Жаңа Конституция жобасы кеңінен түсіндірілді
ҚР Сенат депутаттары Бекболат Орынбеков және Сәкен Арубаев «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция жұмыс сапармен болды. Республикалық штаб мүшелері өңір тұрғындарымен және зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өткізіп, жаңа Конституция жобасын түсіндірді.
Алғашқы кездесу аудан орталығы Б.Момышұлы ауылы әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылып, оған еңбек ұжымдары, тұрғындар және жастар қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев ашып, сөз кезегін сенатор Бекболат Орынбековке берді. Бекболат Серікбекұлы өз сөзінде жаңа Ата Заң жобасының өзегі – адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде айқындау екенін атап өтті. Сондай-ақ ол құжатта Егемендік пен Тәуелсіздік елдің аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар санатына енгізілгенін жеткізді.
«Ұсынылып отырған өзгерістер – еліміздегі саяси жүйені жүйелі жаңғыртуға бағытталған бастамаларының заңды әрі дәйекті жалғасы. Қазіргі заманның шынайы жағдайы жаңа қоғамдық келісімді, жаңа мән-мағыналарды талап етеді. Осы реформалардың барлығының түйіні ретінде жаңа Халықтық Конституциясының жобасы ұсынылып отыр. Құжаттың басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Адамның құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана емес, бүкіл Конституцияның мағыналық өзегі мен басым бағыты ретінде айқындалады.
Конституция – жай ғана құқықтық ережелер жинағы емес, ол – мемлекеттің қандай құндылықтар негізінде дамитынын айқындайтын, қоғам мен билік үшін ортақ бағыт-бағдар қалыптастыратын стратегиялық құжат. Бұл бағдарлардың өзегінде – азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың басты қағидасы ретінде әділеттілік тұр. Яғни, өзара сыйластық, тең мүмкіндік және ортақ жауапкершілік. Заң мен тәртіп – баршаға бірдей, соның ішінде билікке де қатысты. Бұл мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтып, олардың заңдылығын күшейтеді», – деді ол.
Келесі кезекте сөз алған республикалық штаб мүшесі, сенатор Сәкен Арубаев жаңа Конституцияның жобасындағы маңызды тұстарына тоқталды.
Жаңа Конституцияның ерекшелігін салыстырып айтатын болсақ, уақытында қолданыстағы Конституцияны 12 адам ғана жазған. Оның тоғызы қазақстандық, үшеуі шетелдің сарапшылары еді. Ал Жаңа Конституция – көлемі мен мазмұны жағынан ауқымды құжат. Ол 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Ең басты ерекшелігі – оны жазуға 130-дан астам белгілі заңгерлер мен ғалымдар, депутаттар, Ұлттық құрылтай өкілдері, мемлекеттік органдар, қоғамдық кеңестер, сарапшылар қауымдастығы және жұртшылық өкілдері қатысты. Бұл – еліміздің өз күшімен, өз ойымызбен жасалған құжат.
Тағы бір маңызды жаңалық – Конституцияның тілі. Қазақ тіліндегі мәтін толықтай қайта жазылып, түсінікті, жеңіл, нақты тілде дайындалды. Артық күрделі тіркестер алынып тасталды. Енді оны кез келген азамат оқып, түсіне алады. Құжат жабық кабинетте емес, халықтың қатысуымен әзірленді. Оның барысында мыңдаған ұсыныс пен пікірлер ескеріліп, қоғамдық талқылаулар өтті. Сондықтан оны Халықтық Конституция деп атауға толық негіз бар. Енді Конституцияға кез келген өзгеріс тек референдум арқылы, яғни халықтың тікелей қатысуымен ғана енгізіледі. Бұл – Ата Заңның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Жаңа Конституция жабық есік жағдайында емес, халықтың қатысуымен, ашық түрде талқыланды. Қарапайым азаматтардан бастап, сарапшыларға дейін өз ұсыныстарын білдірді. Бұл – елімізде азаматтық қоғамның дамып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа Конституция – жай ғана өзгеріс емес, ел болашағына жасалған үлкен қадам. Бұл құжат мемлекетімізді нығайтуға, бірлігімізді сақтауға және әділетті қоғам құруға бағытталған, – деді Сәкен Арубаев.
Кездесу барысында штаб мүшелері тарапынан жаңа редакциядағы Ата Заңның маңыздылығы түсіндіріліп, алдағы өткізілетін Жалпыұлттық референдумға белсене қатысуға және қолдау көрсетуге шақырды.
Жиында ауыл тұрғындары да белсенділік танытып, өз пікірлерін ортаға салды.
Сенат депутаттары одан әрі аудандық «Достық» мәдениет үйінің кіші залында зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, құжаттағы негізгі өзгерістер туралы айтты.
Сонымен қатар республикалық халықтық штаб мүшелері Қарасаз ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесу жиынына қатысты.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
журналист.
Жуалы ауданы