Жаңғыртылған өрт сөндіру бөлімі
Облысқа жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов сенбі күні Мойынқұм ауылында жаңартылған өрт сөндіру бөлімін ашты. Бұл шара еліміздің өртке қарсы инфрақұрылымын кезең кезеңімен реновациялаудың бір бөлігі саналады.
Облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі, төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов, аудан әкімі Ермек Кәрентаев және ауыл тұрғындары қатысқан салтанатты жиында ТЖМ басшысы өрт сөндіру бөлімшелерін жаңғырту жұмыстары қызметкерлер үшін заманауи қызмет жағдайын жасауға және халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Облыс орталығынан шалғай жатқан аудандағы 1987 жылы салынған №18 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты араға шамамен 40 жыл салып, алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Жұмыс барысында ғимарат пен қызметтік үй-жайлар жаңғыртылып, инженерлік желілер мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері заманауи қауіпсіздік талаптарына сай толық жаңартылды.
Бүгінде аталған бөлімше ауданның 28 мыңнан астам тұрғынының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Онда газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, оқу сыныбы, заманауи тұрмыстық үй-жайлар, демалыс бөлмелері және техникаға арналған бокстар жабдықталған. Жеке құрамның дене даярлығын нығайту үшін заманауи талаптарға сай Batyr team спорт залы да бар. Министр жаңғыртылған бөлімшенің ашылу рәсімінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне жаңа өрт сөндіруқұтқару техникаларының кілтін табыстады. Олардың қатарында өтімділігі жоғары автокөліктер, автоцистерна, катер және күрделі жол мен климаттық жағдайларда жұмыс істеуге арналған вахталық автокөлік бар. Техникалар заманауи авариялық-құтқару құралдарымен, байланыс және навигация жүйелерімен жарақталған. Ол аудандағы төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге және олардың салдарын жою жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетсек, бүгінде аудандық өрт сөндіру бөлімінде 22 қызметкер еңбек етеді. Олар өткен жылы 43 өрт пен 80 жану оқиғасына шақыртуға шығып, нәтижесінде 10 адам құтқарылды. Жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайлар министрі, генераллейтенант Шыңғыс Әрінов өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің жаңартылған Дағдарыс орталығының жұмысымен де танысты. Ведомство басшысына жоспарлау және жедел басқару орталығының операциялық залы көрсетілді. Ол заманауи жабдықтармен және цифрлық мониторинг жүйелерімен жарақталған.
Жаңартылған инфрақұрылым тұрақты байланысты, жедел ақпарат алмасуды және басқару шешімдерін нақты уақыт режимінде қабылдауды қамтамасыз етеді. Дағдарыс орталығында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған, қызметкерлердің үздіксіз жұмыс істеуі мен ықтимал қауіптерге жылдам әрекет етуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Қазіргі таңда еліміздің 20 өңірінде төтенше жағдайлар департаменттері базасында осындай орталықтар жұмыс істейді. Бұл республика бойынша төтенше жағдайларға әрекет етуге дайындық деңгейін арттырып, басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сапар барысында жеке құраммен жұмыс кеңесін өткізген министр өңірдегі азаматтық қорғау жүйесін одан әрі дамыту, материалдықтехникалық базаны нығайту және жедел әрекет ету қызметтерінің жұмысына заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылап, бөлімшелердің жұмыс тиімділігін арттыруға және облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП