Саясат

Ақылы жолдардан бір жылда қанша ақша түсті?

Премьер-министр Олжас Бектенов автожол саласын дамыту мәселелері бойынша Үкімет отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға, оның ішінде жаңа автожол жобаларын іске асыру, өңіраралық желіні дамытуға назар аударылды. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.

Жиында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев саланың ағымдағы жағдайы мен даму жоспарлары туралы, «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев жол жұмыстарын жүзеге асыру және цифрлық шешімдерді енгізу туралы, «Жол активтері сапасы» ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау туралы баяндады.

Елімізде жолдарға 4,6 триллион теңге жұмсалады

Қазақстанда алдағы үш жыл ішінде 4,6 триллион теңгенің жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Оларды іске асыру транзиттік әлеуетті едәуір арттыруға және тікелей экономикалық тиімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, 2029 жылға дейін 10 мың километр автожолға орташа жөндеу жүргізілмек, оның 5 мың километрі қазірдің өзінде аяқталды. 2029 жылға дейін тағы 5 мың километр жөнделеді.

Көлік министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының ұзындығы 95 мың километрді құрайды, оның 25 мың километрі республикалық, ал 70 мың километрі жергілікті желіге тиесілі. Алдағы үш жылда 32 мың километр жергілікті жолдарды нормативтік жағдайға келтіру, қамту көлемін бес есеге арттыру жоспарлануда. 2029 жылға қарай 10 мың километр жол орта мерзімді жөндеуден өтеді, оның 5 мың километрі қазірдің өзінде аяқталды.

Премьер-министр «Қарағанды – Жезқазған», «Бейнеу – Сексеуіл» және басқа да жобалар бойынша биыл барлық қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау керек екенін атап өтті. Сондай-ақ Астана, Арқалық және Ырғызды байланыстыратын «Орталық – Батыс» жобасын жеделдету қажет. Өткен жылы жергілікті жолдар мен көшелердің сапасына қатысты азаматтардан түскен шағымдардың саны артқанын, биылдың өзінде 7500-дей арыз-шағым келгенін атап айтқан Үкімет басшысы жол сапасы мәселелері бойынша әкімдіктерге азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру, уақытылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолдарды жөндеу барысына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Ақылы жол үшін төлем жасауға бір ай уақыт берілмек

Елімізде ақылы автомобиль жолдарының инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бұл туралы үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір ел аумағында жалпы ұзындығы 4900 километрді құрайтын 26 ақылы жол телімдері бар. Биыл қосымша жаңа 6 ақылы учаске енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ, ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Сондай-ақ басқарма төрағасы жүргізушілер төлем мерзімін ұзарту туралы өтініш білдіргенін айтты. Қазір жол ақысын бір апта ішінде төлеу керек.

Былтыр ақылы жолдардан 87 миллиард теңге жиналған. «ҚазАвтоЖол» басшысының айтуынша, бұл қаражаттың барлығы ақылы учаскелерді күтіп ұстауға бағытталған. Мәселен, түскен кіріс есебінен 1456 арнайы техника мен жабдықтар сатып алынған. Сонымен қатар 354 мың шаршыметр жол жабынына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 340 мың текшеметр көктайғаққа қарсы материал себілген.

Айта кетейік, 2024 жылы ақылы жолдардан түскен кіріс 48 миллиард теңге болған. Ал бұған дейін Көлік министрі биыл ақылы жолдарды пайдаланудан қазынаға 100 миллиард теңге жинау жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.

Жол бойы сервисті дамыту – өзекті

Үкімет отырысында жол бойындағы сервисті дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл орайда ұлттық стандарттарға сай келетін нысандардың қатары көбейіп келеді. Бірақ олар негізінен ірі елді мекендердің маңында орналасқан. Сондықтан, трассалардың бойында сервистік орталықтарды біркелкі ашып, жүргізушілерге жанармай бекеттері мен қонақ үйлерге дейінгі қашықтық туралы мәлімет беретін жол белгілерін орнату керек. Сонымен қатар шекаралық өткізу бекеттерінің маңында жүргізушілерге қызмет көрсететін сервистік нысандар ашу бойынша шаралар қабылдануы тиіс.

«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, бүгінде республикалық автожолдардағы жол бойы сервис нысандарының саны 1421-ге жеткен. 2023- 2025 жылдар аралығында толық қызмет көрсететін 123 жаңа заманауи нысан іске қосылған болатын. Биыл жеке инвестициялар есебінен қосымша 37 нысан ашу жоспарланып отыр. Жолдардың бойында 176 модульдік санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылды, оның 108-і соңғы үш жылда пайдалануға берілді. Биыл 13 модульдік павильон орнатылмақ. Алдағы кезеңде жол бойы сервисін жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр. Бұл жұмыс республикалық маңызы бар автожолдарды салу жəне қайта жаңарту жобалары аясында жүргізіледі.

Атап айтқанда, жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін көпфункционалды сервистік аймақтар кезең-кезеңімен құрылатын болады. Премьер-министр транзиттік тасымал көлемінің артуына байланысты ауыр жүк көліктеріне де сапалы қызмет қажет екенін атап өтті. Сервистік сегменттің бұл түріне сұраныс жоғары, оны отандық бизнес ұсына алады. Жалпы, жаңа автожол жобаларын кешенді түрде жүзеге асырып, инфрақұрылымды дамытуды және жөндеу жұмыстарының толық көлемде аяқталуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.

Үкімет отырысында Премьер-министр тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Мәселен, жол бойындағы сервисті дамыту бойынша Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп 1 мамырға дейін тиісті стандарттар мен бизнесті ынталандыру шараларын сақтай отырып, әр өңірде жол бойындағы сервисті дамытудың егжей-тегжейлі картасын әзірлеу тапсырылды. Автожол саласын цифрлық трансформациялау ісіне байланысты Көлік және Жасанды интеллект министрліктеріне «ҚазАвтоЖол» компаниясы мен Сапа орталығына осы жылдың соңына дейін республикалық, жергілікті және қалалық желілер бойынша деректерді интеграциялап, жолдардың жағдайын, жұмыстардың барысы мен бюджет қаражатының тиімділігін бақылаудың бірыңғай цифрлық платформасының жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.

Бұл объективті жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға және ақауларды уақытылы жоюға мүмкіндік береді. Қозғалыс қауіпсіздігі бойынша Көлік министрлігіне Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерімен және әкімдіктермен бірге мамыр айының біріне дейін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарларын жаңарту тапсырылды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП