Жаңалықтар

Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары қазақ поэзиясында үлкен серпіліс сезілді. Арғы жағы Төлеген Айбергеновтен бастап, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев, өзіміздің жерлесіміз Күләш Ахметовалар өлеңдері жүректен шығып, жүрекке жетіп оқырмандарын өздеріне ғашық етті. Одан кейінгі толқын да олардан кем соқпады. Әсіресе елімізді айтпағанда Талас өңірінің поэзиядағы алтын дәуірі басталды. Сыршыл, сырбаз ақын Нарша Қашағанұлы ауылда тұрып-ақ Астананы мойындатты. Тап сол жылдары айтыс өнерінде Шорабек Айдаровтың «Ей, ағайын» деп басталатын әуені күні бүгінге дейін айтыс ақындарының шабытын қамшылап, брендіне айналды. Жасындай жарқылдап, алмас қылыштай жалтылдап, өнер өлкесіне өзіндік үнімен Серік Томанов келді.

Мен онда аудандық «Ленин жолы» қазіргі «Талас тынысы» газетінде қызмет істеуші едім. Сол дәуірді алтын дәуір деп санайтыным редакцияға бұрын соңды болып көрмеген жыр-сүлейлері мен қара сөздің қаймағын сүзген ақын, жазушылардың шоғырлары топтасты. Бас редакторымыз сөз танитын, салмақты, салиқалы, көркем мінезді Әбдірахман Әбдірасылұлы еді. Талантты тани білетін Әбекең ауыл-ауылдан таңдап жүріп, шығармашылық орта жасады. Бәкене бойлы, шашы желкесіне түскен, екі көзі от шашқан Серік келісімен өзінің үні бар, ізі бар ақын екенін көрсетті. Аз уақыт ішінде-ақ мұқым жұртқа ақындығын мойындатты. Серік жайлы өзінің рухани інісі бұл күндері қазақ әдебиетіндегі белгілі тұлғаның бірі Көсемәлі Сәттібайұлы Серіктің «Жұлдыздан терем өлеңді» деген кітабында жазған алғы сөзінде оның жас күнінен кітапты көп оқитынын, көп ізденетінін, соның арқасында ірі сөз зергеріне айналғанын еске алады. Көсемәлі әдебиетке Серіктің өлең арқылы келгенін еске ала отырып: «Журналистикаға қызметке келмейсің бе?» деп үгіттегенін, алғашында оның: «Мен мақала жаза алмаймын ғой» деп қашқақтағанын да айтады. Қалай болғанда да Көсекеңе көнген Серік ортамызға қосылды. Содан: Серіктің бір топ өлеңдерін аудандық газетке бердік. Сол өлеңдерінің бірінде:

Төлегендей төгіліп,

Сезімім сел боп ақпаса.

Жұмекендей салмақты ой,

Омыраулап есік қақпаса.

 

Мұқаңдай сыршыл ағындар,

Тамырда тулап жатпаса.

Қадырдай ақыл, парасат,

Санадан тұрақ таппаса.

 

Тұмағадай тұнық сыр,

Сезімге терең тартпаса.

Фаризадай семсер тіл,

Шымбайға қатты батпаса Есенғали – үн елгезек,

 

Елімнің салтын бақпаса

Сенімен өлең, жол басқа,

Әуре боп онда мен қасқа,

Алқалы топқа түспей-ақ,

Адыра қалсам болмас па?!, – деп өзіне серт береді.

Серік сертінде тұрды. Оның әр өлеңі бір дастан, әр өлеңі әуенге бейім болатын. Ол ақындықты атақ шығару үшін емес: Жүрегімді, санамды көздеп ұдай, Бет қаратпай сөздердің өзгеруі-ай. Ес жиғызбас мынадай нөсерден соң, Бар десе де сенбес ем өзге «құдай», – деп өмір сүрді.

Шынында да Серік газетте қызмет істеген жылдары мақала жазғаннан көрі ақындығын алға қойды. Содан ба екен оның мақалаларында өлеңге тән ырғақтар сезіліп тұратын. Соны түсінген редакторымыз Серікке еркіндік беретін. Оның мамандығы зоотехник, бірақ жүрегі ақын, сазгер Орынбасар Әбдіжаппаровпен араласып талай дүниелерді, әдемі әндерді өмірге әкелді. Бүкіл Талас жұрты екеуінің жүрегінен шыққан «Қызыл көйлек киген қыз» деген өлеңін әнге қосты.

Қызыл көйлек киген қыз оттай жанды,

Сол сол екен жанарым шоққа айналды.

Аяғымнан әл кетіп тоқтай қалдым,

Ал жүрегім... жүрегім соқпай қалды.

 

Лап берді де ыстық леп отқа орады,

Есер сезім еркімді ноқталады.

Құдайдың әйтеуір бір сақтағаны

Қызыл көйлек киген қыз тоқтамады.

 

Қызыл көйлек қайтіп сол көрінбеді,

Өшпей қалды өрт бейне көңілдегі

Жанарымда бір жола қалып қойды,

Лап бергені жалынның шегінгені.

 

Жүр демейді бекерге жоққа налып,

Жалтақтаймын сол шаққа көп қадалып

Шала жанған жігіттер жаман екен

Өртеніп кетпеген соң отқа оранып.

Сол қызыл көйлек киген қыздың автордың бірімен мәңгілік махаббаттың символына айнала жаздап, ғажап дастанға айналғанын көзіммен көрдім. Шын ғашықтар қосылмайды дегендей ол екеуін өлім ғана ажыратқанын күні бүгінге дейін білетіндер аңыз етіп айтады.

Жалпы айтқанда Серік сезімнің ақыны. Сезім сергек болмай, жүрегі кірлемей таза болғанда ғана мөлдір, нөсер жырлардың жазылатыны анық. Сондықтан да Серіктің:

Тілім менің жүрегім, жан тынысым

Тіл арқылы танылар талпынысым

Тілді қорғап тірлікте өле өлгенше

Қан мен терді төгемін халқым үшін.

 

Ақиқатқа үңілсең шынында да,

Ұлтты сақтап қалатын тілің ғана.

Көк байрақтың түгіне көсегелі,

Өсер елдің тілінің туын қада, – деп ағынан ақтарылуы тегін емес.

Шынында да Серіктің тұла бойы жыр еді. Ішіндегі тынжысы тыным таптырмайтын. Сол құдірет оны алысқа армандарға жетелейтін. Ақыры асау жыр оны ақындардың мекені Алматыға апарды. Талантты талант таниды дегені рас. Сонау Алматыда «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы Фариза Оңғарсынова апамыз Таласқа іссапарлап келгенде Серіктің өлеңін тыңдайды да әрі тұшына оқиды да жас періні қызметке шақырады. Енді Серігіміз Алматыны жырымен сусындатты. Сол жылдары ғой Фариза апасына арнап «Жыр – айна» деп төгілдіре жыр жазғаны.

Семсер жырдың иесі Сіз бе едіңіз?

Қош келдіңіз! (Үмітті үзбедіңіз).

Жүрегімді, санамды шиырлаған,

Жатыр Сіздің жосылып іздеріңіз.

 

Сіз бе едіңіз, сол ақын шырылдаған,

Шарттылық, қасаңдыққа ұрынбаған.

Сіз жасаған қарап алып жыр – айнаға,

Бойы – басын түзейді бүгінде адам.

Тегінде туған жерін, туған елін жырламаған ақын бар ма? Серік өзінің туып-өскен жерін бір кісідей-ақ жырлады. Тіпті «Айналайын ауылдың қарғалары-ай» деп жырлауының өзі неге тұрарлық. Алматыда жүргенінде ауылының қарғаларын сағынып:

Жамырап, жар салатын таңға қарай,

Айналайын, ауылдың, қарғалары-ай!

Қатарыңа мен-дағы қосылар ем,

 

Қанатымның қап әттең болмағаны-ай!

Бейбіт күннің бейкүнә жаршылары-ай,

Шаттық үнің әмәндә тыншымағай.

Қанаттыдан сендерді бөле жарып,

Қарға ғой деп қарайтын сыншылар-ай, – деген шумақтарында үлкен ой жатыр.

Тараз қаласында Абай көшесі бар. Сол көшеге арнап жазған өлеңінен ақынның өмірге деген өкпесі жатқан сияқты ма, қалай өзі...

Көшесімен Абайдың – Көктеп өтіп қаланы,

«Серісымақ ақынымыз сен бе» деп,

Теңге жырын термелеп,

«Көккөз» такси көзін қысып барады.

 

Көшесімен Абайдың – Кері кетіп қадамы,

«Өлме жаным, өлмелеп»,

Жоқшылыққа пенде боп,

Ақкөз ақын сезім қысып барады.

Өмір қатал, оның сынағына шыдауың керек. Бірақ ақын сезімнің адамы болғаннан кейін бе морт сынғыш келеді. Алайда бірақ өмірге құштарлығын ақ махаббаттан іздейді. Содан жанына жалау табады. Ақынның «Аузынан айдын түскен қыз», «Соғады сен деп жүрегім», «Айдында жүзген аққуым менің», «Сезімді қайтем тулаған» деген өлеңдерінде жазылған әнді бүкіл қазақ баласы айтып жүр десем қателеспеспін.

Көзіңді қайтем, қарайтын маған нұрлана,

Сөзіңді қайтем сиқырлы сазды думан ән.

Төзімді қойшы таусылмас сені күтуден,

Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған?

 

Күндерді қайтем, сынаптай сырғып зулаған,

Түндерді қайтем, ұйқымды менің ұрлаған.

Өзімді қойшы өзегін жалын өртеген,

Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған?

Бұдан артық ғашықтықтың жыры бар ма? Ал сезімдер адамды алдамайды. Өмірге деген іңкәрлігіңді ұштайды. Ақ махаббат бар жерде, өмір бар. Жалпы Серік сезімдермен өмірін ұзартқан ақын ба деймін. Оған оның «Хатқа жауап» деген өлеңі куә.

Мақтанышым дейсің бе жеке жүрген

Аяулым-ау мен сенің бөтенің бе ем?

Күллі әлемнің күлкісі, қуанышы,

Мына менің кеудемнен көтерілген.

 

Сен қуансаң соған да мәз боламын,

Сенің үнің, жазған жыр, жазған әнім.

Жердегі жұрт жайсаңдап жүрсе болды,

Ыңғайыңмен мен дағы қозғаламын.

Қапысыз дәл айтылған теңеу. Әсіресе оның «Адам» деген поэмасы шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік екендігіне еш күмәнім жоқ. Сонау Арменияда жер сілкінгенде жазылған жыр жер ананың ортақ екенін де адамзаттың көзін жеткізгендігін ақын былай деп жырға қосады:

Бір пұшпағы бүлінсе қасиетті Отанның,

Қалай ғана мен тыныш төсегімде жатамын.

Аласұрып жүргенде, алаңдаумен көңілім,

Амандығын білдірген Ашот достан хат алдым.

 

Сол хабардың шеңгелдеп сом тырнағы,

Сорлы жүрек кеудемде солқылдады,

Армения қайғысын аза тұтқан,

Ұмыта алар емеспін сол күнді әлі...

Алыста жатқан Арменияға қайғырып жыр арнауы адамзаттың бір-ақ мекені жер ана екенін аңғартпай ма?

Серік Томанов жоғарыда айтқанымдай Фариза апасы құрмет тұтқан ақын. 1999 жылы ол кісінің «Егемен Қазақстан» газетіне қазіргі қазақ поэзиясына талдау жасаған мақаласы жарық көрді. От ауызды, орақ тілді Мұқағали Мақатаевтың өзі бас иген ақын қыз Қазақстандағы талантты ақындардың қатарына Серік Томановты қосыпты. Одан артық біз баға бере алмаспыз. Міне, сол сыршыл, төкпе ақын Серік Томанов 70 жасқа толып отыр. Мен екі ақынды көрдім. Бірі қазақтың талантты ақыны – Тынышбай Рахымов, екіншісі – Серік Томанов. Екеуі де қырғи тектес қыран ақындар. Тынышбайдың Алматы қаласында өткен шығармашылық кешінде екі сағат бойы өлеңдерін жатқа айтқанын білуші едім. Серік те шашын сілкіп тастап, өлеңдерін сағаттап жатқа айтатын. Соның өзі ғажап құбылыс емес пе! Ақынның мұрасын жинақтап таңдамалы кітаптарын шығарып, жұртшылық арасында насихаттау керек-ақ болып тұр.

 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ

журналист, қаламгер