Әлеумет

Жіптен туған сұлулық

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Жамбыл облыстық әлеуметтік оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі біраз жылдан бері жұмыс жасап келеді. Орталық сегіз бағытта жұмыс жасайды: әлеуметтік және тұрмыстық қызмет көрсету, әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету, әлеуметтік және медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік педагогикалық қызмет көрсету, әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету, әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету, әлеуметтік-еңбек қызметтерін көрсету, әлеуметтік-экономикалық қызметтерді көрсету. Орталықта 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандар 3 ай мерзімге, ал зейнет жасындағы қариялар 21 күнге емдік мерзімге іс-шара қабылдайды. Айына 150 адам толық сияды. Әрбір келген қызмет алушыны алдымен дәрігерлер толық тексеріп, түрлі бағыттарға тағайындама картасын береді. Тағайындама бойынша қызмет алушылар емдік іс-шараларын бастап кетеді.

Әлеуметтік-еңбек қызметтерін көрсетудің негізгі мақсаты: инсульт, инфаркт зардабын тартқан, тірек қимыл аппараты бұзылған және жасы ұлғайған қызмет алушыларды жас ерекшеліктері мен деңгейлеріне қарай түрлі тұрмыстық іс-әрекеттерге қарай бағыттау, есте сақтау мен сөзді белсенді түрде жаттықтыру, қолдың ептілігін жақсарту, жоғалған дағдыларын қайта қалпына келтіру, мүмкіндігінше өзіне қызмет ете алуға, қоғамға қатысуға жетілдіру, көркемділікті сезіндіру, қабілеттерін ояту және заманауи талғамдарын нығайту.

Мен еңбекке баулу терапиясының нұсқаушысы Берден Асылкүл орталықта екі жылдан бері еңбек етіп келемін. Макраме тоқу шеберханасына келген қызмет алушымен жеке және топтық диагностика жүргізіп, қолдарының икемділігін байқаймын: макраме жіптерін талдауы, макраме тоқу техникасы, макраме түйіндерін меңгеруі, құрал-жабдықтармен жұмыс жасауы, (есептеу, кесу) есте сақтау қабілеті, қызығушылығына қарай жұмыстар жасаймыз.

Қолөнер – адамның ішкі әлемі мен шексіз қиялын сыртқа шығаратын ерекше өнер. Соның ішінде жіппен жұмыс жасау – сабыр мен сезімді, төзім мен талғамды талап ететін нәзік шығармашылық. Жіптен туған сұлулық – жай ғана бұйым емес, ол адамның жан дүниесінен шыққан жылу мен еңбектің жемісі.

Макраме – тоқыма өнерінің көне түрі. Бұл өнер VІІ ғасыр шамасында Араб елдерінде пайда болған. «Макраме» сөзі арабтың «микрама» деген сөзінен шыққан, мағынасы — «тоқылған шеттік», «шашақ» дегенді білдіреді. Алғашында араб шеберлері матаның шеттерін шашақтап, түйіндеп сәндеу үшін қолданған.

Кейін макраме Еуропаға таралып, Испания мен Италия шеберлері оны үй әшекейлерінде, киім мен перде безендіруде пайдалана бастаған. Уақыт өте келе бүкіл әлемге кең жайылып, ХХ ғасырда қайта танымал болды.

Бүгінде макраме сәндік қолөнердің ерекше түрі ретінде бағаланады. Одан сөмке, перде, қабырғаға ілетін әшекей, гүлге арналған аспалы ұстағыштар сияқты көптеген бұйымдар жасалады.

Макраме – жіптерді әртүрлі түйіндер арқылы өріп, әдемі бұйымдар жасау өнері. Бұл әдіс арқылы көптеген сәндік және тұрмыстық заттар тоқылады. Соның ішінде сөмке, аспалы гүл салғыш және браслет тоқу кең таралған.

Жіппен тоқу, макраме, өрнек құрау сияқты жұмыстар қызмет алушыға тек әдемі бұйым жасауды ғана емес, рухани тыныштық пен сенімділік сыйлайды. Қолдың әр қимылы, түйіннің әр байланысы ойды жинақтап, күйзелісті азайтады. Бұл әсіресе күнделікті күйбеңнен шаршаған, өзін табуға ұмтылған жандар үшін таптырмас терапия.

 

Жіппен жұмыс жасау барысында қызмет алушы:

– ұсақ қол моторикасын дамытады, бұл ми қызметіне оң әсер етеді;

– зейін мен шыдамдылыққа үйренеді, бастаған істі соңына дейін жеткізуге дағдыланады;

– эстетикалық талғамы қалыптасады, түстерді үйлестіруді, форма жасауды үйренеді;

– өзін-өзі бағалауы артады, себебі өз қолымен жасаған бұйым – үлкен жетістік;

– ең бастысы – қызмет алушы өзінің қолынан әдемілік келетінін сезінеді. Бұл сезім оның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, алға ұмтылуына күш береді.

 

Кәсіби даму мен жаңа мүмкіндіктер

Жіптен туған сұлулық – болашақ кәсіптің бастауы бола алады. Қызмет алушы уақыт өте келе:

жеке қолөнер шебері ретінде қалыптасып, авторлық бұйымдар жасап, көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысып, тапсырыс қабылдай алатын деңгейге жете алады.

Бұл – өзін-өзі жұмыспен қамтуға, қосымша табыс табуға және шығармашылық арқылы қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қолөнер адамның еңбекке деген жауапкершілігін арттырып, кәсіби тәртіп пен жоспарлауға үйретеді.

Жіптен туған сұлулық – бұл жіп пен түйіннің ғана байланысы емес, бұл – адамның ішкі әлемі мен болашағына апарар жол. Әрбір тоқылған бұйым – үміттің, сенімнің және дамудың белгісі. Қолөнер арқылы адам өзін табады, қабілетін ашады және өміріне жаңа мән береді.

Асылкүл БЕРДЕН,

облыстық әлеуметтік оңалту орталығының

еңбекке баулу нұсқаушысы.