Әдебиет

Міржақып Дулатов Әулиеатаға қашан келді?

Қазақтың «өткен күнде белгі бар» дейтіні тарихтың тамыры тереңнен келіп сабақтасатынын айтатын сияқты. Өйткені болған оқиғалар мен тұлғалардың өмірін зерделей берсең, өмірде ештеңенің кездейсоқ еместігін, әлемнің бір бірімен қабысып, жанасып жатқанына көзің анық жетеді. Әсіресе өзіміз туып-өскен Әулиеатаның топырағы талайға пана болып, көптеген тұлғаны қонақ еткенін қатталған естеліктер мен архивтерден оқысаң, мәні тіпті бөлек.

Өткен жылдың соңында алаштың ардақты ұлы Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жылдығы ел ішінде атап өтілді. Бұл мерейлі датамен бірге оның Әулиеатамен байланысы тағы еске түсті. Зиялы қауымның барлығы дерлік Міржақыптың бұл елге құда болғанын анық біледі. Алдымен, қарындасы Ботагөз Бұралқы болыстың ұлы, қазақтың тұңғыш жоғары білімді аграномы Мұстафа Бұралқиевпен тағдыр қосты. Ал кейініректе қызы Гүлнәр мойынқұмдық жазушы Әбен Сатыбалдиевтің өмірлік серігі болды. Кездейсоқтық емес қой.

Ендігі әңгіме Міржақып Дулатов Әулиеатаға қашан келгені туралы. Ұлт үшін, оның жарқын болашағы үшін күресіп жүрген азамат 1926 жылы Орынбордан қайтты. Ал 1928 жылы қамалды дейді. Ортадағы бір жылды қалай өткергені туралы ғаламторда дерек жоқ. Оны тек кітаптан түртіп алуға болады. Міржақып туралы естелік көп. Оның себепкері қызы – Гүлнәр болды. Алла ғұмыр беріп, әке аманатына адалдықпен еңбек еткен екен.

1927 жылы Міржақып ақын Қызылордада «Еңбекші қазақ» газетінде еңбек етті. Журналист ретінде жақсы мақалалар жазып, елді ақпараттандырып отырды. Соның ішінде Әулиеатаның жылқы зауыты туралы жазған мақаласы да бар. Ол 1927 жылдың 13 қазанында жарық көрген. Оны жазардан бұрын ол отбасымен бірге торғайлық жерлесі, сол кезде адвокаттық қызмет атқарып жүрген Жұмыр Есмурзиннің шақыруымен Әулиеатаға келеді. Міржақып үшін арнайы Ақбұлымда үй тігіліп, үй маңына бие байлап, қымыз ішкізіп, біраз уақыт демалдырған екен. Бұл сапарында ол қазақтың ірі байларының бірі болған Дербіс Қалабаев және Бұралқы Сұлтанбековпен танысады. Әрине, бұған дейін де олардың Алаш идеясының қолдаушылары болғаны архив құжаттарынан да белгілі еді. Дегенмен жүзбе-жүз кездесіп, арнайы танысқаны осы кез екен.

Міржақып тек Есмурзиннің үйіне ғана бармайды, сондай-ақ сол кезеңде Әулиеатаға аты мәшһүр тілмаш, қазақтың талайына пана болған, Алаштың алтын ордасына айналған Қалмағанбет Танкинге де қонақ болды. Ол бір жағы Бұралқы болыстың бажасы болса, екінші жағынан өзі де торғайдан шыққан Ыбырайдың тұңғыш шәкірттерінің бірі еді. Ол жайлы Сәкен Сейфуллиннің Әулиеатаға ат басын тіреуі туралы мақалада да дерек бар.

Бұл сапарынан Міржақып Дулатов: «Әулиеата елі малды, қазақы ел. Ас-той, көкпар, бәйге дегенің бұл елде әлі қалған жоқ. Сентябрь туысымен үлкен-үлкен астар болады. Бұл елде бәйге аты аса қадірлі. Асты бұл ел бәсекемен береді, бірінен-бірі асырмақ болады. Бас бәйгеге бес мың сом, үш мың сом не пәлен жүз қой тігуші екінің бірінен табылады. Тек малы болсын иә атағы болсын», – деп бір жағы қазақылықтың жойылмағанын, елдің байлығы мен мырзалығын атап өтсе, екінші жағынан даңғазалық пен мақтангершілікті айыптайтындай.

Ел ішін біраз аралап, Көгершіндегі жылқы зауытына да барған екен. Атбегілік пен саятшылыққа ебі бар Міржақып мұндағы асыл тұқымды сәйгүліктерге, олардың баптауына аса таңданыспен сүйсіне қарайды. Тіпті, сондағы бір көк дөненге көзі түсіп, «шіркін-ай, мынаны ұрлар ма еді» деп біраз тамсаныпты. «Әр бөлмеде көздері оттай жанып, шиыршық атып, көкке шапшып тұрған суреттен сұлу жануарларды көрдік», – деп мақаласында да сол бір сәтті суреттей жазыпты. Ондағы араб, түрікмен, ағылшын тұқымынан шыққан небір жылқылардың барын, оларды қазақы биемен қосып, асыл тұқымды да түрлендіріп жатқанын сипаттайды. Тіпті кешкі 4-5 шамасында ат көруге келсе, атбегілерінің жылқылардың ұйқысын бұздырмағанын да жазыпты. Жылқы зауытының жұмысымен таныса келе, жылқылардың қазақ үшін қызмет етуі жайында да мәселе көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізген екен.

Бұл сапардан кейін Міржақып 1928 жылы Меркіге ат басын тіреген. Онда да қазақтың ірі байларымен жолыққаны белгілі. Оны Темірбек Қожекеевтің мақалаларынан білеміз. Ең қызығы осы кезеңдерде шамамен Тұрар Рысқұлов та Меркіге келген деседі. Ол жайын меркілік бай Бектен Медеровтің немересінің естелігінен білеміз.

Расында, бұл деректерді оқи отырып, «Міржақыпты адвокат Есмурзин неге дәл осы кезде шақырды? Неге Міржақып Әулиеатаның ірі байларын аралап, сұхбат құрды? Олар нені ақылдасты?» деген сауалдар жетегімен бұл сапарын сол кездегі саяси ахуалмен де байластырдым. Ол – қазақтың ірі байларын тәркілеу, ұлттың тірегін шайқау науқанының алды еді. 1927 жылдың қыркүйегінде Мәскеуде «Қазақтың ірі байларын тәркілеу» туралы құжатқа қол қойылған. Ол құжат бойынша қазақтың 105 ірі байының шаруашылығымен қоса, отбасын да тамырынан үзіп, шайқалуы тиіс еді. Бұл саяси ойынның басы шынында сонау 1925 жылдан тамыр тартатынын тарихшылар біледі. Алайда Міржақыптың тура осы мәселемен Әулиеатаға келгені туралы нақты айтылмайды. Тек сол заманғы құжаттардағы деректерді пайымдасаң, ойыңа ой ілінеді.

Назым ҚОЖАМАР,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.