Әдебиет

Нарша

Нарша. Осы бір есімді еске алсам болды, жүрегім алай-дүлей, ішкі дүнием әлем-жәлем болады. Иә, несін айтасыз, Нарша өз дәуірінің адуынды, азулы, сері, туған-өскен жерінен тым алыстамай-ақ жыр сүйер қауымға талантымен, тапқырлығымен, жырларының өміршеңдігімен жақсы танылған, сөйтіп көзі тірісінде-ақ елдің еркесіне айналған ерекше ақын еді. Нені айтпасын, тауып сөйлеп, лек-легімен, десте-десте ұтқыр сөз тіркестерімен таңғалдыратын. Әзіл-қалжыңы да айрықша еді. Басқалар секілді біреуге жалпақтау, жақсы көріну, көлгірсу оның бойында жоқ қасиет еді. Кімге не айтуды, қалай айтуды қиыстырып, жолын тауып, жүйегіне жатқызып, тек өзіне тән өткірлігімен, батыл әрі ұтқыр сөздерімен ерекшеленіп тұратын азамат еді-ау, шіркін!

Ақ қағазды алдыма алған сәттерде,

Ар алдында отырғандай сезінем.

Нарша ҚАШАҒАНОВ

 

Анда-санда, сиректеу болса да, мезгілге қарамай, күн демей, түн демей қоңырау шалатын. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін әңгіме республикалық немесе облыстық газеттердің бетіне жарияланған менің соңғы мақалама ауатын. Өйткені, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» анда-санда «Адамдық айнасы» айдарымен жарияланып тұратын мақалаларыма мен «тұздық» ретінде Наршаның өміршең жырларының базбір тартымды да ұтқыр жолдарын жиі пайдаланатынмын. Ол болса мақтайтын жерін мақтап, менің ойымды толықтырып, бір бұрауы жетпей қалған жерлерге көңілімді аударып, ақыл-пікірін айтып, мені тың ойларға жетелейтін. 2009 жылы баспадан шыққан «Беймаза дүние» атты әңгімелер жинағымдағы бірнеше шығармаларыма Наршаның өлеңдерін эпиграф ретінде пайдаландым. Мысалы, «Үзілмеген үміт» атты әңгімеме оның «...Кірпігің ілінбей таңдарда, Кім білсін, күтесің нені. Махаббат туралы ән барда, Ұмыта алмайсың мені...» деген сөздерін эпиграф еттім. Сөйтіп, Нарша ақын екеуміз көп жылдар шығармашылық байланыста болдық. Кейде, «Сағындық-ау, мен кім болса соған телефон соға бермеймін. Республикада олардың саны ары барса он болар. Қандауыр мен қаламды қатар ұстап, елдің азаматына айналған жансың. Өзіңді қатты сыйлаймын. Сондықтан телефон шалып тұрмын...» деп бірер уақыт мені «жібітіп» алатын да, әрі қарай әңгіме әдебиет-өнер саласына ауатын. Таразға жолы түсіп жатса, уақыт тауып аракідік менің қызмет орныма келіп, бірер мезгіл емен-жарқын ішкі сырын ақтаратын сәттері де болатын. Көбіне адамгершілік, білім-парасат туралы, қазіргі әдебиеттің үлкен өресі жайлы тебіреніп тұрып, халқымыздың рухани мұрасына айналар тартымды, тұшымды дүниелер жайлы әңгімелейтін. Замандасымның бұл әдет-қасиеті өмірінің соңына дейін жалғасты. Әттең, оның өмір жолы кенет, шорт үзілді... Өмір – өзен. Ол тек ілгері, амалдамай, қарайламай алға, тек алға тарта бермек. Мұқағалиша (М.Мақатаев) айтсақ – «Тоқтамайды өмір... Жеткізбейді өмір... Өткізбейді өмір...».

Міне, содан бері бірер жылдың жүзі болыпты. Уыстағы сынаптай сусыған мына уақыт еш икемге келер емес. Қатар жүрген замандастары, құрдастары, қаламдас-достары Нарша Қашағанұлы туралы естеліктер жазып, әртүрлі басылымдарда жариялауда. Өзі өмірден озса да, оның рухы әлі көптеген адамдардың жүрегін жылытып жүр, оның жырларын жастар жатқа айтып, сандаған жырларына сазгерлер ән жазып, олары үлкен-үлкен сахналардан орындалуда. Жоғары оқу орындары мен мектеп жастары арасында оның шығармашылығына арналған поэзиялық әдеби кештері өткізілуде. Наршаның өлеңдерін оқыған жастар оған еліктеп, өлең жазуда, базбіреуі бітімімен Наршаға ұқсауға тырысып жүргендері де анық. Бұл дегеніңіз Нарша секілді үлкен жүректі ақынға, зердесі де, зейіні де биік талант иесіне деген лайықты құрмет.

Нарша Қашағанұлы 1951 жылдың 1 сәуірінде облысымыздың Талас ауданына қарасты Ойық ауылында дүниеге келген. Он жылдық мектепті бітірген соң алғашқы еңбек жолын ауылдық мәдениет үйінде, аудандық комсомол комитетінде бастады. 1970 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, арасында әскери борышын өтеп қайтады. Оқуды тәмамдаған соң облыстың Байзақ, Жамбыл аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, аудармашы болып жұмыс істейді. Әр жылдары «Шапағат» газетінің бас редакторы, Талас аудандық әкімдігінде аудандық тіл бөлімінің бастығы, ұлт саясаты жөніндегі комитет төрағасы, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, аудандық өлкетану музейінің директоры секілді қызметтерді де абыроймен атқарды. Нәкең аз жазатын, бірақ саз жазатын, кірпияз, талғампаз, қаламының желі бар ақын еді. «Өлеңге менің-дағы бар таласым» деген алғашқы жыр жинағына алғысөз жазған Қазақстанның Халық жазушысы, қабырғалы ақын Тұманбай Молдағалиев: «Өлеңнің не екенін Нарша інім менен де жақсы біледі. Біреу айтқанды қайталап айта беру де ақынның ақындығына айып. Осы қағиданы түсінген Нарша талай жыл үндемей кетті-ау. Бірден Пушкин болғысы келді ме, білімді, текті, тегеурінді жас жігіт. Анда-санда жолығып қалғанда өзін жоғалтпағанын, сезімінің сақталғанын, ойына ой, біліміне білім қосып байи түскенін байқайтынмын. Өлеңге сенің де, Нарша, таласың бар. Жаза бер. Ойдың азабын көргенше оны қағазға түсір. Сенің жылдар бойы білім жинап, әдебиеттің білгірі болып алғаныңды да елің онша біле бермейді. Бұл саладағы табысың өте көп болар еді сенің. Қайығыңды суға салған екенсің. Өзеннің арғы жағына өтуге міндеттісің. Жолың болсын жаныма жақын, азамат ақын, зиялы бауырым менің» деп батасын беріпті. Оның қаламынан туған «Елде тұрам», «Жақсылық жаса адамға» атты жыр жинақтары оқырман жүрегінен мықтап орын алса, «Туған ел тұлғалары», «Есімдесіңдер есілдер», «Қадірлі қолтаңбалар» атты естелік-эсселері де бар. Солардың бірнешеуіне өлеңмен қолтаңба жазып, өз қолымен маған тапсырып еді. Күнделікті қауырт тірліктен қолым қалт еткен сәттерде Наршаның кітабын қолыма алып, өлең-жыр әлеміне сүңгіп кететінім бар. Ақынның табиғи мінезі қандай өжет, батыл, ірі болса, жырлары да солай болып келеді.

Енді әңгіме әуенін Нарша Қашағанұлының шығармашылығына қарай аударайық. Оның баспадан шыққан әрбір жаңа жыр кітабын талғампаз да өрелі оқырмандар «жыл келгендей жаңалық сезіммен» қарсы алатын.

Өлең екен өмірімнің мәні шын,
Өлеңімде сезімім мен намысым.
Әр өлеңім – халқыма жазған хаттарым,
Халқым мені сол арқылы танысын! – деп те қайыратын Нәкең.

Бар байлығым – басқада жоқ сезімім,
Кім біледі, бәлкім, соның өзі мін.
Үйлеспеген жиырмасыншы ғасырмен,
Мен баяғы сал-серінің көзімін.

Танытатын болмысымды, затымды,
Тарады елге талай сөзім татымды.
Жүріп-жүріп бәйгесіне өлеңнің, Нартәуекел!
Мен де қостым атымды,– деп Н.Қашағанұлы жыр өлкесіне батыл енді.

Ақынның «Елден үлкен емессің» деген өлеңіне көңіл аударайық. «Атың шығып, айдарыңнан жел ессін, Байлығың да, билігің де тең өссін. Ешқашан да есіңнен бірақ шығарма, Кім болсаң да елден үлкен емессің. Мейлі әкім бол, мейлі ақын, ғалым бол, Батыр да бол, соңына ерген қалың қол. Бәрібір сен елден үлкен емессің, Есті ерге әлімсақтан мәлім ол. Ей, бәтшағар, көздің еті неге өсті, Елден үлкен бола алмайды тегі ешкім. Тамыры жоқ жайқала ма жапырақ, Ел болмаса – сен де ешкім емессің. Базбіреулер үшін бәлкім ірісің, Біреулердің, тіпті, мүмкін пірісің. Бірақ, бірақ Ел-ананың киелі, Алдында сен көп перзенттің бірісің».

Нарша ақынның туған өлкесі таластықтардың еңкейген кәрісінен, еңбектеген сәбиіне дейін «Ауыл дейтін ауыспайтын астана», «Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден» атты жырларын бастарына жастанып жатып: «Аттың басын ауыл жаққа бұрмасаң, Ақсақалға сәлем беріп тұрмасаң, Ағайынның адал малын ұрласаң, Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым!» – деп жырлайды.

Енді бірде ақын: «Біреу тойып секіріп жүр барлықтан, Жылай-жылай біреудің даусы қарлыққан. Байыса да бола алмай жүр бақытты, Талай пенде тек пейілі тарлықтан. Біреу малын, біреу арын ұрлатып, Қанша қазақ қасіретке жүр батып. Жалмаңдаған мынау арсыз заманда, Жаны таза Кісі табу – бір бақыт!» деп ішкі запыранын ақтарады.

«Басқаның бәрі – майдалық» деп аталатын өлеңінде Н.Қашағанұлы былай деп ой түйеді:

Болмаса егер ізгі мақсат ойда анық,
Тұрмаса егер нұрлы сезім бойды алып.
Адамды сүй, адамды сыйла алдымен,
Басқаның бәрі, басқаның бәрі – майдалық.
Арман шіркін апармайды қайда алып,
Басы бақыт, ақшаның арты қайғы анық.
Қолыңнан келсе жақсылық жаса адамға,
Басқаның бәрі, басқаның бәрі – майдалық.
Жақсылықтың қадірін білмес қай халық,
Ұмытпайды, жатады ертең ойға алып,
Бақытты ет ең болмаса біреуді,
Басқаның бәрі, басқаның бәрі – майдалық.
Ал жақсылық өзіңді табар айналып.

Жыр сүйер қауымға ерекше ұнайтын «Ауыл – ауыспайтын Астана», «Елде тұрам», «Ана тілі» деген өлеңдері бар. Қазақ зиялылары үшін тіл мәселесі бұл кезде басты проблемалардың бірі болып тұр. Ол тақырыпқа көкірегі ояу, ұлтжанды азаматтар көлдей-көлдей мақалалар мен өлеңдер жазуда. Әзірге одан өзгеріп жатқан тірлік жоқ-ау, шіркін. «Баяғы жартас, бір жартас». Нарша ақын да бұл тақырыпқа кезінде қалам тартыпты. «Ана тілің – бас байлығың, ырысың, Тілің тірі болса ғана тірісің. Ата-баба аманатын ұмытып, Атқа мініп, шен алғаның құрысын! Өте шығар мына қорлық, қайғы, азап, Болашағың болсын десең бай, ғажап! Ең алдымен тіле тілдің тілеуін, Ел боламын десең егер, ей, қазақ!».

Сөз құдіретін ұғатын адамға бұдан асып не айтуға болады?! Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады. Ана тілін сыйламаған адам, анасын сыйламағанмен тең. Егеменді ел болып тәуелсіздіктің байрағын көкке көтерген Қазақстанда болашақ қазақ тілінде екенін, осыны мықтап ұққанымыз жөн екенін ақын өз шығармасында меңзейді.

Нарша шығармашылығындағы тарихи тұлғаларға арналған жырлар – айшықты әрі ойлы. Әсіресе, халық батыры Бауыржанға арнаған өлеңдерінің орны айрықша.

Ол қазақ халқының мақтанышы, ұлт тұлғасы Дінмұхамед Қонаевпен бірнеше жүздесіп, сөзін тыңдап, біраз жыр арнаған. Әр жырында асыл азаматтың қасиеттері әр қырынан өрнектеліп, ойлы жыр төгіледі: «Димаш аға! Дидарыңыз жарық күн, Ұранысыз қазақ деген халықтың. Саясаттың дауылына сынбаған, Өзіңізсіз бәйтерегі тарихтың. Ғұмыр кешпей қара бастың қамы үшін, Қорғадыңыз ел мен жердің намысын. Тарих өзі таразылар, танытар, Ұлы қазақ Қонаевтың сан ісін. Кесек тұлға, кең пішілген нар мүсін, Аппақ басы секілді бір қарлы шың. Қайтланбас қайраткері қазақтың, Алатаудай көкем менің, армысың! Бұл тірлікте әркімдерді «Сіз» дерміз, Бірақ түбі ірілерді іздерміз. Ей, ағайын! Мына отырған дәу шалдың, Байлығы да, баласы да біздерміз». «Армысың алты алаштың ақсақалы» атты кездесуде оқыған жырында Димекең туралы осылай тебіренсе, Димаш аға дүние салғанда, күңіреніп, қапаланып былай дейді: «Таза ісі талайларды таң қылып, Қазасымен ел жүрегін қан қылып. Әне, кетті әділетсіз әлемнен, Әулие-әмби мекеніне мәңгілік».

Талас ауданынының бұрынғы орталығы Ақкөлде Димекеңе еңселі ескерткіш ашылғанда қуанып, ерекше шабытқа мінген Нарша ақын.

Өткен, кеткен бұл фәниден сан алып,
Тарих үшін ол да емес жаңалық.
Дінмұхамед – Қонаевтың жай аты
Шын аты оның – мейірім мен даналық.

Белгілі жазушы-публицист Серiк Әбдiрайымұлының қазасына Нарша мынадай жыр жолдарын арнапты: «...Мақтанатын туған елi – Таласы, Ақсай менен Тәңiрбердi даласы. Нұрлы, сырлы Нұрғисаның iнiсi, Күн дидарлы Димекеңнiң баласы. Ақ маңдайлы Ақселеудiң артынан, Кенеттен кете барғанына қарашы...».

«Өлеңдерім – халқыма жазылған хаттарым» деп ақынның өзі айтқандай, қаламгер әр кітабында халқы мен елі жайында толғанады. Ол барынша ел-жұртқа жақсылық жасағысы келеді, тәңірден ізгілік тілеп, имандылық сұрайды, жақсылыққа сүйсініп, жамандыққа күйзеледі. «Ақ қағазды алдыма алған сәттерде, Ар алдында отырғандай сезінем» деп ақын өз шығармашылығына аса жауапкершілікпен, ерекше талғампаздықпен қарайтынын сезінуге болады. Сондықтан болар ақынның әр өлеңі таза сезімнен шыққан, жүректе тоқылған ойлы, салмақты, сабырлы. Аз жазса да, саз жазатын сыршыл ақын:

Ақын да бір, бала да бір бүлдіршін,
Ақын адам шын жыласын, шын күлсін.
Жүз жинақ па, ел есінде қалатын,
Жоқ, жалғыз-ақ жыр ма, оны кім білсін…» деп жазады.

Расында мына беймаза өмірде солай болып жатады. Сөздің мәйегін ұғатын адамның айтқан тапқыр сөзііне риза боласың.

«Сүю деген әрі бақыт, әрі мұң, Қайнары ол – қасиеттің бәрінің», – деп асқақтата жырлайтын ақынның сүйікті тақырыбының бірі махаббат болса, сол махаббаттың басты кейіпкері қазақ қызының қасиетін:

Ел емеспіз қасиетке біз кедей,
Тек тектілік сол желісін үзбегей.
Мұқағали мұң шаққанда мықты деп,
Таныған ғой Фаризаны қыз демей.
Бұғып қалған кезде кеше серкелер,
Бұрылғанда бөрік басқан желкелер.
Желтоқсанда жел жағында елінің
Тұрған жоқ па гүлдей нәзік еркелер.
Асыл ару, тегі таза, заты игі,
Жақын еткен алыс елді, жат үйді.
Қазақ қызы – ұлтымыздың ұяты,
Қандай құрмет көрсетсек те татиды, – деп жырлайды.

 

Енді бір жыр жолдарында Нарша «Жақсылық жаса адамға» дей келіп:

Жақсылықсыз жоқ тірліктің мәні түк,
Пейілі кеңді Құдай қояр жарытып.
Жақсылық жаса, жақсылық жаса адамға,
Жан-жағыңа жарық, жылу дарытып.
Жақсылық жаса, Сыйла адамды тік тұрып,
Өмір мәні сол екенін ұқтырып.
Бар кезде де, тар кезде де тарылма
Өзгермеудің өзі білсең – мықтылық.
Жақсылық жаса, далаға ол кетпейді,
Болсын билік, байлығың да көп мейлі.
Жас боп шыққан жанарлардан алғысқа,
Бұл дүниеде ештеңе де жетпейді, – деп ой түйеді.

Жоғарыда айтылғандай Наршаның ондаған жырларына ән жазылған. Солардың арасында елдің жүрегінен бекем орын алған ерекше ән – «Хат жазып тұр...». Әнін жазған жергілікті сазгер Әуезхан Салабеков. Ол әннің өмірге келуіне Наршаның ту алыс жатқан Қостанай өңірінің бір сұлуына ғашық болғаны себеп болыпты.

Екеуміз бірге өткізген күннің бәрі аңыз,
Уақытқа бағынып бірақ барамыз.
Анда-санда алған хаттар арқылы,
Алыстамай тұр әзірге арамыз.

Ұлы емші уақытқа сот бар ма?
Саябырлап келе жатыр хаттар да.
Хат жазып тұр жаураған жүрек жылысын,
Әр сөзіңнен шашыраған оттарға.

Хат жазып тұр, басқа ойды жат сана,
Қайталап оқып қалайын бір шаттана,
Хат жазып тұр,
Хат жазып тұр, сағынышыңды сыйғызып,
Хат жазып тұр,
Хат жазып тұр,
Қашықтықты жеңеді тек хат қана.

Алаңдаумен күндер өтті, өтті апта,
Ал өзіңнен хабар да жоқ, жоқ хат та.
Аңсағанда азық болсын жаныма,
Алданышым, хаттарыңды тоқтатпа.

Хаттарыңның қанаттары талмасын,
Көк аспанды көктей өтіп самғасын.
Сағынысқан жүректердің елшісі,
Салқындатпай арамызды жалғасын.

Бұл Әуезхан Салабековтің ақынның өлеңіне жазған алғашқы әні екен. Бұдан кейін Нәкеңнің «Анда-санда», «Мен енді өмірге ғашықпын», «Бақыттымыз бәріміз», «Анама» өлеңдеріне ән жазылады. Басқа сазгерлер де Наршаның шығармашылық әлеміне көңіл аударып, бірнеше тамаша, әсем әндер өмірге келді. «Рахмет саған, туған ел» деген өлеңіне жазылған ән «МузАрт» тобының орындауында халыққа жетті. Тараздық әнші Мейіржан Самылтыровтың орындауындағы «Жақсылық жаса адамға» әні де теледидардан, концерт залдарында орындалып жүр. Құдай қаласа, әлі де жазыла бермек...

Облыстық телехабардың редакторы әрі жүргізушісі, ақын Ғайни Әлімбекқызының «Елде тұрып-ақ өткір, ұтқыр сөз сөйлеп, жыр жазып жатырсыз. Өзіңізді бақытты сезінесіз бе?» деген сауалына Нарша өзіне тән қанағатшыл пейілімен былай деп қарапайым ғана жауап беріпті:

Елде тудым. Елде есейдім. Ер жеттім.
Кісіліктің мектебінен елде өттім.
Елде жүрсе болады екен ерде екпін,
Есік жақта қалмай еркін төрлеттім!

Базбір себептермен ол біраз уақыт жұмыссыз жүргені белгілі. «Екі қолға бір күрек» іздеген ол сол жылдардағы облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әлібек Әмзеұлының атына өзін қызметке қабылдау туралы өтінішін былай деп өлеңмен ұйқастырып жолдағаны көзі қарақты елгезек оқырманға жақсы таныс:

Өтініш жазды еріңіз,
Тағы да сынап көріңіз.
Түбі баратын жеріміз –
Музейді маған беріңіз!

Өтініш жазды еріңіз,
Наршаға тағы сеніңіз.
Сізге де орын қамдаймын –
Музейді маған беріңіз!

Осы сәлем-хатты алған Әлібек мырза азаматтық танытып, жөнді көңіл бөліп, Наршаға сұраған қызметін беріпті.

Талас ауданын белгілі азамат Батырбек Құлекеев біраз жыл абыроймен басқарды. Сол кезде Нарша ақын 7-8 жылдай мәдениет бөлімінің тізгінін ұстайды. Ақкөлден Қаратауға аудан орталығы бытырай көшіп жатқан уақыт. Бірден барлық басшыларға пәтер қайдан табылсын. Біразы қызметті Ақкөлден қатынап істейді. Нәкеңнің көлігін Шабар есімді шопыр бала жүргізеді екен. Айтушыларға сенсек, бірде аудан әкімі лездеме-жиналыс өткізіп жатса, Нарша кешігіп жетеді. Сонда Батекең кешігіп барған Нәкеңе: «Оу, Нәке, неге кешігесіз?», – демей ме. Сөзге қамшы бастырмайтын Нарша бірден: «О, тақсыр, әкем – Қашаған, шопыр – Шабар, әкім қайдан табар?» депті әзіл-қалжыңға айналдырып.

Тағы бірде тараздық журналист қатарластары Нәкеңді іздеп Ақкөлге барады. Ол кезде ауыл берекесі қожырап, біраз ел қалаға қоныстанып жатқан-ды. Ал Нәкең болса орнынан тапжылмай, Ақкөлде, туған өңірінде өлең жазып жатқан кезі болатын. Қақпа есігін ашып Наршаның өзі шығады. Амандасып болғаннан соң үй иесі ізеттілік көрсетіп, «ал жігіттер, үйге кіріңдер» демей ме. Сөйтсе, қонақтардың бірі, сірә, иттен қатты қорқатын біреу болса керек: «Нәке, ит жоқ па, ит..?» дей беріпті жалтақтап. Сонда Нәкең: «Ой, немене, сендер маған келдіңдер ме, әлде итке келдіңдер ме?» деп дүңк ете қалыпты өзіне тән қалжыңдығы ұстап. Оның мына тапқыр айтылған жауабын естіген көпшілік қыран-күлкі астында қалыпты.

Иә, айта берсек, Нарша Қашағанұлы төңірегінде небір қызықты әңгімелер, тапқыр қалжыңдар, әзіл бірқақпайлар бар.

...Нарша ақынның кенеттен келген өлімі көпті есеңгіретіп кетті. «...Барар жерің белгілі ғой сенің де, Барар жерім белгілі ғой менің де. Қиясың қайтіп қиылған қыздай өмірді, Қиын екен деп тіршіліктен жерінбе, Айналайын, асыға көрме өлімге!» – деп жазыпты ақын «Асықпашы...» деген өлеңінде. Неге екенін білмеймін, әйтеуір маған ақын о дүниеге асығып кеткендей болады да тұрады. Артында оның ойлы да сырлы, салмақты жырлары қалды. Сол азалы күндері «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде таластық ақын қыз Үміт Битенованың жазған азанамасы шықты. Онда:

«Тұла бойында қылаудай жасандылығы жоқ қапысыз қалжыңы жүретін, тұңғиық ойлы, тапқыр да тәкаппар талғамыңмен, Алатаудай асқақ бейнеңмен менің де алдымдағы асқар тауым едің. Дуалы аузынан шыққан уәлі әр сөзін сәулелі кеудеге асыл қазынадай құйып алып, жайшылықта қасына күнде ілесіп жүре алатын еркеккіндікті болып тумағанымды әркез арман қылатын алып-ұшпа көңілім енді шынымен жетім қалды-ау.

Ақылы – көзінде, қасиеті – сөзінде, тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік қадірлі Нарша ағам! Көзге көп көрінбесе де, ауызға көп іліккен, өмірін өлеңге ғана арнаған, әдебиеттің адал жауынгері, тасқынды судай төгіліп, арынды желдей азынаған нағыз ой иесі, сөз иесі – Сен едің.

Жарық дүниедегі бір күндік қонақтарға, күйбең тіршілікті күйттеп, пендешілікті перде тұтқандарға бұл фәнидің жалған екенін дәлелдеп, мұндағы еш нәрседе баян жоғын растап берейін дедің бе, әлде «Батырдың жығылуы тіптен оңай» деген Иманжүсіпті мақұлдағаның ба, дәм-тұзыңды мезгілінен бұрын тауысып, бақи ғұмырға неге асықтың екен. Артыңдағы алтын асықтай ұлдарың мен немерелерің орныңды ойсыратпас-ау. Өзіңді қайдан табамыз?!

Бардың бағасын жоғалтқанда ғана түсінетін біз бейбақтың еншісіне енді сені тек еске алумен ғана күндер өткізу қалғаны жанымызды күйзелтеді. Бар қаруымыз – сенің рухыңа бағыштар дұғамыз. Бақұл бол, ағатайым!» деп жабырқап, таусыла, өкси жазады ақын қарындасы.

Наршаның өлеңдерін зерделеп оқысаңыз, ол мінезді ақын ғана емес, ел тағдырын, тіл тағдырын әріден ойлап, заман барысын барлап, қоғамдағы құбылыстарды, қазіргі адамдардың бойында қалыптаса бастаған кейбір жиренішті, келеңсіз қасиеттерді әділ бағалай білген, өмірден шырқыраған шындықты іздеген, оның көлеңкелі жақтарын өткір сынға алған көкірегі ояу, ойы терең, қылығы өжет, сөзі отты, аса талғампаз азамат еді. Мүмкін, нарқасқа, нартұлға Нарша ақынның отты жырларында әлі де біз зерттеп, зерделеп, толық танып болмаған, сан қатпар қырлары мен сырлары жұмбақ қалпында жатқан шығар? Оларды келер күндердің еншісіне қалдырайық...

Иә, жерін сүйген, елін сүйген, ана тілін ерекше құрметтеген, әркез арын биік ұстаған, ата дәстүрін, тілі мен дінін асқақ тұтқан ұлтжанды, өзінде барын өзгеге беруге, сүрінгенді сүйеуге, жылағанды жұбатуға әркез дайын тұратын мейірімі мол, бауырмал, достыққа адал, шындыққа жаны құмар Нарша ақын туралы әлі де талай естеліктер жазылыр. Ол мына өмірде бойын тік ұстап, еркін жүріп, тура сөйлеп, санасындағы терең ойын салмақты жырға, ғажайып сырларға айналдырып, көк аспандағы жарық жұлдыздай ағып өте шықты мына дүниеден. Бір кем дүние...

Өмірі жалынды жырға, әдемі әнге жалғасқан Нарша ақынның рухы әрдайым биікте болғай!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.