Биылғы егіс науқанына қанша қаржы бөлінеді?
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында Мемлекет басшысы қойған міндеттер ескеріле отырып, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.
Үкімет басшысы биылғы 10 ақпанда өткен кеңейтілген отырыста Президент берген тапсырмалар аясында аграрлық маусымды сапалы өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар қамтамасыз етілгенін атап өтті. «Егін егу және күзгі жиын-терін жұмыстарын қаржыландыру көлемін былтырғыдай 1 триллион теңге деңгейінде қалдырдық. Оның ішінде техниканы лизингке алуға 300 миллиард теңге қаралған. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында үшінші жыл қатарынан қомақты қаражат бөлінуде. Фермерлер үшін жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна жанармай бөлу көзделіп отыр», – деді Олжас Бектенов.
Энергетика министрлігінің көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының шекті жеңілдікті бағасын уақытылы бекіту қажеттігі атап өтілді. Ведомствоға сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктерімен бірлесіп, арзандатылған отынның тиісті көлемде жеткізілуін қатаң бақылауға алу тапсырылды. Әкімдіктер бір апта ішінде өңірлік операторлар туралы толық және өзекті мәліметтерді ұсынуы қажет. Бөлінген жанар-жағармайдың талан-таражға түсуіне жол берген тұлғаларға қатысты құқық қорғау органдары барынша қатаң шаралар қабылдауы керек. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне ерекше назар аударылып, қолдау жауапкершілігі жоғары әрі жұмысына адал диқандарға ғана көрсетілуге тиіс. Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы биыл да жалғасуы қажет. Көбірек табыс әкелетін, әсіресе экспортқа шығатын және нарықта жоғары сұранысқа ие дақылдардың егіс алқаптарын кеңейтуге ерекше назар аудару керек. Егін егу кезінде агротехнология талаптарын қатаң сақтап, тыңайтқыштарды уақытылы себу және өсімдіктерді зиянкестерден қорғау құралдарын қолдану қажет, бұл шаралар болашақ егіннің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторлары болмақ. Биыл тыңайтқыштарды себу жоспары ғылыми негізі бар норманың 73 пайызынан астамын немесе 2,3 миллион тоннаны құрайды. Ауыл шаруашылығы және Өнеркәсіп министрліктері егіншілерді қажетті көлемде сапалы әрі қолжетімді тыңайтқыштармен қамтамасыз етуі қажет. Бұл ретте өзіміздің отандық өндірістің тыңайтқыштарына басымдық берілуге тиіс.
Өзекті мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы техникасының әзірлігі. Ол бүгінге шамамен 80 пайызды құрап отыр. Жаппай егіс жұмыстары басталғанша бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізу тапсырылды. Әкімдіктер цифрлық технологияларды барынша пайдалана отырып, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ озық ғылыми тәсілдерді қолдана отырып, шаруалардың құрғақшылыққа төзімді технологияларға көшуі бойынша жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын жалғастыруы қажет.
Жиында Премьер-министр бірқатар тапсырма берді. Алғашқысы – несие алу үшін қажетті анықтамаларды қағаз түрінде тапсырмай, цифрлы нұсқаға көшу. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, диқандарға тиімді әрі ашық мемлекеттік қолдау көрсету үшін жеңілдетілген несие берудің техникалық рәсімін оңайлатып, оны цифрлық форматқа ауыстыру тапсырылды. Келесі тапсырма – арзандатылған отынның жеткізілуін бақылау. Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдіктері арзандатылған отынның тиісті көлемде жеткізілуін қатаң бақылауға алуы тиіс. Әкімдіктер бір апта ішінде өңірлік операторлар туралы толық және өзекті мәліметтерді ұсынып, құқық қорғау органдары бөлінген жанар-жағармайдың талан-таражға түсуіне жол берген тұлғаларға қатысты барынша қатаң шаралар қабылдауы қажет. Вегетациялық кезеңде егінге қажетті сумен үздіксіз қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандырып, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керек. Солтүстік және шығыс өңірлердің әкімдіктері қар тоқтату және су қорын жинау шараларын жүргізуі қажет. Ал ауа райының өзгеруіне жедел ден қою бойынша Экология министрлігіне егін егу мерзімдерін алдын ала жоспарлау және ауа райының өзгеруіне жедел ден қойып, шаруаларға метеорологиялық болжамдарды уақытылы беру туралы тапсырма берілді. Облыс әкімдіктеріне егін егу жұмыстарын жүргізу барысында агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту бойынша индикаторларға қол жеткізуді және орындауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Жоғары сұранысқа ие дақылдарға арналған алқаптар ұлғаяды
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы, жеңілдетілген несиелеу тетіктері және диқандарды ресурстармен қамтамасыз ету туралы айтты. «Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 2026 жылға егіс алқаптарының болжамды құрылымын бекітті.

Ол бидай алқаптарын қысқарту және жоғары сұранысқа ие дақылдардың үлесін ұлғайту бойынша әртараптандыру жұмыстарын жалғастыруға бағытталған. Биыл жалпы егістік аумағы шамамен 123,8 миллион гектарды құрайды, бұл өткен жылдан 180 мың гектарға көп. Соның ішінде майлы дақылдар алаңы 55 мың гектарға, азықтық дақылдар – 242 мың, арпа – 94 мың, ал ұйымдастырылған шаруашылықтардағы картоп алаңдары 10 мың гектарға көбейеді. Бұл ретте бидай егіс алаңы 125 мың гектарға қысқартылып, 12,1 миллион гектарды құрайды. Сонымен қатар Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, жүгеріні терең өңдейтін инвестициялық жобаларды шикізат базасымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты жүгері бойынша әртараптандыру индикаторларын қайта қарап, оның егіс алқаптарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Биыл жүгері алқаптарын 265 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 90 мың гектарға көп», – деген министр республиканың оңтүстік өңірлерінде күріш пен мақта сияқты суды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде екеніне тоқталды. Мысалы, су пайдалану лимиттеріне сәйкес күріш алаңы 20 мың гектарға қысқартылады. Мақтаның егіс алаңы 162,4 мың гектарды құрап, оның ішінде тамшылатып суару алаңдары 29,8 мың гектарға ұлғаяды. Ал дәстүрлі суару әдістері қолданылатын алаңдар 12 мың гектарға қысқарады. Жоғарыда аталған егіс алқаптарының құрылымы ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін қажетті өнім алуға мүмкіндік береді. 2026 жылға ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптарының құрылымын және әртараптандыру бойынша жаңа индикаторларды бекіту ұсынылады.
Баяндамашының айтуынша биылғы егін егу және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беруге 700 миллиард теңге бағыттау жоспарлануда. Ерте қаржыландырудың арқасында шаруалар қажетті көлемдегі сапалы тұқымдарды, минералдық тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, сондай-ақ жанар-жағармай материалдары мен техниканы алдын ала және қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Егер 2025 жылғы егіс науқанына ерте қаржыландыру 2024 жылдың қараша айының соңында басталған болса, 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінімдерді қабылдау өткен жылдың қазан айында басталды. Осының нәтижесінде, бүгінгі күні шамамен 1900 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 200 миллиард теңге сомасына қаржыландырылған, бұл жалпы қаржыландыру көлемінің шамамен 27 пайызын құрайды. Сонымен қатар «Даму» қоры арқылы кепілдік беру тетігі бойынша егін егу және егін жинау жұмыстары кезінде берілетін қарыздар көлемін 300 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта 86 миллиард теңге көлеміндегі кредиттерге кепілдік берілді. Сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру үшін кемінде 300 миллиард теңге қарастырылатын болады.
Шаруаларды тұқымдық материалмен қамтамасыз ету және оны себудің сапасын тексеру мониторингіне ерекше көңіл бөлінуде. Облыстар әкімдіктерінің мәліметі бойынша, тұқым дайындау толық көлемде қамтамасыз етіліп, 2,3 миллион тонна тұқым дайындалған. Бүгінгі күні 1,6 миллион тонна тұқымның сапасына сараптама жүргізілді, оның нәтижесі бойынша тұқымдардың 99 пайызы кондициялық болып танылып, себу стандартының бірінші және екінші сыныптарына сәйкес келеді. Тұқымды жаппай тексеру сәуір айының ортасына дейін аяқталмақ. Тұқым сапасын қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдаудың рөлі ерекше. 15 ақпаннан бастап тұқымды субсидиялаудың жаңа тетігі күшіне енді, ол отандық тұқым шаруашылығы субъектілерін қолдауға бағытталған.
Ведомство басшысы осы ретте фермерлермен тыңайтқыш жеткізу бойынша келісімшарт жасау жұмыстарын жандандыру керектігіне тоқталды. Қазіргі нарық талаптарына және климаттық ерекшеліктерге сәйкес келетін жоғары өнімді, құрғақшылыққа төзімді және жоғары сұранысқа ие дақылдарға көшу арқылы егіс алқаптарын ғылыми негізде әртараптандыру мәселесіне бірінші кезекте мән беру қажет. Көктемгі науқанды өткізу барысын министрлік ерекше бақылауда ұстап отыр. Барлық өзекті мәселелер мүдделі тараптарды тарта отырып, министрліктің Жедел штабының отырыстарында қаралып, шешілетін болады.
Суды тұтыну лимиттері бекітілді
Су ресурстары және ирригация министрлігі алдағы вегетациялық кезеңге дайындықтың кешенді жоспарын ұсынды. Үкімет отырысында оңтүстік өңірлердегі диқандардың мұқтаждықтарын қамтамасыз ету, басқарудың цифрлық құралдарын енгізу және ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Нұржан Нұржігітов баяндады. Ведомство басшысының сөзінше, өткен жылдан бастап Су ресурстары және ирригация министрлігі алты айға дейінгі мерзімге болжам жасауға мүмкіндік беретін Talsim-NG гидрологиялық моделін бейімдеу жұмыстарын жүргізуде. Гидрологиялық модельдің есептеулеріне сәйкес, Сырдария және Талас өзендерінің бассейндерінде су мөлшері көпжылдық нормадан төмен болады деп күтілуде. Сырдария өзенінің жекелеген жанама салаларының учаскелерінде, сондай-ақ Шу өзенінің бассейнінде ғана су мөлшері норма шегінде болжануда.
Биылғы жылғы су шаруашылығы жағдайы 2025 жылғы құрғақшылықтың салдарының әсерінен қалыптасып отыр. Қазіргі уақытта модель деректері бойынша Сырдария, Шу, Талас және Іле өзендерінің бассейндерінде су ағыны қалыптасатын аймақта ылғал қоры біркелкі бөлінбеген. Негізгі ылғал қоры орта таулы аймақта қалыптасқан, ал биік таулы аймақта оның көлемі көпжылдық нормадан төмен. Көктемнің басында ауа температурасының жоғары болуы және жауын-шашынның басым түсуі жағдайында су көлемі артады деп күтілуде, ал жазғы кезеңде өзендердің ағыны нормадан төмен болуы ықтимал. Осылайша 2026 жылғы вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде, әсіресе Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндерінде тәуекелдермен өтуі мүмкін.
Министрдің сөзінше, Шу-Талас бассейні бойынша Киров су қоймасының толмау қауіпі бар. Аталған су қоймасы Жамбыл облысын ауызсу және суармалы сумен жабдықтаудың негізгі көзі болып саналады. Бүгінгі күні оның көлемі 314 миллион текшеметрді құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден бір жарым есе төмен. 1 сәуірге қарай су қоймасындағы су көлемі шамамен 400-410 миллион текшеметр болады деп күтілуде. Су бөлу үлестерін ескергенде, бұл Қазақстан үшін небәрі 285 миллион текшеметр су алуға мүмкіндік береді. Ал ең төменгі қажеттілік 400 миллион текшеметрді құрайды.
Ерекше алаңдаушылық туғызатыны – негізінен ішкі су көздері есебінен толатын су қоймаларының толу деңгейі. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Бөген су қоймасында 278 миллион текшеметр су жиналған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 46 миллион текшеметрге аз. Сондай-ақ Бадам су қоймасының толуы 32 миллион текшеметрді құрайды, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18 миллион текшеметрге кем. Министрдің сөзінше осыған ұқсас жағдай Жамбыл облысындағы Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоңыз, Қақпатас, Жартас және Бүркітті су қоймаларында да қалыптасып отыр. Осыған байланысты және өткен жылы аталған облыстарда вегетациялық кезең күрделі жағдайда өткенін ескере отырып, екі облыстың әкімдіктері ылғалды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын шектеу бойынша шаралар қабылдауы қажет.
Бір мезгілде оңтүстіктің 5 облысында жалпы ұзындығы 986 шақырымды құрайтын 103 каналды реконструкциялау мен автоматтандыру бойынша 96 жобаны жүзеге асыру басталады. Сонымен бірге қалыптасқан жағдайда су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізу және ылғалсүйгіш ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын қысқарту қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты 2025 жылғы желтоқсанда Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, 2026 жылғы қаңтарда Алматы және Жетісу облыстарында 2026 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңестер өткізілді. Аталған кеңестерде су тұтыну лимиттерін қатаң сақтау, ылғалсүйгіш дақылдардың егіс алқаптарын одан әрі қысқарту, егіс құрылымын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын өсімдік шаруашылығының негізгі элементі ретінде міндетті түрде енгізу қажеттілігі атап өтілді. Осы кеңестердің қорытындысы бойынша жұмыс тобы құрылып, Жамбыл облысы үшін 1,2 миллиард текшеметр, Қызылорда облысы – 3,2 миллиард, Алматы облысы – 2,1 миллиард, Жетісу облысы – 1,8 миллиард, Түркістан облысы үшін 3,8 миллиард текшеметр көлемінде су пайдалану лимиттерін белгілеу туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар қалыптасып отырған су шаруашылығы жағдайы ескеріле отырып, Жамбыл облысы бойынша су пайдалану лимиті азайту жағына қарай қайта қаралуда және 2026 жылғы 1 наурызға дейін облыс әкімдігіне жеткізілетін болады.
Өңір әкімдері көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын баяндады
Үкімет отырысында Қостанай, Түркістан, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл сияқты астық егетін негізгі облыстардың басшылары хабарлама жасады. Мәселен, Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мерзімінде басталса, Қызылордада қысқартылған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін дақылдар егу көзделуде. Павлодар облысында көктемгі егін егу жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникасы 100 пайыз дайын. Қостанай облысының әкімі шаруашылықтардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Көктемгі егін егу жұмыстарына Жамбыл облысында 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы дайындалды. Өңір диқандары көктемгі егін егу жұмыстары үшін барлық қажетті тауарлық және материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баяндады.

Аймақ басшысының айтуынша, шаруалар көктемгі дала жұмыстарына қажетті тауарлық-материалдық қажеттіліктермен қамтылған. Қажетті 58 мың тонна тұқым толығымен дайындалып, қоймаларға құйылды. Жоғары өнім алуға тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды ендіру ерекше назарда. Осы жылы 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарлануда. 2026 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардан түскен өтінімдерге сәйкес 25,1 мың тонна дизель отыны қалыптастырылды. Көктемгі дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылуға дайын. 2026 жылы «Кең дала – 2» бағдарламасы арқылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 7 миллиард теңге қарастырылды. Бүгінде 101 шаруаға 2,8 миллиард теңге 5 пайыздық несие берілді.
Сонымен қатар 2027 жылы қытайлық Zhongkai Kazakhstan компаниясының жаңа қант зауытын іске қосу көзделуде. Аталған зауыт жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы және өңірдегі қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз ету қатаң бақылауда. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңір әкімдеріне көктемгі егіс жұмыстарының уақытылы жүргізілуін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Дайындаған
Жүрсінгүл ЖАҚЫП.