Құқық

Табиғи құбылыс па, әлде жауапсыздық па?

Тараз қалалық сотында қаралған азаматтық іс тұрғындардың қауіпсіздігі, коммуналдық қызметтердің міндеті және мемлекеттік органның жауапкершілігі мәселесін кеңінен талқылауға негіз болды. Қаралған даудың өзегі – жол жиегінде өсіп тұрған ағаштың құлауынан автокөлікке келтірілген материалдық шығынды кім өтеуге тиіс деген сауал.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 7 наурыз күні сағат 16:23 шамасында Тараз қаласы Асанбай Асқаров көшесі мен Абай даңғылының қиылысында орналасқан бағдаршамның тұсында күтпеген оқиға орын алған. Бағдаршамның қызыл түсіне тоқтап тұрған «HYUNDAI I 20» маркалы автокөліктің үстіне жол жиегіндегі қара ағаштың ірі бұтағы құлап, көлікке айтарлықтай зақым келтірілген. Оқиға орнында түсірілген бейнежазбалар мен фотоматериалдар ағаштың тамырымен қоса аударылғанын көрсетті.

Автокөлік иесі Еркебулан Сейдильдаев келтірілген залалды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Талап қоюшының айтуынша, ағаштың құлауы кездейсоқтық қана емес, жауапты мекеменің жасыл екпелерді күтіпұстау міндеттерін тиісінше орындамауының салдары. Ол соттан 1066000 теңге көлеміндегі материалдық шығынды, 10660 теңге мемлекеттік бажды, 60000 теңге бағалау шығындарын және 100000 теңге көлеміндегі өкілдің қызметіне жұмсалған қаражатты өндіруді сұрады. Сот талқылауы барысында істің барлық мән-жайы жан-жақты зерттелді. Аталған автокөлік

2023 жылы автонесие арқылы сатып алынғаны, қазіргі уақытта банк кепілінде тұрғаны анықталды. Көлік иесінің азаматтыққұқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандыру полисімен қамтылғанымен, сақтандыру компаниясы ағаштың құлауын сақтандыру жағдайына жатқызбаған. Осылайша, залалды өтеу мәселесі сот тәртібімен шешілетін болды. Іс бойынша үшінші тұлғалар да тартылды. Мердігер ұйым санитарлық тазалау жұмыстары бойынша нақты тапсырма болмағанын мәлімдеді. Сонымен қатар сотқа ұсынылған құжаттарда оқиға болған аумақта қураған бұтақтарды кесу немесе ағаштарға күтім жасау жөнінде уақтылы шаралар қабылданбағаны көрсетілді. Сот отырысы барысында оқиға орнына көшпелі қарау ұйымдастырылды.

Мамандардың қатысуымен ағаштың орналасқан жері өлшеніп, оның мемлекеттік меншікке жататын жер телімінде өскені анықталды. Бұл жайт жасыл желектерді күтіп-баптау міндеті жергілікті атқарушы органға жүктелетінін нақтылай түсті. Жауапкер тарап өз уәжінде оқиға болған күні желдің жылдамдығы секундына 31 метрге жеткенін алға тартып, төтенше жағдай ретінде бағалауды сұрады. Алайда сот табиғи құбылыстың орын алуы жауапты органды толықтай жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті. Өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес, уәкілетті орган жасыл екпелердің жай-күйін бақылауға, қауіпті ағаштар мен бұтақтарды анықтауға және санитарлық кесу жұмыстарын ұйымдастыруға міндетті.

Сот азаматтық заңнама нормаларына сүйене отырып, зиян келтірілген жағдайда оны өтеу міндеті кінәлі тарапқа жүктелетінін көрсетті. Іс материалдары жауапкердің әрекетсіздігі мен келтірілген зиян арасындағы себепті байланысты дәлелдеді. Жауапкер тарап талап қоюшының кінәсін немесе өрескел абайсыздығын дәлелдей алмады. Сонымен қатар сот талап қоюшының көлікті жолдың рұқсат етілген бөлігінде, бағдаршамда тоқтап тұрған кезде зақым алғанын ескерді. Яғни, оның оқиғаның алдын алуға объективті мүмкіндігі болмаған. Тәуелсіз бағалау компаниясының есебіне сәйкес, автокөлікті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының нарықтық құны 1066000 теңгені құрады. Бұл сома тараптар тарапынан дауланбады және сот оны негізді деп таныды. Нәтижесінде сот талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Жауапкер мекемеден талап қоюшының пайдасына 1066000 теңге материалдық шығын, 10660 теңге мемлекеттік баж және 60000 теңге бағалау шығындары өндірілетін болды. Ал өкілдік шығындарға қатысты талап тиісті төлем құжаттарының ұсынылмауына байланысты қанағаттандырылмады.

Бұл іс тек жекелеген азаматтың дауын шешумен шектелмейді. Ол елді мекендердегі абаттандыру, жасыл желектердің күтімі және қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне қатысты құқықтық ұстанымды айқындайды. Қаланың көркін келтіретін ағаштар мен жасыл алқаптар тиісті бақылау мен күтім болмаған жағдайда қауіп көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан уәкілетті органдардың бұл бағыттағы жұмысы тек эстетикалық емес, ең алдымен қауіпсіздік сипатында болуы тиіс. Сот шешімі мемлекеттік органдардың өздеріне жүктелген функцияларды сапалы орындауы қажеттігін және азаматтардың мүліктік құқықтары заңмен қорғалатынын тағы бір мәрте көрсетті. Заң талаптары бәріне ортақ, ал жауапкершілік нақты әрі айқын болуы керек.

 

Айнұр РАЗДЫҚОВА

Тараз қалалық сотының судьясы.