Конституция – ел дамуының темірқазығы
Биылғы жылдың 15 наурызы – еліміз үшін маңызды күн. Осы ретте қазіргі таңда өңірөңірлерде конституциялық реформаның мәнін көпшілікке түсіндіру мақсатында кездесулер өтіп жатыр. Себебі осынау саяси науқанда саналы таңдау үшін ең әуелі қарапайым халықтың толыққанды ақпарат алуы маңызды. Дәл осындай мақсатта Тараз қаласындағы «Достық» үйінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалық етуімен «Жаңа Конституция – халық таңдауы» атты жиын ұйымдастырылды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев пен облыстық мәслихат депутаттары, ақпараттық-насихаттық топ мүшелері, сарапшылар мен спикерлер қатысты. Жиынның алғысөзінде аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы мұндай ашық диалог алаңдары әр азаматқа референдум төңірегіндегі өзгерістердің мән-маңызын жанжақты түсіндіруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, конституциялық өзгерістер қоғамның сұранысына және уақыт талабына сәйкес жүзеге асырылуда.