Жауапсыз бақылаушылардың салғырттығынан босқа шығын болғандар көп
Тараз қаласын сумен қамтамасыз ететін «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына тұрғындар тарапынан шағым жиі айтылатынын еститінбіз. Солардің бірі – пайдаланылған суға төлейтін ай сайынғы соманың артығымен есептелуі.
Дәл осындай жағдайға айналдырған 5 айдың ішінде 2 рет өзім де тап болдым. Тамыз айында пайдаланған су үшін төлем түбіртегі 10 мыңнан аса теңгені көрсетіп келгенде, таңқалғанымды жасыра алмаймын. Анығын білу үшін мекемеге барсам, абонент бөліміндегі әрбір қызметкердің алдында кезек күткендердің қарасы қалың. Қазір халыққа қызмет көрсететін мекемелерде кезек тәртібі сақталу үшін электронды кезекке қою жүйесі қолданылады. Ал «Жамбыл суда» ол да жоқ. Яғни, мұнда жасанды интеллект түгілі цифрландырудың қарапайым түрлері де байқалмайды. Жұмысым бір күнде шешілмей, үш күн қатарынан «Жамбыл судың» табалдырығын тоздыруыма тура келді. Мекеме қызметкерлері кеткен қателікті су есептегіш құралдың көрсеткіші базаға 3 ай бойы тіркелмегенімен түсіндірді. Тұрғын ретінде бақылаушыға ай сайын су есептегіш құралдың көрсеткішін уақтылы беріп отырғанымды дәлелдеп барып, төлейтін сома азайтылды. Үш күн сандалсам да мәселемнің шешілгеніне қуанғанмын. Алайда, дәл осы жағдай 4 айдан соң тағы қайталанды. Бұл жолы да бақылаушының салғырттығынан су есептегіш құралымның көрсеткіші базаға енгізілмей, әдеттегіден үш есе артық төлем түбіртегі келді. Өзге де қала тұрғындарынан сұрастырсам, мұндай жағдайға кездескен тараздықтар көп екен, тіпті бақылаушылардың жиі ауысатындығынан бір айда екі рет төлем жасағандар да бар. Бір-екі рет қателессе түсінуге болар, бірақ үнемі бақылаушылардың салғырттығының зардабын тұрғындар неге тартуы керек? Анық-қанығын білу үшін аталған мекемеге бардық.
Мекеме директорының орынбасары Гаухар Даулетқұлова да тұрғындар тарапынан түсетін шағымдардың көптігін жасырмады.
Қазір барлық іс цифрландырылып жатыр. Бұл еңбек нарығындағы адам күшін қажет етуді азайтумен қатар, адами фактордан орын алатын қателіктердің болмауына да көмегі көп. Егер коммуналдық қызметтер цифрлық жүйеге көшсе, бақылаушының салғырттығының салдарынан тұрғындар жапа шекпес еді. Алайда, мекеме директорының орынбасары оған қол жеткізуге біраз кедергі барын алға тартты.
Бірақ, «Қазақгаз» компаниясы қазір арнайы қосымшасы арқылы есептегіш құралдың көрсеткішін тұтынушы өзі жолдай алатын жүйені қолданып отыр. Оған бағасы қымбат есептегіш құрал да, ешқандай модем де сатып алғызып жатқан жоқ. Бар болғаны QazaqGaz Aimaq қосымшасын ұялы телефонға жүктеп, әр айдың 20-25-і аралығында есептегіш құралдың көрсеткішін сканерлеп, жолдау жеткілікті. Осындай қолданысқа енген тиімді мүмкіндікті айтқанымызға мекеме директорының орынбасары «Жамбыл су» мекемесі тұрғындар үшін ортақ WhatsApp желісіндегі номерлерін іске қосқандарын айтты.
Яғни, бақылаушыға сенім артпай, тұтынған суымыздың көлемін мекеменің WhatsApp желісіндегі номеріне өзіміз жіберіп, тіпті төлейтін соманы да өзіміз есептеп отыратын болдық. Әйтпесе, жауапсыз бақылаушылардың кесірінен босқа шығындануымыз бек мүмкін.
Қамар ҚАРАСАЕВА