Қылмыс хроникасы
Қылмыс хроникасы
Таразда жасөспірім рульге отырып, полициядан қашпақ болған
Тараз қаласында патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған «Mercedes-Benz» автокөлігін тоқтатпақ болды. Алайда жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шығып, полицияның заңды талабына бағынбаған.
Полиция жедел түрде оның ізіне түсіп, кәсіби үйлесімді әрекет етудің нәтижесінде көлік тоқтатылды. Тексеру барысында көлікті кәмелетке толмаған жасөспірімнің басқарғаны және оның жүргізуші куәлігі жоқ екені белгілі болды. Ол әпкесінің автокөлігін айдап алып кеткен.
Аталған заң бұзушылықтар бойынша жасөспірім және көліктің заңды иесі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше баптарымен жауапкершілікке тартылды. Көлік айып тұрағына қойылды.
Полиция департаменті ата-аналарды кәмелетке толмағандардың өмірінің қауіпсіздігі үшін көлік басқаруына жол бермеуге шақырады. Жол қозғалысы қағидаларын сақтау – қауіпсіздіктің басты кепілі.
Автобус паркінің 25 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды
Жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалануға жол бермеу мақсатында облыстың полиция қызметкерлері автобус парктерінде тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Бақылау іс-шаралары барысында жолаушылар көлігінің техникалық жайкүйіне, жүргізушілердің міндетті рейс алдындағы медициналық тексеруден өтуіне, сондай-ақ автокәсіпорындардың лауазымды тұлғалары тарапынан заңнама талаптарының сақталуына ерекше назар аударылуда. Тексеру нәтижесінде техникалық ақауы бар көлік құралдарын желіге шығарғаны үшін 25 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Автобустардың техникалық жағдайы жолаушылар мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Себебі жол үстіндегі кез келген ақау апатты жағдайға және ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Орындықтарын алып тастап адам тасыған автобус анықталды
Мерке-Шу-Бурылбайтал автожолында полиция қызметкерлері Van Hool маркалы автобусты тоқтатты. Тексеру барысында көлік құралының барлық орындықтары алынып тасталып, толықтай жатын орындарға қайта жабдықталғаны анықталды.
Көлік құралдарының құрылымына мұндай өзгерістер енгізу, әсіресе жол-көлік оқиғалары болған жағдайда, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Жүргізуші тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, полиция қызметкерлерімен жолаушылар тасымалы қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға бағытталған рейдтік іс-шараның үш күнінде 457 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға ерекше назар аударылуда. Мас күйінде көлік басқарғаны үшін 3 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Желiге техникалық ақауы бар автобустарды шығару да алаңдаушылық туғызады. Осындай 11 дерек анықталды. Тіпті бір ғана мұндай құқық бұзушылықтың өзі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ полиция қызметкерлері тиісті рұқсат құжаттарынсыз жолаушыларды заңсыз т асыма лдаудың 14 дерегін тоқтатты.
Қоғамдық орындарда азаматтарды жөнсіз мазалап, такси қызметін көрсету мақсатында ұсыныс жасаудың 26 дерегі анықталды. Бұдан бөлек, жолаушылар мен жүк тасымалдау қағидаларын бұзудың 4 дерегі тіркелді. Жамбыл облысы Полиция департаменті жүргізушілерді заңнама талаптарын қатаң сақтауға және жолаушылардың қауіпсіздігі үшін ең алдымен көлікті басқарып отырған адам жауапты екенін ұмытпауға шақырады.
16 мыңнан астам адам «резеңке пәтерлерге» тіркелген
Облыста көші-қон заңнамасы саласында ауқымды тексеру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі назар бір тұрғын үйге ондаған, тіпті жүздеген адам ресми түрде тіркеліп, іс жүзінде тұрмайтын «резеңкеге» айналған мекенжайларға аударылды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының 653 азаматы және ТМД елдерінің 26 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлер жалған тіркеу белгілері бар 839 мекенжайды анықтады. Аталған пәтерлер мен тұрғын үйлерде жалпы саны 16 306 адам тіркеуде тұрған. Олардың бір бөлігі бұл мекенжайларда ешқашан тұрмаған.
Азаматтарды нақты тұрғылықты жерінсіз тіркегені үшін 82 адам жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар он күннен бір айға дейін тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрған 414 дерек анықталды. Бұдан бөлек, 143 адам жеке басын куәландыратын құжатсыз, жарамсыз құжатпен немесе уақытша тұру орны бойынша бір айдан астам тіркеусіз өмір сүрген. Тұрғын үй иелеріне де ерекше назар аударылды. Үйінде іс жүзінде тұрмайтын адамдарды тіркеуге жол бергені үшін 47 адам жауапкершілікке тартылды. Тағы 35 жағдайда пәтер иелері бұрыннан тұрмайтын адамдарды тіркеуден шығару бойынша шара қабылдамаған.
Аталған шара лар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, көші-қон үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Мақпал СҮЙІНБАЙ