Ғылымдағы әйел - табандылықтың символы
Amanat партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетімен бірлесіп «ҒЫЛЫМДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР: Талпыныс, Төзімділік, Табандылық» атты фейл конференция ұйымдастырды. Ерекше форматтағы конференция ғылым жолындағы жетістіктерді ғана емес, сол жолда кездескен қиындықтарды да ашық айтуға арналған алаң болды. Оған өңірдегі жоғары оқу орындарының ғалым әйелдері қатысты. Ісшара ғылым саласында еңбек етіп жүрген әйелдерге кәсіби қолдау көрсетуге, ғылыми қызметке әйелдердің белсенді қатысуын арттыруға және талантты зерттеушілердің әлеуетін кеңейтуге бағытталды.
«Fail Conference» деген атаудың өзі көп нәрсені білдіреді. Ғылымда бәрі бірден сәтті бола бермейді. Ол – үздіксіз ізденістің, күмән мен қателіктің, қайта тұрудың жолы. Конференцияда осы мәселелер кеңінен қозғалды. Соңғы конституциялық өзгерістерде ғылым мен инновацияға ерекше мән берілді. Ал осы ғылымның ішінде әйелдердің рөлін күшейту – уақыт талабы ғана емес, конституциялық тең мүмкіндіктер қағидатының нақты жүзеге асуы. Сондықтан ғылым саласында қызмет ететін әйелдерге кәсіби қолдау көрсету, ғылыми ортаға қыз-келіншектерді көбірек тарту, талантты зерттеушілер шеңберін кеңейту және ғалымәйелдердің күш-жігерін біріктіру мақсат етілді. Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов әйелдер тек отбасының тірегі емес, мемлекеттің зияткерлік тірегі екенін, олардың әрбір ғылыми зерттеуі елдің технологиялық тәуелсіздігіне үлкен үлес қосатынын сөз етті.
Конференция барысында ғылымдағы әйелдердің ғылыми-әдістемелік мүмкіндіктерін дамыту, әйел ғалымдардың көшбасшылық және тәлімгерлік мектебін қалыптастыру, тарихтағы ғалым-әйелдердің ізі және гендерлік зерттеулердің маңызы, цифрлық дәуірде жасанды интеллект, IT, STEM және технологияларды енгізудегі әйелдердің рөлін кеңейту тақырыптары талқыланды. Amanat партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Айман Әшімова жүргізген конференция барысында жаңа Конституция жобасындағы ғылым және инновацияға қатысты нормалар түсіндірілді. Ғылым университет қабырғасынан басталатыны белгілі. Жас ғалымдар, зерттеулер, идеялар – бәрі осы ортада қалыптасады. Сондықтан айтулы жиында қозғалған тақырыптар аясында өңіріміздегі іргелі жоғары оқу орындарының ғалымдары баяндама жасады. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма төрағасы-Ректор Ляззат Еркінбаева «ғылымдағы әйелдердің академиялық көшбасшылығы және университеттік қолдау тетіктері» тақырыбында ой қозғады. Қазақ Ұлттық Су шаруашылығы және ирригация университеті Басқарма төрағасы – Ректор Кәмшат Түсіпова экологиялық қауіпсіздік турасында мәлімдеме жасады.
Ғылымда жетістікке жету жолдары мен қиындықтары туралы М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Әлеуметтік психология» кафедрасының профессоры Рысты Керімбаева сөз сөйлейді. Экологиялық зерттеудегі жетістіктерімен және тәжірибесімен Қазақ Ұлттық Су шаруашылығы және ирригация университетінің Экология және тіршілік әрекеті қауіпсіздігі білім беру бағдарламасының жетекшісі Анар Жұмаділова бөлісті. Ғылымның ең шынайы тұсы – зертхана, онда нәтиже бірден шықпайды, бірақ дәл сол жерде тәжірибе жиналады. Қателік те, күмән де, қайта бастау да – бәрі сол ортада шыңдалады. Бұл жөнінде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті Аквакультура ғылыми-зерттеу орталығының директоры Венера Арыстанғалиева баяндады. Ғылымға кадр дайындау мектептен басталатынын, балалардың зерттеушілік қабілетін ерте кезеңнен қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарды облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл Дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Майра Есеналиева мәлім етті.
Партияның Әйелдер қанаты университеттер мен мектептер арасында ғылыми сабақтастықты күшейтуде жоспарлаған жобалары жөнінде Өңірлік Әйелдер қанатының «Ғылымдағы әйелдерді қолдау» бағытының сарапшысы, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Комплаенс-қызметінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Орынқыз Жолдасова сөз сөйледі. Конференция соңында қатысушылар ойпікірлерін ортаға салды. Айтылған ойлар – жеке тәжірибе ғана емес, конституциялық жүзеге асырудағы нақты қадамдар болмақ. Өйткені, жаңа конституциялық өзгерістер ғылымды қолдауға айқын бағыт беріп отыр.
Қамар ҚАРАСАЕВА