Аймақ

Ұлттық рухымыз әрдайым биік болсын

Бүкіл ел болып талқылап жатқан жаңа Конституция жобасында ұлт және оның татулығы, этносаралық достық туралы әдемі әрі орынды айтылған. Бірлік бар жерде ғана тірлік, жетістік, жетілу болады. Ата Заңымыздың жобасымен таныса отырып Қазақстанымыз егеменді ел болып, тереземіз алпауыт мемлекеттермен теңесіп отырғанына шүкіршілік етіп, бойымызды күш-қуат кернеп, ұлттық рухымыз ойнайды.

Ұлттық рух – ұрпақтан-ұрпаққа, бабадан немереге, әкеден балаға үйретілетін тағылым, яғни, кісілік өнеге. Қазақ елі тарихта бұған ерекше мән берген. Қазақ ұлты және оның зиялылары заман талабына сай ел мүддесіне қызмет ету талабының өзгеріп отыратындығын терең білген. Сол себепті, қоғам тарапынан қашан да ұлттық бірегейлікке ерекше мән беріліп отырған. Себебі адамзат өркениеті биіктеген сайын қоғамның құрылысы да өзгере бастайды, әлемде болатын жаңалық барлық адамзат қоғамына ықпалын тигізбей қоймайды. Тұлғаның бойына тән басты қасиет – намысшылдық. Қазақ зиялыларының тарихтағы рухани өміріне қарап намыспен тәрбиеленіп, жастайынан абыройлы болуды ойлап өскендігін көруге болады, олар намысшылдығымен тарихтың қиын қыстау кезеңдерінен сүрінбей өткен.

Алаш тұлғаларының ұғымында намыссыздық рухани әлсіздіктен шығатын мінез, бұндай мінездегі адам кез келген нәрсеге жеңіл қарайды. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай адамды мал мен пұлға айырбастауға дайын тұрады және өзінің бұндай әдетін жөн деп санайды. Ал бойында намысы бар адамдар ақыл парасаты, таза білімі және бойындағы қасиетінің рухымен халқының санасына ықпал ететін интеллектуалдық қызмет үлгілерін туғызып отырады. Намысымен тұлғалық дәрежеге жеткен адамдардың рухани қызметінің жемісін алдыменен халық, келер ұрпақ көрмек.

Қоғам алдында жүріп елге жөн сілтейтін адамдардың намысы болса елде, ұрпақта намысшыл. Ел тағдыры үшін жаумен күресетін ерлерін қолдаған ел алдыменен ердің намысын қадірлеген. Қазақ жырларының бойында ұрпаққа үлгі етілген ұлттық намыс туралы өнеге мол. Мәселен, Қобыланды батыр жауға аттанып бара жатқанда артынан қарындасы шығып жөн сұрайды, «ата-анаң, мал-мүлкің, отбасың қалып бара жатыр, оны кімге тапсырасың?» деп сұрайды. Бұған батырдың берген жауабынан ел намысы деген ұғымды көреміз. Яғни ұлтының азаматы бола білген адамға ел тыныштығы басты құндылық. Қазақ аналарының шаңырақтың өмірін таза ұстап, ұрпақ тәрбиесінде көрінген жетістіктерін олардың ұлттық рухымен өлшеуімізге болады. Аналарымыздың намысының арқасында қазақы отбасының рухы сақталды.

Рухты отбасынан намысты ұрпақтың өсіп шығатындығы, елін сақтайтындығы тарихымыздан көрінеді. Уақыт өтіп, заман өрісіндегі қоғам өзгергенімен, заң түрленгенімен ұлттық қасиет өзгермейді, зиялылықтың өлшемі түрленбейді. Ұлттың жан дүниесі сол күйінде қалады. Сондықтан да, кісілікті, намыс ұғымын тарих деңгейімен өлшеуді уақыт талап етіп отыр. Тарих уақыты қиыншылығы мол кезең. Қиыншылығы мол кезеңде адамды сақтайтын, отбасыны, қоғамды көркейтетін намыс қана. Адам қанша жағдайы болғанымен кісілікті ақшаға, байлыққа сатып ала алмайды. Ол тек адам бойына ұлттық санамен келеді, зиялы адамның рухани қасиеттері тектіліктің рухымен тарих өрісіне еніп отырады. Жүсіпбек Аймауытов «Ұлтты сүю» атты мақаласында, «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін қызмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр».

Алаш зиялыларының рухы оларды жағымпаздыққа, екіжүзділікке, аламандыққа жібермеген. Имандылық күшті болды. Олардың түсінігінде бойдағы абыройды қорғау, мінезді көркейту, жақсылықты жанашырлықтан, адамгершіліктен, шынайылықтан іздеу қоғамдық ортада кісілікті арттырады. Намыс адамның тұлғалық мәртебесін сақтайтын қасиет. Намысы мол адамның бойында өзіне өзі қайтып оралу, іштей өзімен кеңесу бар. Бұндай адам әдептілікті алдын ала ойлап жүреді. Адамның бұндай мінезі тектіліктен туындайды және де ол барлық уақытта атаққа емес, абыройға, адамгершілікке негізделеді.

Тарихқа қарап отырсақ, қазақтың рухани өмірі ақылдан, даналықтан құралған. Әдеп бәрінен де биік тұрды. Үлкен мен кіші, ер мен әйел қоғамда өз жолымен жүрді. Ерлер ел ісін бірігіп шешті, қазақ әйелдері, аналарымыз ұлт тәрбиесіне ерекше мән берді. Ел басқарып, батырлардың тобын бастаған намысты адамдар қатары кеткен соң қоғамда әдепсіздік орын ала бастады. Отаршылдық заманда өмір сүрген жырау бабамыз Дулат Бабатайұлы айтып кеткендей:

«Атаны бала алдады,

Шешеге назар салмады,

Теңгерер жақсы қалмады.

Қысқа менен ұзынды.

Әбден үміт үзген соң,

Қой зор болып түйеден,

Құлын зор боп биеден,

Сөз оралмай жүйеден,

Бұзақы би боп тізілді.

Лашын өрлеп ұша алмай,

Ер майданға түсе алмай,

Үлкеннің тілін кіші алмай,

Елдегі жақсы бұзылды.

Мәстек озып бәйге алды,

Тайынша пұл боп, тай қалды.

Бағасыз қыран жай қалды,

Достықтың қылы үзілді».

Қазақтың намысты ерлері тарихпен, тарихтағы тұлғалар ісімен санасқан емес, керісінше бабалар аманатын орындауға ұмтылған. Тарихтағы, өмір сүріп отырған уақыттағы құндылықтарды зерделеп, ел болашағын тарихтың тәжірибесі негізінде шамалау, халықтың кеуіліне қонымды іс атқару қазақ зиялыларының болмысына тән. Намыс адамның, елдің рухын сақтайтын қасиет. Уақыт бір орында тұрмайды, заман болмысымен елдің көші қашан да бір жүрмек. Елдің көшін заманынан қалдырмауға ұмтылатын зиялылардың тәжірибесі бір, идеясы бір бағытта. Ол әрине тәуелсіздік, тәуелсіздік ата-бабаларымыздың ұлттық намысымен келсе, ұрпақтың рухтылығы, еңбекқорлығы, шынайылығы, мемлекетшілдігі тәуелсіздікті нығайтады, елді көркейтеді.

Мемлекет пен халықты, ұрпақты тарихпен және болашақпен біріктіретін зиялылардың ақиқатты қызметі. Патриот дегеніміздің өзі намысшыл адам. Намысшыл, бойында ұлттық намысы бар адам ғана елін тани алады, мұңмұқтажын біледі. Намыссыз адамнан бұндай деңгей шықпайды. «Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын», – деп Жүсіпбек Аймауытов тегін жазбаса керек. Бойындағы қабілетіне, өз қасиетіне, адамгершілігіне сүйенетін ерік жігері, білімі мол адам ғана ұлтының қызметшісі болмақ. Бұндай адамның ісі шынайы, мінезі тартымды, сөзі халқына өтімді келеді. Қазақ зиялылары өз заманында кеңес үкіметі тарапынан қудаланғанымен олардың қызметін, мұраларын, идеяларын халық түсінді, ел ұмытқан жоқ, тарих бойынан ұрпақтың өзі тауып алуда. Өркениетті елдерде де ұлттық рух мәдени құндылыққа айналған. Қаншалықты мемлекет дами берсін жапон елі төл дүниелерінен қол үзген емес.

Германияда жүріп неміс тілін білмесең халық түгіл, ғылымы да сені қабылдамайды. Оларда ана тілі ең басты құндылық. Жапондарда дәстүрден, халықтан, ұрпақтан артық байлық жоқ. Әр адам үйінде, қоғамда осыны терең сезінеді. Қайырымдылық төл дүниені дәріптеп, насихаттаумен өлшенеді. Түрлі жаңа технологияны, компьютерді, роботты жасағанымен оның соңына еріп кетпейді, баланы дәстүрге, төл мәдениетті меңгеруге бағыттайды. Бұдан ұғынарымыз қанша уақыт алға басып, қоғам дамығанымен сол қоғамға мән мен мағына беретін адамның рухани байлығы, рухани байлық адам бойындағы қасиеттермен келеді, бойында ұлттық қасиеті бар адамның рухымен ел мүддесіне бағытталған істері өніп отырады.

Ахмет Байтұрсынов елді ойлаған, елдің болашағына қызмет ететін істерді атқарып кетуді ойлаған, өз заманында елдікке жастарды бағыттап отырған, кісілікке тәрбиелеген. Қанша қиындық көрсе де оған шыдамауға оларды намысы жіберген жоқ. Ұлт зиялылары қанша қиындық көрсе де бойларын кернеген ұлттық намыстың арқасында кез келген адам шыдамас қиындықтарға төтеп бере білген еді. Намыстың арқасында жер қорғалды, ел бірлігі жоғары болды. Ұлттық рухымыз биік болды. Қазақ руханиятында зерделенген, елдік, ар-намыс, қайырымдылық, жауапкершілік, кішіпейіл болу, төзім, қанағат, мейірімділік сынды ізгі қасиеттер, ұрпаққа үйретіліп отырған адал еңбек тұжырымы – ұлттық бірегейліктің негізгі тұтқасы.

Осы құндылықтар арқылы қазақтың отбасында, қоғам өмірінде бірлік, түсінік, төзімділік, қайырымдылық сақталған. Тарихтағы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігінен түйеріміз, өскен ортасына сенетін адам қоғамға да сенеді, мемлекетін өз үйіндей сезінеді. Отанға деген сүйіспеншілік өткенге ұқыпты қарауда көрінеді, онсыз лайықты болашақ құру мүмкін емес. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан, үлкен қиындықтармен келген және ата-бабаларымыздың жанқиярлық еңбектерінің арқасында бізге жеткен еліміздің егемендігін сақтау және бағалау әркімге парыз.

Еліміз өркендеп, жетіліп, бақ-береке, тыныштық ұялап, Көк туымыз биікте желбірей бергей!

Ұлттық ой-санамыз бен рухымыз кемелдене берсін!

Жаңа Ата заңымыз ертең ел игілігіне жарап, халқына адал қызмет етуді жазсын!

 

Толқын АЙМАХАНОВА

«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы

Тараз қаласы