес, жағдайын түзеуге жұмсағысы келеді. Ол астындағы көлігін менсінбей қымбатына көз тігуі мүмкін, жақсырақ үйде тұрып, қымбат той жасап абыройын арттырғысы келеді. Сөйтіп жалған мақтан үшін қарыз алады.
Қазақ – тойшыл халық. Абырой, атағыма кір келмесін деп қарызданып-қауғаланып, одан әрісі несие алып дүркіретіп той жасап жүргені. Кімге не көрсетпек? Бір күндік той үшін бірнеше жыл жалақысыз жұмыс істеп әлекке түскеніне татиды ма? Біз кез келген қаржылай қиындықтың шешімін осы несиемен байланыстырамыз. Жаңадан үй салып, көлік алатын болсақ та несие аламыз. Ақша жинап, үй салып, көлік алып, той-томалақ өткізетіндер некен-саяқ. Анығында біз ақшаны жинаудан гөрі оны оңды-солды шашуға құмармыз. Қазір жұрт телефон мен тефаль дейтін техникадан бөлек, тамақты да несиеге алатын болған. Иә, көлік пен киімді былай қойғанда азық-түліктің өзін бөліп төлеуге алады. Қарызға азық-түлік алудан ешкім арланбайды. Жалақының аздығын, тамақтың қымбаттығын алға тартады. Сондықтан кредитке кіруге мәжбүр. Бұрын азық-түлікті «қарыз дәптерге» жазса, қазірде халық Kaspi Redке үйреніп алды. Қарыз адам елге қарызын қайтарғанша уайым-қайғымен, үреймен жүреді. Бұл сөзімізге көршісінен өсіммен ақша алған мұғалім Жанар Оразымбеттің сөзі дәлел.
Пенде болған соң қарызданам з. Қауғаланамыз. Сүрінеміз, құлаймыз. Бірақ қайта тұрамыз. Ендеше өмірге келген соң мүжілмей, мұқалмай, еңсеңізді тіктеп қарыздан тез құтылудың жолын қарастырайық. Қаламыздағы қаржы маманы Айсана Тымбаева қарызды қайтармас бұрын жеке дәптер алып майдашүйде қарыздан бастап ең үлкеніне дейін бірін қалдырмай жазыңыз дейді. Ең әуелі он мыңдық, он бес мыңдық қарыздардан құтылып сызып отырыңыз дейді. Сонда арқаңызды кеңге салып, бір міндеттен құтылғандай күй кешесіз дейді.
Ал әйгілі заңгер, қаржы маманы Гүлмира Қасарай ең алдымен қарыз алған достарыңыз бен туыстарға, кім сізге керек кезде қол ұшын созып қарыз берді түгел қоңырау шалып шығыңыз дейді. Ол да сіз секілді ет пен сүйектен жаралған пенде болғандықтан түсіністік танытары анық. Қазір төлей алмай жатқаныңызды айтып, кешірім сұрап, аз-аздан болса да бөліп төлейтініңізді айтыңыз деп отыр. Сосын үйдегі қажетсіз деп танылған телевизор, темір, үстел, керексіз заттың бәрін сату алаңдары арқылы сатып жіберіңіз де, қарызды қайтарыңыз деп кеңес берді және соңғы үлгідегі телефон, қысқатолқынды пеш сынды дүниелерді алмайақ қоюға болатынын, ескі дүниені ұқсатып пайдалана білуі керектігін де айтып өтті.
Жайшылықта жұмысы біршама тұрақталып, жалақыдан жалақыға жетіп, жетіле бастағанда банкке мойын созатынымыз рас. Пайызы пұшайман ететін қарызға кірмей тұрып, қызметіңіздің болашағын бағамдаңыз дейді білетін жұрттар. Тұрақты кірісті жоғалтудың өзі айтарлықтай қиындықтар туғызады. Ал оның үстіне несие болса, жан алқымға келгені сол болар. Жаңа жұмысқа тұрған болсаңыз, мекеменің қаржылық жағдайын бағалау оңай емес. Әріптестеріңізбен сөйлесіп, компания жаңалықтарын, мүмкіндіктерін зерттеген жөн. Қарыз аларда қызметкерлердің қысқартылуы, кешіктірілген жалақы тағы басқа мекемеішілік мәселелерді ескеріңіз. Денсаулығыңыз, созылмалы ауруларыңыздың болмауы – қарыздан қиналмай құтылудың алғы шарты. Алда-жалда бас ауырып, балтыр сыздаса, дәрі-дәрмектермен бірге қосымша шығындар төлемдерді төлеуді қиындатады. Мұндай жағдайда банк тарапынан түсіністікке сенудің қажеті жоқ. Тәуекел етуге тағы болмайды. Тек өзіңіз үшін несие алыңыз. Сайып келгенде, қазіргі күнде қарызсыз, несиесіз, ипотекасыз өмірді елестету қиын. Десе де ескеретін нәрсе бар. Байлық – тапқаныңыздан асырып емес, кем жұмсағанда бітетінін біліңіз. Былайша айтқанда, тарта жесе тай қалады, қоя жесе қой қалады, қоймай жесе не қалады?! Жазмыштан – озмыш жоқ. Мәңгілік сапарға Алланың бұйыртқан күні біз де аттанамыз. Сол кезде шариғатымыз бойынша соңғы сапарға шығарып салар алдында марқұмға жаназа намазы оқылады. Намаздан бұрын имам: «Бұл кісінің қарызы бар ма еді, болса кім төлейді?» – деген жалғыз сұрақ қояды.
Имамның намаз, ораза, тіпті, қажылық емес, қарызының баржоғын анықтап алуында үлкен мән жатыр. Себебі қарызын ана дүниеге арқалаған жанның жағдайы қиын. Сол үшін ойланайық, ағайын.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА