Әдебиет

«Жамбылдың жыр керуені» көшпелі кітап көрмесі ақынмен аттас ауданға барды

Әулиеата өңірінің Жамбыл тауының етегінде 1846 жылы 28 ақпанда дүниеге келген жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Халқымыздың поэзиясын әлемге танытқан әйгілі жырау, ХХ ғасырдың Гомерінің жалынды жырларын жас ұрпаққа насихаттап, тәлімін дарыту мақсатында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Жамбылдың жыр керуені» атты көшпелі кітап көрмесін ұйымдастырып, ақынның атымен аталған ауданға барды. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Айша бибі ауылдық кітапханасында көшпелі көрме аясында әдемі әдеби кеш өтті.

Өлең сөздің дүлдүлі, жыршы Жамбылдың өмірі мен шығармашылық мұрасы жас ұрпаққа кеңінен насихаттаған көрмеде ақынның әр жылдары жарық көрген жинақтары, ғылыми-зерттеу еңбектері, естеліктері мен танымдық басылымдары орын алды. Сонымен қатар Жамбыл шығармашылығына арналған әдебиеттер мен мерзімді баспасөз материалдары оқырман назарына ұсынылды.

Мұндай маңызы зор бастамалар ұлттық әдебиетіміздің алтын қорын насихаттауға, жас ұрпақтың рухани дүниесін байытуға зор үлес қосары сөзсіз. «Жамбылдың жыр керуені» – өткен мен бүгінді жалғаған, рухани сабақтастықты дәріптеген мазмұнды мәдени іс-шара болғанын қатысушылардың түйген ойын өзара бөліскен пікірлесулерінен байқадық.

Қамар ҚАРАСАЕВА