Салық төлеушілерге тегін кеңес берілді
Жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер бойынша жыл басынан бері облыс көлемінде бизнес субъектілеріне тегін кеңес беру арқылы қолдау көрсетуге бағытталған «Заң мен тәртіп» және «Халық бухгалтері» акциясы жүргізіліп келеді. Бастама бақылау моделінен салық төлеушілерді сервистік сүйемелдеуге көшу шеңберінде іске асырылуда. Осыған орай Тараз қаласындағы «Mart» сауда орталығында Жаңа салық кодексі және кеден заңдылығын түсіндіруге бағытталған «Ашық диалог: Жаңа Салық кодексі қарапайым сөзбен» акциясы өтті.
«Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында ұйымдастырылған акция Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бастамасымен өткізілді. Оған Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқармалары, коммерциялық емес акционерлік қоғамы, азаматтарға арналған үкімет, мемлекеттік корпорация, уәкілетті органдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және екінші деңгейдегі банкілердің өкілдері қатысты.
Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовтың айтуынша, акцияның мақсаты – бақылау моделінен сервистік сүйемелдеуге көшу шеңберінде халықтың салық және кеден заңдылығы бойынша сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін кеңес беру.
Акция барысында 230 азаматтар туындаған сұрақтарға жауаптарын алды, оларға жаңа Салық Кодексінің, кеден заңдылығының нормалары түсіндіріліп, кірістер органдардың ақпараттық жүйелері туралы тиісті іс тәжірибелік көмектер мен кеңестер берілді.
Сонымен қатар 2026 жылдың арнаулы салық режимдері, қазіргі болып жатқан науқан, яғни 2026 жылға оңайлатылған декларация бойынша қызметті жүзеге асыруға шарттарына сәйкес келетін және арнаулы салық режимін қолдануды жоспарлаған барлық кәсіпкерлерге 28 ақпаннан кешіктірмей хабарлама ұсыну керектігі туралы айтылды. Сондай-ақ іс-шара барысында «Халық бухгалтері» акциялары жөніндегі сұрақтарға айрықша назар аударылды.
Тараз қаласы