«Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру – басты назарда»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында «Қазақстан Әділеттің, Заң мен тәртіптің мекені, еңбекқор адамдардың елі болуға тиіс. Заң үстемдігі мен жасампаз еңбек жоғары тұрмыстық мәдениет идеологиясымен астасып жатуы керек. Осы қағидаттар көптеген елде табысты әрі берекелі өмір сүрудің формуласы саналады» деген еді. Ел билігі адам капиталын дамытуға және әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға баса көңіл бөліп келеді. Еңбеккерлердің құқығын қорғап, адал ақысын алып, лайықты бағалануы мемлекеттік экономикасын көтеруге де едәуір серпін 5 беретіні сөзсіз. Апта басында өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде еңбек пен халықты әлеуметтік қорғау мәселелері кеңінен қаралған болатын. Мәжіліске Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақов та қатысып келді. Кеңейтілген алқа мәжілісінде нендей мәселелер көтерілді, өңірімізде еңбеккерлердің құқығын қорғау бағытында қандай жұмыстар жүзеге асырылды? Осы сұрақтар төңірегінде аталған департамент басшысымен сұхбаттастық.
Жарылқасын АЙТАҚОВ, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы:
– Кеңейтілген алқа мәжілісінде қандай мәселелерге басымдық берілді?
– Иә, апта басында, яғни 24 ақпанда өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ведомствоның 2025 жылғы қызметінің қорытындыларын жасап, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер мен жоспарларды ұсынды. Министр Асқарбек Маратұлы өз баяндамасында Мемлекет басшысы мен Үкіметтің азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қолдауды күшейту бойынша тапсырмалары жүйелі түрде іске асырылып жатқанын атап өтті.

– Бұл тапсырмалар елімізде қандай деңгейде жүзеге асырылып жатыр?
– Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде өңірде еңбек жағдайлары тұрақты деңгейде сақталуда. Еңбек қатынастарындағы шиеленістер мен ұжымдық наразылықтар ресми түрде тіркелмеген.
Сонымен қатар аймақта еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, өндірістік жарақаттануды азайту, жалақы берешегін қысқарту және еңбек шарттарын цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.
– Жоғары тәуекелді кәсіпорындар мәселесін шешуде қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Биылғы жыл басында облыста жоғары тәуекел деңгейіндегі 60 кәсіпорын тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға аз. Барлық 60 кәсіпорында әлеуметтік аударымдардың кешіктірілуі немесе қызметкерлер санының азаюы анықталды. 55 ұйымда жұмысткерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттары жасалмаған немесе мерзімі өткен, ал 45 кәсіпорында орташа жалақы төмен.
Қабылданған шаралар аясында жалақы берешегін өндіріп алу үшін 60 кәсіпорынның тізімі кірістер департаментіне жолданып, 45 кәсіпорын басшыларына еңбекақыны арттыру жөнінде хат жіберілді. Сондай-ақ 55 ұйымға сақтандыру шарттарын рәсімдеу туралы ескерту жасалып, жоспардан тыс тексерулер жүргізілуде.
– Қызметкерлерді сақтандыру деңгейі қандай?
– Өткен жылы облыстағы 3285 белсенді кәсіпорынның 2026-сында, яғни 61,5 пайызында жұмыскерлер жазатайым оқиғалардан сақтандырылған болса, жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 82,3 пайызға жетті. Жоспарланған 65 пайыздық меже толық орындалды. Әрине, адам өмірі бәрінен де қымбат. Мұны барлық кәсіпорын басшылары басты назарда ұстауы керек. Қандай жағдайда да жұмысшылардың қауіпсіздігі жіті қадағалануы тиіс, үнемі осыны ескертіп келеміз.
– Жалақы берешегі және еңбек даулары бойынша облыстағы жағдай қандай?
– Өткен жылы проблемалық кәсіпорындар талданып, әлеуметтік желілер мен азаматтардың өтініштері негізінде тұрақты мониторинг жүргізілді. Жанжал қаупі бар нысандар ерекше бақылауға алынды. Нәтижесінде облыста еңбек даулары мен ұжымдық наразылықтар тіркелген жоқ.
Өткен 2025 жылы облыс бойынша 10 кәсіпорында 570 жұмыскерге 292,3 миллион теңге жалақы қарызы анықталды, 8 кәсіпорында 252,2 миллион теңге толық өтелді. Бүгінгі күні 2 кәсіпорында 45 жұмыскерге 40 миллион теңге қарыз сақталып отыр. Нақты айтсақ, «Zhambyl Minerals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 17 қызметкерге 18 миллион теңге, «Шу-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 28 жұмыскерге 22 миллион теңге берешегі бар. Қарызды өндіріп алу бойынша барлық әкімшілік шаралар қолға алынған және материалдар сот орындаушыларының өндірісінде.
– Облыс аумағында орын алған өндірістік жарақаттану жағдайлары жөнінде не айтасыз?
– Өткен жылы 40 жазатайым оқиға тіркеліп, 46 адам зардап шекті, 7 адам қаза тапты. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 21,5 пайызға азайғанын көрсетті. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – еңбекті дұрыс ұйымдастырмау, қауіпсіздік талаптарын бұзу, жол қозғалысы ережелерін сақтамау және қауіпсіз еңбек тәсілдеріне оқытудың жеткіліксіздігі.
Өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында 31 кәсіпорында «Vision Zero» тұжырымдамасы және 15 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізіліп, 941 өндірістік кеңес құрылды. 1333 техникалық инспектор жұмыс істеуде. Сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы қабылданды. Қауіптің алдын алу амалдары барынша жасалады, дегенмен әркім өз өміріне, денсаулығына жауапкершілікпен қарап, немқұрайлылықтан арылып, барлық сақтандыру шараларын ұстануы керек.
– Биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп аталды. Халыққа арнаған жолдауында ел президенті «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек» деген болатын. Ал сіздердің қызмет тарапынан еңбек шарттарын және ұжымдық шарттарды цифрландыру жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша айтсақ, облыстағы 170416 жұмыскердің 155162-сінің еңбек шарты бірыңғай жүйеге енгізілді, бұл 91 пайызды құрады. Шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша 30 ұйымға 771 рұқсат беріліп, 550 еңбек шарты тіркелді. Қазақстанға келген және құжаттары толық шетелдік азаматтардың барлығы жүйеге енгізілді.

Ірі және орта кәсіпорындардың ұжымдық шарттары толықтай HR Enbek жүйесінде цифрландырылды.
– Қай істе де мемлекеттік бақылаудың орыны бөлек, кәсіпорындардағы еңбеккерлер құқығының қорғалуында бұл бақылау қалай жүргізіліп отыр?
– 2025 жылы облыста 255 тексеру жүргізіліп, 246 заң бұзушылық анықталды. Сонымен қатар 112 нұсқама беріліп, 43 әкімшілік қаулы шығарылды.
Салынған айыппұл көлемі 12,5 миллион теңгеден асқан, оның 71,3 пайызы өндірілді. Жыл ішінде 1630 арыз-шағым тіркеліп, 1255-і қаралды. Ал 243 жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізілді.
– Алдағы уақытқа көзделген негізгі міндеттер қандай?
– Алдағы кезеңде де еңбек құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру жұмыстары жалғасатын болады. Атап айтқанда, департамент аймақтағы барлық кәсіпорындарды қамту мақсатында ұжымдық келісімшарттарды цифрландыруға және еңбек келісімшарттарын «Еңбек келісімшарттарының бірыңғай есеп жүйесіне» енгізуге басымдық береді.
Сондай-ақ, алдын алу бақылауын күшейту, еңбек заңнамасының сақталуын тексеру, кәсіби тәуекелдерді және қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде болатын оқиғалардан сақтандыруды мониторингтеу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, кәсіподақтармен және жұмыс берушілермен белсенді ынтымақтастық жүргізу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін тікелей эфирлер мен түсіндіру кездесулерін ұйымдастыру көзделіп отыр. Тәуекелдерді ерте анықтау жүйесін енгізу және еңбек қауіпсіздігі бойынша ақпараттық науқандар өткізу жоспарда бар. Оның ішінде «Vizion Zero» бағдарламасына қатысу да қамтылған.
Әлгінде айтып өткенімдей, қайткенде де адам өмірін, денсаулығын қорғау, қауіпсіздіктің алдын алу, жазатайым оқиғаларға жол бермеу – негізгі мақсатымыз. Қорыта айтқанда, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру – басты назарда.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Қамар ҚАРАСАЕВА.