Әдебиет

«Жыр жауһары – Жамбылым!»

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған республикалық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйымдастырған «Жыр жауһары – Жамбылым!» атты мүшәйра ұлы ақынның әдеби мұрасын насихаттауды, жас ұрпаққа кеңінен танытуды, жастарды поэзияға баулып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуды мақсат етті. Қазақ поэзиясының дәстүрін жалғастыратын талантты жас ақындарды анықтап, оларға қолдау көрсетіп, ұлттық құндылықтарды, елдік рухты, отансүйгіштікті дәріптеу көзделді.

Байқауға еліміздің әр өңірінен 18 бен 35 жас аралығындағы жас ақындар қатысты. Іс-шара Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының Ұлы жырауға арнаған таныстыруымен басталды. Мүшәйраның I кезеңінде қатысушылар Ж.Жабаевқа арналған өлеңдерін оқыса, II кезеңінде патриоттық бағыттағы өлеңдерін ұсынды. Жыр сайысы барысында ақындардың көркемдік шеберлігі, тіл байлығы, тақырыпты ашу деңгейі және сахналық мәдениеті қазылар алқасы тарапынан бағаланды. Байқауға ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, филолог, аудармашы, журналист, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, ақын, ТҮРКСОЙ халықаралық жазушылар одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі, Талас ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Үміт Битенова, ақын, облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағының облыс бойынша өкілі, Ақпарат саласының үздігі, «Айбоз» ұлттық сыйлығының иегері Хамит Есаман қазылық етті.

Мүшәйра қорытындысында бас жүлде қызылордалық Б.Санақұлға бұйырып, I орынды ақтөбелік А.Бекжанов жеңіп алды. II орынды қызылордалық Д.Сұлтанғали мен өз облысымыздың жас ақыны Ғ.Абылай олжалады. Ал III орын түркістандық А.Әлібекке бұйырды. Күләш Ахметова атындағы арнайы жүлдені Алматы облысынан келген Н.Кенжеғали, Шерхан Мұртаза атындағы жүлдені Атырау облысынан қатысқан С.Кәрімұлы иеленді.

Мүшәйраға қатысқан ақындар алғыс хат және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Қамар ҚАРАСАЕВА