Әлеумет

Туризм саласындағы цифрлық технология

Соңғы жылдары еліміздің туристік саласы тұрақты оң динамика көрсетіп отыр. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында орналастыру нысандары 7 801,3 мың адамға қызмет көрсеткен. Бұл көрсеткіш ішкі және кірме туризмнің жандануын және саланың пандемиядан кейінгі қалпына келуін айғақтайды.

Халықаралық дереккөздердің мәліметтері бойынша, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға 7,5 миллионнан астам шетелдік турист келген, олардың шамамен 5 миллионы ел аумағында 24 сағаттан астам уақыт болған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік келушілердің жалпы саны 12,1 миллион адамнан асқан, оның ішінде 8,6 миллионы бір тәуліктен артық болған туристер. Сонымен қатар 6,7 миллионнан астам қазақстандық ел ішінде орналастыру қызметтерін пайдаланған. Аталған көрсеткіштер туризмнің экономикалық белсенділіктің маңызды драйвері болып қала беретінін көрсетеді. Өсім тек инфрақұрылымдық даму есебінен ғана емес, сонымен қатар туристік өнімдерді ілгерілету мен өткізудің цифрлық тетіктерін енгізу арқылы қамтамасыз етілуде.

Цифрландыру туристердің мінез-құлқын, ақпарат іздеу тәсілдерін, брондау және төлем жасау формаларын өзгертіп, нарықтағы бәсекелестікті күшейтуде. Туризм – динамика және цифрландырудың ықпалы. 2025 жылғы орналастыру секторы көрсеткіштерінің өсуі туристік белсенділіктің артқанын және заманауи цифрлық арналардың тиімділігін дәлелдейді. Әлеуметтік желілер сұранысты қалыптастырудың маңызды құралына айналып отыр: олар туристік бағытты таңдауға ықпал етеді, ұсыныстарды салыстыруға және жедел кері байланыс алуға мүмкіндік береді. Маркетплейстер мен онлайн-турагенттіктер (OTA) шағын және орта бизнес үшін ірі маркетингтік шығындарсыз кең аудиторияға шығуға жол ашады.

Цифрлық арналар тұтынушының қызығушылықтан сатып алуға дейінгі жолын қысқартып, баға айқындылығын арттырады және нарықтағы бәсекені күшейтеді. Нәтижесінде компанияның цифрлық беделі мен онлайн қатысуы бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторына айналады. Мемлекеттік саясат және цифрлық инфрақұрылым. Туристік саланы дамытудың 2023- 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында цифрландырудың стратегиялық бағыттары айқындалған. Құжат бірыңғай цифрлық туристік экожүйе қалыптастыруды, брондау жүйелерін, төлем құралдарын және аналитикалық сервистерді интеграциялауды көздейді. Туристік қызметті құқықтық реттеу «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заң аясында жүзеге асырылады. Сонымен бірге цифрлық инфрақұрылымның фрагменттілігі сақталуда: платформалар арасында бірыңғай деректер алмасу стандарты жоқ, ал шағын бизнес субъектілерінің цифрлық құзыреттілік деңгейі әркелкі.

Кәсіпкерлік құрылымдарға әсері. Цифрлық технологиялар кәсіпкерлерге онлайн-платформалар арқылы жаңа нарыққа шығуға, брондау және сату үдерістерін автоматтандыруға, сұранысты болжау үшін аналитикалық құралдарды пайдалануға мүмкіндік береді. Туристік белсенділіктің өсуі жағдайында саланы дамытудың басым бағыты – жүйелі цифрлық жаңғырту. Қолданыстағы платформаларды бірыңғай ақпараттық ортаға біріктіріп, деректер алмасудың унификацияланған стандарттарын енгізу қажет. Бұл нарықтың ашықтығын арттырып, кәсіпкерлердің шығындарын азайтады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің цифрлық құзіреттілігін арттыруға бағытталған білім беру бағдарламаларын күшейту, IT-шешімдерді енгізуге қолдау көрсету және отандық TravelTech жобаларын дамыту маңызды.

Сонымен қатар электрондық есептілікке көшу және әкімшілік жүктемені азайту арқылы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет. Осылайша, цифрландыру Қазақстанның туристік нарығын трансформациялаудың стратегиялық факторы болып табылады. Тұрақты нәтижеге технологиялық инновациялар, институционалдық қолдау және кәсіпкерлік құрылымдардың цифрлық сауаттылығын арттыру үйлесім тапқан жағдайда ғана қол жеткізуге болады. Болашақта бірыңғай цифрлық экожүйе ұлттық туристік өнімнің ішкі және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің негізіне айналады.

 

Манзура ТҰРЛЫБЕК

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің магистранты