Қоғам

«Өлді» дегені өтірік болып шықты

Облыста адам сенгісіз жағдай тіркелді. Қайтыс болды деп танылып, өлгені туралы куәлігі рәсімделген әйел бір айдан кейін тірі күйінде туыстарының үйіне оралған. Бұл туралы Tengrinews. kz тілшісі облыстық сотқа сілтеме жасап хабарлады.

Оқиға көпшіліктің жағасын ұстатты. Себебі ресми түрде жерленді деп танылған адамның аяқ астынан қайта келуі – сирек кездесетін, тіпті кино көріп отырғандай әсер қалдыратын жайт екен.

Мәселенің мән-жайына тоқталсақ, талапкердің анасы 1953 жылы туған. 2024 жылдың тамыз айында ол Тараз қаласына әпкесінің үйіне көшіп барған. 2025 жылы Құрбан айт мерекесінен кейін әйел жоғалып кеткен. Апайы полицияға арыз түсірген. Сол жылдың тамызында ауыл маңындағы далада мәйіт табылып, қылмыстық іс қозғалады.

Табылған денені талапкер өз анасы деп таныған. Соның негізінде өлім туралы акт жазбасы тіркеліп, ресми түрде өлім туралы куәлік берілген. Құжат жүзінде әйел өмірден өтті деп танылған.

Алайда бір айдан кейін күтпеген жағдай орын алады. 2025 жылдың қыркүйегінде талапкердің анасы аяқ астынан Жамбыл ауданындағы Қостөбе ауылы аумағындағы ағасының үйіне келеді. Тірі, аман-есен.

Белгілі болғандай, әйел Құрбан айттан кейін Айша бибі ауылы жаққа кетіп, пияз теру жұмысына орналасқан. Сол жақта уақытша үйде тұрған. Зейнетақы төлемдері тоқтаған кезде ғана Тараз қаласына келіп, өзінің «қайтыс болғанын» білген.

Талапкер сотта анасының туыстарға ескертпестен, ұзақ уақытқа кетіп қалатын әдеті болғанын айтқан. Дегенмен бұл жолғы жағдай құқықтық тұрғыда күрделі мәселеге айналды. Өйткені ресми құжаттарда ол адам қайтыс болған деп тіркеліп қойған.

Іс Жамбыл аудандық сотының қарауына жіберілді. Сот барысында полиция эксгумация жүргізіп, қайта сот-медициналық және генетикалық сараптама тағайындаған. Нәтижесінде табылған мәйіттің мүлде бөтен адамға тиесілі екені анықталды. Қылмыстық іс тоқтатылды.

Сот шешімімен талапкердің арызы толық қанағаттандырылды. Қайтыс болу туралы куәлік жарамсыз деп танылып, өлім туралы акт жазбасының күші жойылды. Шешім заңды күшіне енді. Осылайша әйелдің құқықтық мәртебесі толық қалпына келтірілді.

Бұл оқиға бірқатар маңызды сұрақтарды алға тартады. Мәйітті тану рәсімі қаншалықты мұқият жүргізіледі? Сараптамалар неге бірден нақты нәтиже бермеді? Адам тағдырына қатысты шешімдерде қателікке жол бермеу үшін қандай тетіктер күшейтілуі тиіс?

Ең бастысы – тірі адамды «марқұм» деп тіркеу тек құқықтық емес, моральдық тұрғыдан да ауыр жағдай. Зейнетақы тоқтайды, құжаттар жарамсыз болады, туыстар қайғыға батады. Ал бір айдан кейін бәрі керісінше өзгеріп шыға келеді.

Өңірдегі бұл оқиға құқықтық жүйеде мұқияттылық пен жауапкершіліктің маңызын тағы бір дәлелдеді. Адам тағдыры – статистика емес. Әрбір құжаттың артында тірі жан, отбасы, тағдыр бар.

Мақпал СҮЙІНБАЙ