Әдебиет

Жамбылдың жауһар жырлары

Қазақ халқының рухани қазынасында айрықша орын алатын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы – ұлттық болмыстың, елдік сананың, әділдіктің, халықтық рухтың жарқын көрінісі. Биыл жыр алыбының туғанына 180 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Даңқ» залы Бауыржан Момышұлы музейінде «Жамбылдың жауһар жырлары» атты әдеби кеш өтті. Оған Тараз қаласындағы №39 мектеп-гимназияның және «Жамбыл» атындағы №5 мектеп-гимназияның оқушылары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа Жамбыл мұрасының құндылығын кеңінен таныту, өлең-жыр арқылы ұлттық рухты нығайту, оқушылардың көркем сөзге деген қызығушылығын арттыру. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Жазылбек Алдабеков Ж.Жабаевтың халқымыздың тарихы мен тағдыры, арман-мұраты, бірлік пен ынтымағы, достығы қамтылған жырлары баға жетпес рухани қазына екеніне тоқталды. Сондай-ақ ақынның өлең-жырларынан үзінділер оқып, мысал келтірді.

Кешке қатысушылар іс-шара барысында жыр алыбының өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, оның жырларындағы елдік, бірлік, адамгершілік идеялар насихатталды. Оқушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Мұнда қос мектептің оқушылары Қаршыға Төлеген, Телеу Құрмет, Рамина Рахымжанқызы, Думан Игілік, Елнұр Саматұлы, Шыңғыс Досбол, Асылжан Нұрболатұлы, Аяужан Оралбекқызы және тағы басқалары белсенділік танытып, Жамбылдың жырларын мәнерлеп оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Жамбыл бейнесі – тек жырда ғана емес, сахнада да мәңгілік. Осы ретте Асқар Тоқпанов атындағы академиялық драма театры актерлерінің орындауында Иран-Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысы» театрландырылған қойылымынан үзінді көрсетілді.

Кеш соңында оқушыларға «Даңқ» залындағы жәдігерлер таныстырылды.

Құрманғазы ДЕМЕШЕВ,

«Даңқ» залы Б.Момышұлы музейінің меңгерушісі.

Тараз қаласы