Әлеумет

«Кәдесый шеберханасы» – ем мен еңбектің үйлесімі

Оңалту орталықтарында қызмет алушыларға тек медициналық көмек қана емес, олардың психо эмоционалды жағдайын жақсартуға бағытталған түрлі әлеуметтік-еңбек бағдарламалары да ұсынылады. Солардың бірі – «Кәдесый шеберханасы», бұл – ем мен еңбекті ұштастыра отырып, адамдардың бойындағы шығармашылық қабілетін ашуға, өз-өзіне деген сенімді арттыруға бағытталған ерекше алаң.

Бұл шеберханада әрбір қызмет алушы өз мүмкіндігі мен қызығушылығына қарай жұмысқа тартылады. Кейбіреулер мата, ине-жіппен тігіс тігіп, құрақ құраса, енді бірі фетр материалынан әдемі кәдесый бұйымдарын жасайды. Бұйымдар арасында қобдиша, тұмарша, бомбоньерка, түйе пішіндері, панно мен ұлттық нақыштағы шағын сыйлықтар бар.

Көру мүмкіндігі шектеулі немесе арнайы көмекті қажет ететін қызмет алушыларға жеңіл, қауіпсіз, тактильді материалдар ұсынылады. Олар материалды қолымен сезу арқылы қарапайым пішіндерді құрастыруға қатысады. Мұндай жұмыстар сенсорлық қабілетті дамытып, ұсақ моторика мен зейінділікке оң әсер етеді. 

Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қолөнерді дамыту және шығармашылыққа баулу – қоғам үшін маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта ұйымдастырылатын «Кәдесый шеберханасы» қызмет алушылардың қол моторикасын дамытуға, еңбек дағдыларын қалыптастыруға және эстетикалық талғамын арттыруға үлкен ықпал етеді. Шеберханада ең көп қолданылатын материалдардың бірі – фетр.

Фетр – жұмсақ, жеңіл, өңдеуге ыңғайлы, түрлі-түсті және қауіпсіз материал. Ол тігуге, жапсыруға, кестелеуге, пішуге қолайлы болғандықтан, әр жастағы қызмет алушыларға қолайлы. Фетрмен жұмыс жасау барысында қызмет алушылар ұқыптылыққа, шыдамдылыққа, шығармашылыққа үйреніп, дайын бұйым арқылы өз еңбегінің нәтижесін көреді. 

Шеберханада фетрден жасалатын бұйымдар ұлттық нақышта орындалып, қазақ халқының мәдениетін насихаттауға бағытталады. Соның ішінде ерекше орын алатын бұйымдар:

 

1. Қазақ үй (киіз үй) макеті

Фетрден жасалған киіз үй – ұлттық мәдениетті танытатын әсем кәдесый. Киіз үйдің шаңырақ, кереге, уық бөліктері ықшам үлгіде дайындалып, сәндік ою өрнектермен безендіріледі. Бұл бұйым арқылы қызмет алушылар қазақ үйдің құрылымымен танысып, ұлттық тарихқа қызығушылығы артады.

 

2. Торсық (ұлттық ыдыс) үлгісі

Торсық – көшпелі қазақ тұрмысында кең қолданылған ыдыс. Фетрден жасалған торсық кәдесый ретінде ерекше көрінеді. Ол сәндік баумен, оюлармен әшекейленіп, шағын сувенир түрінде жасалады.

 

3. Панно

Панно – қабырғаға ілетін сәндік бұйым. Фетрден жасалған панноларға қазақтың ою-өрнектері, киіз үй, домбыра, табиғат көріністері немесе ұлттық символдар бейнеленеді. Бұл бұйым интерьерге сән беріп қана қоймай, ұлттық нақышты кеңінен танытады.

 

4. Құмыра

Фетрден жасалған құмыралар – әдемі әрі ерекше кәдесый. Әр түрлі түстерді үйлестіру арқылы құмыра пішінін шығарып, үстіне өрнек түсіруге болады. Құмыралар мерекелік сыйлық ретінде де сұранысқа ие.

 

5. Сөмке және әмиян

Фетрден шағын сөмке, косметичка, әмиян тігу – ең қызықты жұмыстардың бірі. Бұл бұйымдар күнделікті қолдануға жарамды әрі сәнді болып шығады. Әсіресе ұлттық өрнекпен безендірілген сөмкелер ерекше көрінеді.

 

6. Сәукеле, тақия және басқа ұлттық бас киімдер

Фетрден сәндік сәукеле, тақия дайындау ұлттық мұраны дәріптейтін маңызды жұмыс. Бұл бұйымдар көрмелерге, ұлттық мерекелерге және фотозонаға пайдалануға өте қолайлы. Сонымен қатар шағын форматта магнит, брелок түрінде де жасалады.

«Кәдесый шеберханасы» тек бұйым жасау емес, ол оңалту, еңбекке баулу және әлеуметтік бейімдеу жұмыстарының тиімді түрі. Фетрмен жұмыс жасау барысында қызмет алушылардың:

– ұсақ қол моторикасы дамиды;

– көз мөлшерлеу, үйлестіру қабілеті артады;

– шығармашылық ойлау қабілеті қалыптасады; 

– еңбекке қызығушылығы оянады;

– өз-өзіне сенімділігі күшейеді.

Дайын болған бұйымдар көрмелерге шығарылып, мерекелік жәрмеңкелерге ұсынылады. Бұл қызмет алушыларға үлкен мотивация беріп, еңбегінің бағаланғанын сезіндіреді.

Фетрден жасалатын ұлттық кәдесыйлар қолөнердің заманауи бағыты. «Кәдесый шеберханасында» жасалған киіз үй, торсық, панно, құмыра, сөмке, сәукеле, тақия секілді бұйымдар арқылы ұлттық мәдениет кеңінен насихатталып, қызмет алушылардың еңбек дағдылары дамиды. Осындай шеберханалар ұлттық құндылықтарды сақтауға және шығармашылықты дамытуға үлкен үлес қосады.

Айнаш СУРУМБАЕВА,

облыстық әлеуметтік оңалту орталығының

еңбекке баулу нұсқаушысы.