Әдебиет

Поэтикалық баттл Күләш Ахметованың шығармашылығына арналды

Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы поэтикалық баттл ұйымдастырды. Бұл жарыс биыл 80 жасқа толатын Күләш Ахметованың шығармашылығына арналды. Мұндағы мақсат – ақынның мол әдеби мұрасын жастар арасында насихаттау, оның философиялық және лирикалық поэзиясын заманауи шығармашылық интерпретация формалары арқылы ашу. Ал баттлдың міндеттері – Күләш Ахметова шығармашылығы арқылы қазақ поэзия мектебінің дәстүрлерін сақтау және дамыту.

«Жыр жұлдызы: Күләш Ахметова мұрасы» атты поэтикалық баттл аяулы ақынды бір минут еске алу үнсіздігімен басталып, 4 кезеңнен тұратын жарыспен жалғасты. І кезең «Мен және Жасанды Интеллект» атауымен жарысқа қатысушылар креативті түрде өз-өздерін таныстыруға арналды. «Жүрегім үндейді» тақырыбындағы ІІ кезеңде Күләш Ахметованың өлеңдері мәнерлеп оқылды. «Ақын жолын жалғастыр» деп аталған ІІІ кезеңде қатысушыларға ұсынылған Күләш Ахметованың өлең жолдарын түпнұсқаның философиялық-эмоционалдық құрылымын сақтай отырып, поэтикалық мәтінді логикалық және стилистикалық тұрғыдан дұрыс аяқтау міндеттелді. «Кескіндегі өлең» аталған ІV-кезең қатысушылардың ой ұшқырлығын сынға салды. Яғни, жарысқа түскендер 10 минут ішінде ұсынылған картинаның көңіл-күйі мен мазмұнын барынша дәл бейнелейтін Күләш Ахметова шығармаларынан үзінді дайындап, мәнерлеп оқыды.

Қазылар алқасының ұйғаруымен І дәрежелі дипломмен Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «IТ» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Еркеназ Әбдібай, ІІ дәрежелі дипломмен де осы лицей интернатының 9-сынып оқушысы Тәсним Маратбек, ІІІ дәрежелі дипломмен С.Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектептің 7-сынып оқушысы Еркеназ Аманбекқызы марапатталды. Жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Іс-шара соңында ақынның «Орман» кітабының нүктелі бедерлі Брайль қарпіндегі тұсаукесері өтіп, 1 данасы арнайы №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларына жолданды. 

Қамар ҚАРАСАЕВА