200-ден астам адам «пирамида» құрбаны болған
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен кезекті брифингте қоғам үшін аса өзекті мәселе – қаржы пирамидалары мен өзге де алаяқтық түрлеріне қарсы күрес тақырыбы көтерілді. Жиын барысында облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Рахметов кең көлемді баяндама жасап, аймақтағы ахуалға нақты тоқталды.
Брифинг Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған. Негізгі мақсат – азаматтарды қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлерінен сақтандыру, олардың құқықтық сауатын арттыру және дер кезінде әрекет етуге шақыру.
Спикердің айтуынша, бүгінде қаржы пирамидалары қоғамға ең көп зиян келтіріп отырған қылмыстық схемалардың бірі. Әсіресе әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен түрлі интернет-платформалар арқылы таратылатын жарнамалар азаматтарды оңай олжаға кенелеміз деген үмітке жетелейді. Жоғары пайыз, тез табыс, тәуекелсіз инвестиция секілді жалған уәделерге сенген жұрт ақыр соңында сан соғып қалады.
Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы жәбірленушілердің арыздары негізінде қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты үш қылмыстық іс тіркелген. Ал 2025 жылы мұндай істердің саны төртеуге жеткен. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі құрылымдары тарапынан қаржы пирамидасын заңсыз жарнамалау деректері де анықталған. Соңғы үш жылда облыста 200-ден астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Бұл – тек ресми түрде шағым түсіргендердің саны. Демек, нақты көрсеткіш бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Алаяқтар көбіне салынған қаражаттың 30 пайызға дейін ай сайынғы табысын уәде етіп, азаматтарды сендіреді. Алайда уәде етілген пайда да, салынған қаржы да қайтарылмайды. Брифинг барысында республика көлемінде тоқтатылған ірі қаржы пирамидаларының бірі – «Асар Баспана» ісі мысалға келтірілді. Бұл құрылым тұтыну кооперативі ретінде тіркеліп, салымшыларға жылжымайтын мүлік, автокөлік немесе тұрмыстық тауар алуға көмектесеміз деген желеумен қаражат жинаған. Нәтижесінде тергеу барысында 1,1 миллиард теңгеден астам қолма-қол ақша және премиум санаттағы 10 автокөлік тәркіленген. Аталған іс бойынша материалдар 2026 жылдың ақпан айында сотқа жолданған.
Соңғы уақытта алаяқтықтың «дропперлік схема» деп аталатын жаңа түрі де кең таралуда. Мұндай жағдайда азаматтарға өз банктік карталарын үшінші тұлғалардың пайдалануына беру ұсынылады. Көп жағдайда адамдар мұның қылмыстық әрекет екенін түсінбей жатады. Алайда мұндай қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес, қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Ал 217- 1 бап бойынша қаржы пирамидасын жарнамалау да қылмыс болып саналады және үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қат ар департ амент тарапынан алдын алу шараларына ерекше мән беріліп отыр. 2025 жылы қаржы пирамида белгілері бар 6 мың сілтеме бұғатталған. 1900 қатысушысы бар бес мессенджерлік чат жабылған. Облыста екі форум ұйымдастырылып, жоғары оқу орындары мен колледждерде қаржылық қауіпсіздік тақырыбында 20- дан астам дәріс оқылған.
Мақпал СҮЙІНБАЙ