«Арзан» дегеннің бағасы шынында арзан ба?
Бүгінгі таңда «Арзан» деген атаумен ашылған дүкендер өңірдің әр бұрышынан қаптап кетті. Көшенің бойы, базар маңы, тіпті шағын ауылдардың өзінде «Арзан маркет», «Төмен баға», «Халықтық баға» деген жарнамалар көзге түседі. Атауы үміт сыйлайды. Алайда есігін ашып кірген сәтте сол үміттің көбіне ақталмай қалатыны жасырын емес. Бағасы «арзан» емес, кейде тіпті кәдімгі супермаркеттен де қымбат. Сонда біз кімді алдап жүрміз? Тұтынушыны ма, әлде өзімізді ме?
Бұл құбылыс кездейсоқ емес. Экономистер мұны «маркетингтік иллюзия» деп атайды. Яғни, атау арқылы тұтынушының санасында белгілі бір түсінік қалыптастыру. Адам психологиясы қарапайым: «арзан» деген сөзді көрсе, ол жерде баға төмен болады деп ойлайды. Бірақ заң жүзінде дүкен атауы бағаға тікелей жауап бермейді. Осы олқылықты пайдаланған кәсіпкерлер тұтынушы сенімін сауда құралына айналдырып отыр. Ең өкініштісі – мұндай дүкендер көбіне әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға бағытталған. Зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, күнкөріс деңгейі төмен азаматтар «арзан» деген атауға сеніп, сол жерден сауда жасайды. Бірақ нәтижесінде артық төлем жасайды. Бұл – тек қаржылық мәселе емес, бұл – әлеуметтік әділеттілікке қатысты сұрақ.
Бағаның жоғары болуы кейде логистикамен, жалдау ақысының қымбаттығымен, импортқа тәуелділікпен түсіндіріліп жатады. Бірақ дәл сол жағдайда неге бір дүкен өз бағасын ашық, шынайы ұсынып отыр да, екіншісі арзан деген атаумен қымбат тауар сатады? Демек мәселе тек экономикада емес, ниетте. Тағы бір алаңдататын жайт – тұтынушының құқықтық сауаттылығының төмендігі. Көп жағдайда біз бағаны салыстырмаймыз, чек талап етпейміз, шағымдануға ерінеміз.
«Бәрі бірдей ғой» деген немқұрайдылық жалған маркетингтің тамыр жаюына жол ашып отыр. Ал нарықта сұраныс бар жерде ұсыныс та тоқтамайды. Заң тұрғысынан алғанда, дүкен атауы үшін нақты жауапкершілік қарастырылмағанымен, тұтынушыны адастыру фактісі дәлелденсе, бұл – әділетсіз сауда тәжірибесіне жатады. Алайда оны дәлелдеу қиын, ал бақылау әлсіз. Сондықтан бұл мәселе тек тексеруші органдардың емес, қоғамның ортақ талқысына айналуы тиіс. Біз «арзан» деген атауға алданып жүре береміз бе, әлде саналы тұтынушы деңгейіне көтерілеміз бе? Бұл сұрақ әрқайсымызға қатысты.
Бағаны салыстыру, сапаны талап ету, әділетсіздікке көз жұма қарамау – нарықты да, сана-сезімді де өзгертетін негізгі күш. Арзан деген сөздің қадірі кетпес үшін, ең алдымен адалдық керек. Атауда емес, бағасында. Жарнамада емес, шындықта. Әйтпе се «арзан» деген дүкен көп болғанымен, әділ сауда азая бермек.
Мақпал СҮЙІНБАЙ