Аймақ

Елдің бағытын қалыптастыратын маңызды қадам

Бүгінгі таңда ел ішінде жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Жалпы, осынау конституциялық өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңін айқындай түспек. Жалпыұлттық референдум – бұл тек нормаларды түзету емес, билік тармақтарының жауапкершілігін нақтылау мен олардың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам. Республикалық референдум аясында қарқын алған ақпараттық үгіт-насихат шаралары барысында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы өңірлік филиалының мүшелері осылай дейді. Жұрт арасында Конституцияның жаңа жобасын жан-жақты түсіндіруге күш салып жүрген коалиция мүшелері түрлі деңгейдегі кездесулерде жаңа Ата Заң жобасының мазмұнына қатысты орамды ой-пікірлерін ортаға салып, көпшілікті ел үшін маңызды шешімді бірге қабылдауға шақыруда.

Мәселен, күні кеше өңірлік коалиция мүшелері облыстық психикалық денсаулық орталығы ұжымымен жүздесіп, елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар, соның ішінде жаңа Конституция жобасын кеңінен талқылады. Кездесу барысында өңірлік коалиция мүшелері: Гулам Умаров, Айгерім Дәулетбаева, Дина Кульбаева және Серік Жетібаев ел Конституциясының жаңа жобасындағы негізгі жаңашылдықтар мен ерекшеліктерге, оның мазмұны мен маңызына тоқталды. Бұдан бөлек жиында жаңа Конституцияның адам және ел дамуына бағытталғаны, онда әрбір тұрғынның құқықтары, қоғамдағы бірлік пен келісім, елдің тәуелсіздігі мен тұтастығы, әділеттілік, заң үстемдігі және экология мәселелері өз деңгейінде бекітілгеніне назар аударылды.

Сондай-ақ бұл күні өңірлік коалиция мүшелері «Жамбылхимстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларымен де жүздесті. Қарапайым еңбек адамдарына жаңа Конституция жобасын түсіндірген олар Ата Заң жобасындағы негізгі баптары мен ел дамуының басым бағыттарын талқыға салды. Олардың айтуынша, ел тарихында Конституция бірнеше рет жаңартылса да, ұсынылып отырған жаңа жоба осы эволюцияның келесі кезеңі ретінде қарастырылмақ.

Өңірлік коалиция мүшелері Алтай Қақарабеков пен Нұржан Муслимов референдум қарсаңында жер-жерлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасып жатқанын баса айтып, жаңа Конституция жобасының құндылықтары қоғамды әділдік, заңдылық және барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер сияқты айқын және түсінікті басымдықтар негізінде біріктіретінін атап өтті.

Ал өңірлік коалиция мүшесі Нұржан Жомартұлы өз сөзінде Конституцияның тұжырымдамалық өзгерістері мемлекеттің адамға бағдарланғанын, яғни Қазақстан халқына тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды көрсетуге сондай-ақ республикадағы саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталғанын жеткізді.

Өз кезегінде аталған серіктестіктің қызметкерлері көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, оған нақты жауап алды. Маңызды құжатта азаматтардың денсаулығын қорғау және тегін медициналық көмек алу сынды құқықтары қарастырылғаны көпшіліктің көңілінен шыққан. Жиын соңында өңірлік коалиция мүшелері егемен елдің бағытын қалыптастыратын саяси науқанда белсенділік танытып, еңбек адамдарын алдағы референдумға біркісідей атсалысуға шақырды.

Еске сала кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы 12 ақпанда құрылды. Оның құрамына 5 саяси партия мен шамамен 300-ге тарта қоғамдық ұйым кірді. Олар шамамен 5 миллион қазақстандықты біріктіреді.

Есен ӨТЕУЛІ