Бизнес үшін ең бастысы – нақты нәтиже
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру Үкіметтің басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында елімізде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ел экономикасына қосқан үлесі тұрақты түрде артып келеді. Кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауда Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының да қосып отырған үлесі елеулі. Палатаның бизнес өкілдерімен жүргізген жұмыстары М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің бас ғимаратында ұйымдастырылған облыстың кәсіпкерлері және инвесторларымен кеңейтілген форумда жанжақты талқыланды.
Форумға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан Республикасы « Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев, сондай-ақ өңір кәсіпкерлері, жетекші инвесторлар және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Форумның модераторы облыстық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссиясы төрайымы, облыстың Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Фариза Жүнісова болды.
Облыс басшылығы мен кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен өткен жиынның негізгі мақсаты – өңірдегі кәсіпкерлік жағдайды ашық талқылау, мемлекеттік органдардың пікірін тыңдау, негізгі кедергілерді анықтау және инвестициялық ахуалды жақсартып, бизнесті қолдауға бағытталған нақты шешімдер қабылдау болды.
Форумды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, аймақта атқарылып жатқан инвестициялық жобалардың барысына тоқталды.
Осыдан кейін тақырып аясында баяндамалар жасалды. Өткен жылғы жұмыс қорытындылары бойынша облыс әкімдігі кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтай кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша атқарылған жұмыс барысы туралы баян етті. Ал облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялықинновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев кәсіпкерлік салада жүзеге асырылған жобалардың барысына тоқталса, облыс прокурорының аға көмекшісі, инве сторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі топтың жетекшісі Абай Алтай кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді. Сұрақ-жауап бөлімінде кәсіпкерлер өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. «ӘулиеАтаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, көлік және логистика салалық кеңесінің төрағасы Рашид Пірманов әлеуметтік тасымалдар саласында оқушы мен ересектер арасындағы тариф айырмашылығын теңестіру, жылжымалы құрамды жаңарту және шығындарды өтеу туралы ұсыныстарын айтты. Әлеуметтік мәселелер жөніндегі салалық кеңестің төрайымы, «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Жанат Ертаева бұрын іске асырылған инвестициялық жобалар аясында салынған жекеменшік мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың пилоттық тетігін, лицензиялау мен қаржыландыруға қойылатын жаңа талаптарды қолданудың құқықтық негізділігі туралы мәселе көтерді. Ал салалық әйелдер кәсіпкерлігі кеңесінің төрайымы, «Кариева Ш.» ЖК басшысы Шолпан Кариева «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асырудағы инфрақұрылымдық және қаржылық жағдайға қолдау көрсетуді сұрады. Айтылған ұсыныстар мен қойылған сұрақт арға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауап берді.
«Бүгінгі басқосу өңірдің инвестициялық ахуалын саралап, алдағы кезеңнің басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Ашық пікір алмасу, нақты ұсыныстар мен бастамалар – ортақ мақсатқа бастайтын маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа инвестициялық кезеңді бастау міндетін айқындап берді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, кәсіпкерлікті кеңейту, сапалы инвестиция тарту – ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді өсімінің негізі. 2025 жылдың қорытындысы инвестициялық белсенділіктің артқанын көрсетті. Негізгі капиталға салынған қаражат көлемі ұлғайды, жеке және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бағытында оң динамика қалыптасты. Жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі айқын. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету, жер қатынастары, өтемақы төлеу және инженерлік желілердің дайындық деңгейіне қатысты мәселелер бар. Аталған кедергілерді жедел шешу – жобалардың уақытылы жүзеге асуының басты шарты. Осыған орай, жауапты органдар үйлесімді әрі нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізуді тапсырамын. Экономиканың орнықты дамуы мемлекет пен бизнестің өзара сенімді серіктестігіне негізделеді. Кәсіпкер – экономиканың қозғаушы күші. Мемлекет – тұрақтылық пен қолайлы жағдайдың кепілі. Өңірде с апа лы жоба ларды іске асыру, инвестиция көлемін арттыру және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында жүйелі шаралар жалғасады», – деді облыс әкімі.
Сөзінің қорытындысында форум қатысушыларын о сы ке зде суді пайдалана отырып, 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумға белсенді қатысуға шақырды. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев кездесу барысында айтылған ұсыныстарды үйлестіру Кәсіпкерлер палатасына жүктелетінін, барлық мәселелер жауапты тұлғалар мен қарау мерзімдері көрсетіліп, хаттамаға енгізілетінін айтты.
Марат Құлибаев