Орманды қорғау – ортақ міндет
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өткен жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысы тыңдалды. Онда осы мекеме басшысының орынбасары Нұрғали Ниязқұлов пен Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Дарына Айдарова баяндама жасады.
Алдымен Нұрғали Жұмаділұлы аумақтық инспекциясының 2025 жылы атқарған жұмыстарына тоқталып, 2026 жылғы жұмыс жоспарымен таныстырды. Оның айтуынша, инспекция орман шаруашылығы саласында, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады. Сонымен қатар инспекция өз қызметі аясында барлық жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Орман кодексінің, сондай-ақ «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарының талаптарын сақтауын бақылауды қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруды тапсырды. Оның ішінде еліміздің орман алқаптарында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызуды жүктеді. Осыған байланысты облысымызда мемлекеттік орман қоры жерлерінде «2021-2027 жылдарға Ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспарына сәйкес 140 миллион 806,3 мың ағаш отырғызу жоспарланған. 2025 жылғы ормандарды молықтыру жоспарына сәйкес 8948 гектар алқапқа 16086 мың екпелерді өсіру жоспарланып, орындалды. Биыл 8948 гектар алқапқа 16086 мың орман екпелерін өсіру жоспарлануда, – дейді ол.
Ал Дарына Мейірханқызының айтуынша, Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өткен жылы табиғатты қорғау бойынша 48 рейдтік іс-шара жүргізіліп 60 заң бұзушылықтар анықтаған. Оларға 1183,5 теңге айыппұл салынып, өндірілген. Сонымен қатар бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес заңсыз броконьерліктің жолын кесу және алдын алу бойынша «Охотзоопром» ӨБ инспекторларымен – 16 рейд, мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметімен – 4 рейд және құқық қорғау органдарымен 3 рейдтік іс-шара жұмыстары жүргізілген.
Баспасөз мәслихаты соңында инспекция өкілдері журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ