Қоғам

Қорғаушының біліктілігінің арқасында жер дауына нүкте қойылды

Жаңа Конституция жобасының Преамбуласында алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Осыған орай Конституциялық реформалар аясында адвокаттардың мәртебесін көтеру мәселесі құқықтық мемлекетті нығайту бағытымен тікелей байланысты. Адвокатура институты алғаш рет Конституцияда бекітіліп, жаңа қабылданғалы жатқан Конституцияның мазмұнында анық жазылып, кәсіби қорғаушылардың қоғамдағы мәртебесі өз тұғырына қонды. Жаңа реформаның арқасында азаматтардың білікті заң көмегін алу құқығы нақты бекітіліп, қорғану құқығы күшейтіледі. Сонымен қатар адвокаттардың қызметіне заңсыз араласуға жол бермеу, олардың кәсіби құпиясын қорғау және мемлекеттік органдармен тең процессуалдық деңгейде жұмыс істеуіне жағдай жасау көзделеді.

Қоғамда адвокаттың мәртебесі ескеріліп, заңды тұғырына қонып жатқанда мен облыстық адвокаттар алқасының қорғаушысы, ішкі істер саласының ардагер полковнигі, облысымыздың «Құрметті ардагері» Мәулен Тоқсанбаев мырзаға шынайы алғысымды білдіргім келеді. Кәсіби ортада: «Адвокат алдымен сәттілікке жетіп, содан кейін құрметке ие болып, содан кейін адал болу керек» деген қағида бар. Мәулен мырза – осы үш сатыдан ысылып өткен кәсіби қорғаушы. Оның есте сақтау қабілеті өте жоғары. Ойды анық, түсінікті жеткізеді. Сөз саптауы сауатты, логикасы жүйелі. Куәгерлерге сұрақ қою, жауап алу тәсілі қалыптасқан, тәжірибелі заңгер екені бірден байқалады.

Мәулен мырза сот залына әрдайым тыңғылықты дайындықпен кіреді. Кіріспе сөзін, негізгі дәлелдерін және қорытынды тұжырымын шатастырмай, жіпке тізгендей етіп нақты әрі сенімді жеткізеді. Оппоненттің тосын уәждеріне салқынқандылықпен қарап, жылдам сараптап, дер кезінде жауап қайтарады. Қарсы тарапқа құрметпен қарап этиканы да қатаң сақтайды. Ең бастысы, ол адамгершілікті сақтай отырып, өзін салмақты ұстайды. Клиенттің сеніміне кіре біледі. Ал сенімге кіру бір бөлек те, сот процесінде нақты дәлелдермен судьяны сендіру – үлкен шеберлік. Материал жинау, талдау және саралау ісіне Мәулен мырза әбден машықтанған.

Қажет болған жағдайда адам аттары мен нақты даталарды, түрлі мекеме атауларын шатастырмай, маңызды детальдарды жатқа айтып береді. Сот залындағы жарыс сөздерде тосырқап қалмай, жүйелі ойымен оппонентінен озып түскеніне өз басым куә болдым. 

Жер дауы – қазақ халқының әдет-ғұрып заңдарындағы жерге меншік құқығының бұзылуынан туатын мәселе. Мені сегіз жыл сергелдеңге түсірген жер дауына тап болғанда кезіктірген адвокатым Мәулен Тоқсанбаев мырза болды. Оның кәсіби шеберлігі, адам тану қабілеті жас адвокаттарға үлгі боларлық. Мәулен мырзаға алғыс айтуым құрғақ сөз емес. 2018 жылы нотариус қызметі арқылы алған меншігімдегі жерге екінші адам таласып дау шыққан. Содан сегіз жыл бойы сандалтып қойған істе сауатты қорғаушы кезігіп, заң шеңберінде жеңіске жеттім. Кәсіби адвокат, істің нәзік тұсын айтпай ұғындырған Мәулен мырзаға алғыс айтуымның себебі осы.

Тәжірибелі заңгері бар талап қоюшының арыздары қалалық сот, апелляция, облыстық сот, сот сараптамада қанағаттандырылған соң, өзімді қорғау шеңбері тарылып, тек Жоғарғы кассациялық сотқа жүгіну ғана қалған болатын. Бірақ адвокат тың дерек тауып, жаңа ашылған істе сәтті жеңіске жеттік. Мәулен мырза «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шықты. Бүгінде жер дауына қатысты іске нүкте қойылды. Мен өз меншігімдегі жерге толық иелік етіп отырмын. 

Облыстық адвокаттар алқасының қорғаушысы Мәулен Тоқсанбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталған облысымыға танымал жанашыр азамат. Ол жер дауына қатысты күрделі мәселеде заң аясында сауатты әрі табанды қызметін көрсете алатын сақа заңгер. Қорғаушының әр істің мән-жайына терең үңіліп, әділ шешім шығуына қосқан үлесі біз үшін аса маңызды болды. Жеке принципшілдігіңіз әбден шатасқан даулы мәселенің оң шешілуіне үлкен ықпал етті. Қорғаушы мырза, сіз жер дауында әділдік іздеп жете алмаған маған сүйеу болдыңыз. Тығырыққа тіреліп, шешімі күрделенген істі кәсіби шеберлікпен жүргізіп, сотта әділдікке қол жеткіздіңіз. Заңды терең меңгеруіңіз істің оң шешілуіне үлкен ықпал етті. Осындай қиын сәтте қолдау көрсетіп, сенімімізді ақтағаныңыз үшін сізге алғыс айтамын.

Қанат ӘБІЛСЕЙІТҰЛЫ,

Тараз қаласының тұрғыны.