Бақыт деген тыныштық сүйеді...
Бос мақтаншақтық пен даңғаза – бүгінгі өмірдің айқын көрінісі болып тұр. Асыра мақтаншақтық адамды тура жолдан тайдырады. Бай туысымен, бастық күйеу баласымен, миллионер құдасымен, алған көлігімен, өзінде ештеңесі болмаса да айдаладағы біреумен мақтана беретін қазақ енді дарақылықтан жарысқа түскендей... Абайдың өзі мақтангершілік, ысырапшылдық кеселдерден аулақ бол деп кеткен жоқ па? Тақырыпқа тұздық ретінде «Threads» әлеуметтік желісіндегі қызу талқыланған жазбаға тоқталайын. Балзира Қайманза есімді жас ана жаңа туған сәбиімен реанимация бөлімінде жатқандығын, перинаталдық орталықтың алдында халық у-шу болып көңіл көтеріп, той тойлап жатқандығын жазды. Ол жүрек ақауымен туылған сәбиінің өмірмен күресіп жатқанда сырттағылардың той тойлағанын құп көрмейтіндігін, сәбиді үйге шығару рәсімінің шоуға айналғанын жеткізді.
ПЕРЗЕНТХАНАДАН СӘБИДІ ШЫҒАРУ ДА ТОЙҒА АЙНАЛЫП БАРАДЫ
«Күнде сағат 14:00-ден бастап жұмыс аяғына дейін орталық алды тойдағыдай у-шу, билеген жұрт, қымбат көліктер, шоу бағдарламалар, түрлі аниматорларға толып, тума-туыс, дос-жаран кішігірім той жасайды. Қанша ескертсек те қарапайым халық та, аниматорлар да түсінер емес, думан той күнде жалғасуда.
Тұрғындар жаңа босанған ана мен өмір есігін ашқанына бір жеті де толмаған сәбиге ерекше күтім мен тыныштық керек екенін біле тұра, баян, домбыра, әншілерді, аниматорларды жалдап, дрон ұшырып, өлең айтып, концерт ұйымдастыруды үйреншікті әдетке айналдырып отыр» деп жаза келіп, бұл мекеменің ең алдымен медициналық мекеме екенін, перинаталдық орталықта тек қуанышты жайттар ғана емес, сонымен қатар бала өлімі немесе, жансақтау бөліміне түскен сәбилер күтімі жайлы, екі-үш айлап оңалтуда жатқан ана мен баланың көңіл-күйін де ойлап қою керектігімізді ескертті.
Шындығында мәдениетті түрде жеткізілген хабарламаның мазмұнын барлық қалалардан көруге болады. Тура сол көрініс. Облыстық, қалалық перинаталды орталықтың алды тура осылай той-думанға айналғалы қашан. Нәрестенің дүниеге келуі әрине, үлкен қуаныш. Алайда сол қуанышты медициналық мекеменің алдында жасамай, үйінде -ақ тойлауға болмай ма? Кейбіреулер заман талабы деп гүлін, шарын көтеріп, аниматор, лимузин, әнші жалдап, дақпырт қып барша әлемге баласының туғанын жария етуде. Ол ол ма, біреулер көлігіне «Адай еліне бір ару», «Қоңыраттың қозысы туылды», «Байыс еліне +1 ұл» деген секілді жазып қойып, көшекөшеге «бипілдетіп», қуаныштары қойындарына сыймауда.
Осыған орай 15 баланы ыңшыңсыз дүниеге әкелген алтын құрсақты ана Сайлаукүл Өміралиева «Бақыт тыныштықты сүйеді. Баяғыда қанша баламыз бар екенін жасырып қоюшы ек. Тіл бар, көз бар, сөз бар дегендей. Перзентхана алдында тойлағанымен қоймай бүгінгі жастар ғаламторға да сәбиінің бет жүзін көрсетіп, баласының санын айтып сала беретін болыпты. Жаңағыдай лимузинмен шығару деген болмапты. Мейлі, қазір XXI ғасыр. Түсінеміз. Қуанышқа ортақпыз. Бірақ даңғаза ету, жариялылық не керек?» деген ойын айтты. Шынында сырт көзге мақтанамыз деп абыройдан айырылып жатқан жоқпыз ба? Бес күн жейтін асты бір күнде тауысып, перзентхана алдына спирттік ішімдіктер апарып, тойлау, дабырайту – әбестік. Кейбір аналардың қымбат көлікпен, аниматорлармен шығуға жағдайы жоқ. Көңілге кірбің келтірер осындай тұстарды ескерсек екен.
Әлеуметтік желіге жүктелген материалға көптеген пікірлер жазылуда. Шолпан Рақымқызы атты оқырман «Әркім өз ауласында, өз есігінің алдында тойласын. Қошеметті үйде жасаңыздар» деген пікір қалдырды. Ал шымкенттік ұстаз Өмір Шыныбекұлы «Шынында мынандай даңғазаға заңмен тыйым салу керек. Перзентханада тек қуаныш қана емес, өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан аналар да бар. Кейде жаңа туған нәресте шетінеп кететін жағдайлар да болады» деп жазды. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман қауым?
Эльмира БАЙНАЗАРОВА