Қоғам

Сүйкіміңді сақта!

«Сыйқымы кеткен заманда Сүйкімді болу көп қажет», деп Санжар Ғұлама жырлағандай, қай ортада да сүйкімді адамның ісі, өзі, қылығы, тірлігі де сүйкімді болады. Сүйкімді болу – кез келген ортаға сыйысудың кепілі. Бұл дегеніміз – сөзіңмен біреудің көңіл-күйіне, ісіңмен біреудің уақытына, сол ортада болуыңмен біреудің қалтасына зияныңды тигізбеу.

Бір шаңырақ астында болған соң, әркімге де пайдалы болу міндетті. Үй шаруасына көмектесу, баласын бағысу немесе үйге азық-түлік алу, еттей, заттай, ақшалай үлесімізді тигізген жөн. Туыстардың, әсіресе бірге тұратын жандардың бір-біріне жанашыр болуы, өздеріне тапсырылған іске мұқият қарауы да – сүйкімділік. Айқайлап сөйлемеу, үнемі жымиып жүру, барлық нәрсеге түсіністікпен қарау, үлкендерді сыйлау – мұның бәрі көпшілік білетін қарапайым қағидаттар болса да, әр отбасының ауызбіршілігін нығайтуға септеседі. Бауырлардың, туыстардың бір-біріне деген сүйкімін арттырады.

Қазақта жас баланы, сұлу қызды, әдемі келіншекті жан-жануардың төлін сүйкімдіге балаймыз. Алайда нағыз сүйкімділік адамның дінінде, кішіпейілділігінде, ар-ожданында, яғни ұятында, ибалылығында, қолы ашық жомарттығында. Түрі сүйкімді болғанмен, ісі сүйкімсіз жандар да бар. Сүйкім деген не? Жаратқан иеміз күллі тіршілік иесін сүйкімімен жаратқан. Яғни дүниеге келген әр пенде сүйкімді. Адам түгілі жануарлар да сүйкімді болып туылады екен. Мәселен биенің құлыны, мысықтың марғауы, иттің күшігі, сиырдың бұзауы, есектің қодығы да сүйкімді емес пе?! Осы жануарлар да, адамдар да есейгенде неге сүйкімсіз болып кетеді?! Сонда сүйкіміңді сақтау қиын болып тұр ма? Кейбіреулер бар әрине, қартайса да ажары таймай, ақ жүзі жалтылдап, сүйкімді болып жүретін. «Сүйкімді» деген бір кірпияз ұғым. Ендеше адам несімен сүйкімді? Әдеттерімен бе, ісімен бе, әлде сөзімен бе? Осы орайда психолог Кәмшат Бекжігітова сүйкімді адамның ісі, қылығы, әдеті қандай болатынын айтты.

Ал жазушы, саяхатшы Динара Болат: «Сүйкімді болу үшін менің арнайы қағидаларым бар» дейді.

Өзіңе адал болу, арман-мақсатыңа берік болу, бағыт-бағдарыңнан айнымау, еш насиxатқа берілмей өз дауысыңа ие болу, тек өз жолыңмен жүру үлкен қайсарлықты, табандылықты, күресті талап етеді және ол адамды сүйкімді етіп көрсетеді. Өз орныңды білу – сүйкімділікті арттырады. Әр қадамымыз, қимылымыз, сөзіміз ретсіз, орынсыз шығып, ыңғайсыз жағдай тудырмайтындай оларды өте дәл, нақты жұмсау керек. Орнын біліп сөйлеп, жөнімен әрекет еткен адам не көзге түсіп сүйкімді, не кенеттен сүйкімсіз болып кетеді.

Сондықтан орнымызды біліп, сүйкімді болайық!

Эльмира БАЙНАЗАРОВА