345 миллион теңге айыппұл заңсыз салынған. Кім кінәлі?
Тараз қаласында ондаған мың жүргізуші заңсыз түрде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жүздеген миллион теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Бұл дерек қоғамда үлкен резонанс туғызды. Себебі мәселе жекелеген бір-екі оқиғада емес, мыңдаған азаматтың құқығын бұзған жүйелі қателікте болып отыр.
Прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде айыппұлдардың заң талаптарын сақтамай салынғаны анықталды. Ресми мәліметке сәйкес, бір ғана нүктеде 32260 әкімшілік хаттама рәсімделіп, жалпы сомасы 345 349 309 теңге өндірілген. Бұл – жай статистика емес, бұл – мыңдаған отбасының қалтасынан шыққан қаражат.
Даудың басы Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесі бойында орнатылған жылдамдықты сағатына 40 шақырымға дейін шектейтін жол белгісінен басталған. Аталған учаскеде бейнебақылау камералары жылдамдықты тіркеп, жүргізушілерге автоматты түрде айыппұл қаулылары жіберіліп отырған. Көпшілік белгі заңсыз орнатылғанын білмей, айыппұлды уақытылы төлеп келген.
Бұл мәселеге алғаш болып күмән келтірген – қала тұрғыны Рүстембек Өмірзахов. Ол жол белгісінің заңдылығын сұрап, прокуратураға жүгінген. Тексеру барысында жылдамдықты шектеу қажетті келісімдерсіз және жол жағдайына тиісті талдау жасалмай енгізілгені белгілі болды. Яғни жүргізушілер заң талаптарын бұза отырып қабылданған шешім негізінде жазаланған.
Кейіннен аталған жол белгісі алынып тасталғанымен, бұған дейін шығарылған қаулылардың күші жойылмаған. Соның салдарынан айыппұл төлеген азаматтардың қаражаты қайтарылмаған, ал төлемегендері әлі күнге дейін борышкер санатында қалып отыр.
Тағы бір тараздық тұрғын – Светлана Бояркина – бұл айыппұлды сотта даулауға бел буған. Нәтижесінде сот жол қозғалысын ұйымдастыру кезінде заң талаптарының сақталмағанын атап көрсетіп, талапкердің пайдасына шешім шығарған. Ең қызығы, полиция бұл шешімге шағымданбаған. Демек, соттың ұйғарымы заңсыздық болғанын нақты дәлелдеп отыр.
Алайда сотта жеңіске жеткендер санаулы ғана. Қалған ондаған мың жүргізуші айыппұлдың заңсыз салынғанын білмей, әлі күнге дейін құқық бұзушы ретінде тіркеліп тұр. Бұл жағдай құқықтық сауаттылық мәселесін де алға шығарады. Егер бір азамат батылдық танытып, мәселені көтермегенде, заңсыз өндіріп алу жалғаса беруі мүмкін еді.
Қазір жауапкершілік мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Полиция департаменті жол белгілерін орнатумен әкімдік айналысатынын мәлімдеді. Ал әкімдік бұл жұмыстар полицияның нұсқамасы негізінде жүргізілетінін алға тартады. Сонда жүздеген миллион теңге үшін нақты кім жауап береді? Заңсыз өндірілген қаражат жүргізушілерге қайтарыла ма?
Бұл сұрақтарға нақты жауап беретін уақыт жетті. Өйткені мәселе тек 345 миллион теңгеде емес. Мәселе – азаматтардың мемлекетке деген сенімінде. Егер заң талаптары сақталмаса, ал оның салдары қарапайым халықтың қалтасына түссе, бұл қоғам үшін аса қауіпті үрдіс.
Құқықтық мемлекетте әрбір шешім заң аясында қабылдануы тиіс. Ал заң бұзылған жағдайда жауапкершілік нақты айқындалуы қажет. Тараздағы бұл жағдай – бақылау мен жауапкершілік жүйесін қайта қарауды талап ететін маңызды дабыл.
Мақпал СҮЙІНБАЙ